Городская общественно-политическая газета

Балғындар бақытқа бөленген сәт

0 350

№3 мектеп-лицейінде қала әкімінің жаңа жылдық қайырымдылық шыршасы өтіп, онда Тараздағы 60 мектептен көп балалы, ата-анасының қамқорлығынан тыс қалған және аз қамтамасыз етілген отбасының бақыт базарына, үкілі үмітіне айналған 100 бүлдіршін мерекелік сый-сияпатқа бөленді.


Арайлым Бақытжанқызы Суреттерді түсірген Ю.Ким

Қала әкімдігі мен қалалық мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Аяз Атаға арналған сиқырлы сыйлық» атты жаңа жылдық шырша қойылымы Ақшақар мен аққалалардың қонақтарды қарсы алуымен басталды. Шараға шаһар басшысы Ғалымжан Әбдірайымов пен орынбасары Кенжебек Олжабай, қала әкімдігі білім бөлімінің басшысы Мүбарак Жинақбаева, қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев қатысып, қаракөздердің қуанышымен бөлісті. Мерекелік кеште қала әкімі оқушылар мен бүлдіршіндерді Жаңа жылмен құттықтап, келер жылда да үлкен жетістіктерге жетулерін тіледі.
Іс-шараға қатысқан бүлдіршіндердің барлығы да оқуда оза шауып, үздік атанып жүрген тай-құлындар. Мереке мен қуаныштың әуенінен әсерленген балалардың шаттыққа толы, шарапаты мол жаңа жылдың жасыл да еңселі шыршасын қала басшысы жағып бергеннен кейін, ертегі кейіпкерлері мен бақытты сәттің басты көзайымына айналған Ақшақар Аяз Атаға сыйлық іздеді. Алдымен «Бақытты тролль елі» ортаға шығып, балалармен ертегі еліне саяхат жасады. Содан кейін «Шырша ойыншықтарының елі» Миранда мен Тэдди, қоян көжектері балаларға ең тәтті кәмпиттерді сыйға тартты. Ал «Ғажайыптар мен сиқыршылар елі» түрлі акробатикалық билерді бүлдіршіндермен бірге билеп, көпшілікті сиқыр әлемінің жетегіне елітті. «Сиқырлы дауыстар елі» болса, қазақ халқының көнеден келе жатқан музыкалық аспаптарын ортаға шығарды. Аяз Атаға әр ел өздерінің сыйлықтарын жасады. Сиқырлы аспаптар елі қазақтың қара домбырасын ортаға шығарып, Жаңа жылдың ең басты сыйлығы ретінде Аяз атаға алтын домбыра сыйлады. Ал ортаға барлық балалар дауыстап шақырған мерекенің ең басты кейіпкерлері Аяз Ата мен Ақшақар шанаға салынған сыйлықтарды қала әкімі Ғалымжан Райылұлы салтанатты түрде балаларға табыстады. Онда қыстық киімдер, мектеп құралдары салынған сөмке, түрлі тәттілер мен жұмсақ ойыншықтар салынған екен. Сый-сияпатқа бөленіп, сергек сеніммен әсерленген балалар қала әкімімен қол ұстасып, шыр айнала мереке биін билеп, алғыстарын жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.