Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Балғамен ұрып, дәретханада түнеуге мәжбүрлеген»: Алматылық әйел 7 жыл бойы туған қызын қорлап келген

0 1  878

Алматылық Диана Иванованы туған анасы 7 жасынан бастап соққыға жыққан. Дәретханада өмір сүруге мәжбүрлеп, түнде ұйқы, күндіз ас бермеген. Қолына түскен құралмен ұрып, тістерін, қолын сындырған. Анасы аяусыз қорлаған Диананың оқиғасын ресейлік «НТВ» арнасы көрсетті, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

«Қолына түскен құралды алып, ұратын. Алғаш рет әжем кеткенде қол көтерді. Кез-келген нәрсе үшін, сіңліме қарай алмай қалсам, үйді жинағаным ұнамаса, соққыға алатын», – дейді Диана.

Диана әкесінің кім екенін білмейді. Ол отбасында жалғыз бала емес. Әпкесі мен сіңлісі бар. Алайда анасы оларға тиіспеген. Бар өшін ортаншы қызынан алған. 16 жастағы қыз анасынан ғана емес, әжесінен де қорлық көрген.

«Орыс тілін оқымағаным үшін балдақпен ұрды. Ол кезде тек қазақ тілінде сөйлейтінмін, орысша білмейтінмін. Алматыда тұрдық», – деген Диана бұл оқиғадан кейін есін жоғалтып, ауруханада оянғанын айтады.

Анасы Диананы дәретханада тұруға мәжбүрлеген. Түнде ұйықтауға рұқсат бермепті. Көзі ілініп кеткенін байқаса, балғамен ұрған. Көршілері Диананың жағдайын көріп, біліп отырса да, құзырлы органдарға хабар бермеген. Қыздың айтуынша, анасы түрмеде отырып шыққандықтан, барлығы одан қорыққан.

Ал мектептегі ұстаздары сұрақтың астына алғанда, анасы жалған сөйлеп, кейіннен қызды оқуға жібермей қойыпты.

«Маған не істегенін түсінген соң, үйде спиртпен, қолда бар нәрселермен емдей бастады. Көгерген жерлерді жазу үшін мені ыстық суға салды. Күні бойы жату керек деп ғаламтордан оқыпты. Маған тек су беретін. Тек көңіл-күйі жақсы болғанда, тамақ беретін», – деп еске алады Диана.

Көрсеткен қорлығы аздай, анасы туған қызын ер кісілерге сатпақ болыпты. Бұл туралы Диананың өзі айтты. Оны бұл қорлықтан Надежда Борсукова құтқарды.

«Менің ағам кезінде Диананың анасымен бірге тұрған. Екеуінің бір қызы бар. Диананың әпкесі Оксана менің жиенім. Өзімнің екі ұлым бар, қыз асырап алғым келетін. Солай деп бір танысыма айтқанымда, ол Диананың жағдайын жеткізді», – деп еске алады Надежда.

Надежда Диананы асырап алып, оның анасын соттау үшін қамқоршылық органдарына, полицияға, БАҚ өкілдеріне жүгінген. Ақырында 1,5 жыл дегенде қызды өз қамқорлығына алған.

Қызды тексеру барысында оның жамбас сүйектерінің жоқ екені, бүйректерінің зақымдалғаны анықталған. Диананың басында 81 тыртық бар. Ол аз десеңіз, балдақпен ұрған кезде, қыздың жыныс мүшесі жыртылған. Аяқ-қолдары бірнеше рет сынған, бір сөзбен айтқанда, денесінің сау-тамтығы қалмаған.

Бүгінде 16 жастағы Диана денсаулық жағдайына байланысты мектепке бармайды. Алған соққыларының әсерінен қыздың есте сақтау қабілеті нашарлаған, басы ауырады, ұзақ уақыт сабақта отыра алмайды.
Асырап алған анасы оған бар мейірімін төгіп, төзімділікпен үйде оқытуда.

Эфирге Диананың әжесі келіп, оны балдақпен ұрғанын жоққа шығарды. Көзіне жас алған әйел немересінен кешірім сұрады. Ал Дианаға жылдар бойы қорлық көрсеткен анасы Анна 2018 жылы ата-ана құқығынан айырылып, 6 жылға сотталған. Сарапшылар мұндай айуандық жасаған анаға 6 жыл тым аз деп санайды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.