Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бақыт балалы үйге қонады

0 370

Көп балалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Қазір көп балалы отбасын көрсек, таңдай қағып, таңқалатынымыз бар. Көпшіліктің көкейінде «Оның бәрін қалай асырайды?» деген сауал туындайды. Артынша «Әр баланың өз несібесі бар» деп жатамыз, десе де…

Арайлым Шабденова

Суреттерді түсірген К.Бердецкий

Күні кеше Астана қаласында орын алған қайғылы оқиға көптеген мәселенің бетін ашып, жабық тұрған «жараның» бетін тырнағандай болды. Еліміздің әр жерінен көпбалалы аналар митингіге шығып, өздерінің талаптарын билікке жеткізуде. Оның басым көпшілігі әлеуметтік жәрдемақыға көңілі толмайтын көпбалалы аналар.
Қалалық «Нұр Отан» партиясында қоғамдық қабылдау жүргізген қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Мырза-Ғалидың қабылдауына келген Нұржанат көп балалы ана. Жалғыз басты ана жұмыспен қамту орталығына бірнеше рет жұмыс сұрап қайрылғанымен ол мекемеден ешқандай қайыр болмапты. Бүгінде екі бөлмелі «времянканы» жалдап отырған ананың хал-жағдайын сұрап, «Jambyl-Taraz» газетінің ұжымы қажетті азық-түлік пакетін алып барған еді.
– Бұл үйді 20 мың теңгеге жалдап тұрамын. Коммуналдық төлемдер 10 мың теңге болады. 2014 жылы үй кезегіне 4713-ші болып тұрғанмын. Бес жылда 4372-шіге жетіппін. Осы кезекте жылжитын болса, мен үйді 90 жасқа, ұлым 70 жасқа келгенде алады екенмін. Тіпті сөз етудің өзі күлкілі. Ал жер кезегіне 2007 жылы тұрғанмын. Ол жақтан да хабар жоқ. Жасыратыны жоқ, жолдасым төрт баламен тастап кетті. Үлкені 14-те, кенжем 7-де. Жұмыссыз отырмын. Мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырып жүргеніме қанша уақыт болды. Ұрысып, таласып жүріп жалғыз басты аналарға төленетін жәрдемақыны айына 20 мың, әр балаға 5 мың теңгеден жасап берді. Оның өзін 6-ақ айға жасады. Күні ертең оның да уақыты бітеді. Ол бітсе балаларымды қалай жеткіземін, – дейді Нұржанат Тастанбекова.


Иә, төрт баланың анасы елден қалмай жұмыс жасайын, балаларымды аштан қалдырмайын деп қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып жұмыс сұрайды. Алдымен олар оны Байзақ ауданындағы «Рола» ЖШС-не жұмысқа жібереді. «Мен макарон өнімдерін өңдейтін цехта 1 айдан аса жұмыс істедім. Мұнда келген басты себебім, 10 күннен кейін осында жұмыс істейді деген анықтаманы алып, жұмыспен қамту бөліміндегі мамандарға алып барып, жәрдемақы алу еді. Арада 1 ай өткеннен кейін басшылыққа кіріп, жолдама арқылы келгенімді, маған анықтама керек екендігін жеткізгенде, «біз 3 айсыз ондай анықтама бермейміз. Оның үстіне егер жұмысыңыз ұнаса ғана, сізбен келісімшарт жасасамыз» деді. Мен бұл жерден еш қайыр болмайтынын біліп, жұмыс істеген уақыт аралығындағы жалақымды сұрамақ болдым. Маған «тегін беріледі» деген түскі тамақтың ақшасын ұстап қалған мекеме 42 мыңның орнына қолыма 28 мың теңге ұстатып, шығарып салды» – дейді көпбалалы ана.


Содан жұмыспен қамту орталығына қайта барған Нұржанатты, ондағылар қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасына жібереді. Мұндағылар: «Бізге әскерден қашып жүрген жеткіншектермен осында жетелеп әкелетін ер адам керек. Сіз жұмысқа жарамайсыз» – деп шығарып салады. Салы суға кеткен Нұржанат мекемеге қайта қайрылып, ондағылар оны «Жүрек» клиникасына еден жуушы ретінде жібереді. Жолдаманы алып, жекеменшік клиникаға келген Нұржанатты: «Сіздің бала-шағаңыз көп екен. Олар бүгін болмаса, ертең ауырады. Олар сырқаттанып, сіз жұмысқа шықпаған күндері біз ақша төлемейміз» деп шығарып салған. Содан ақыры Нұржанат кондуктор болуға келіседі.


– Маған мекеме қызметкерлері жұмыс таптық дегенде төбем көкке жетті. Сөйтіп автопаркке барғанда, онда таңғы 5-те жұмысқа бару керектігін естіп, қуанышым су сепкендей басылды. Мен саяжайдан автопаркке жету үшін таңғы 4-те бала-шағамды тастап шығуым керек. Қаланың шеті болғандықтан, мұнда такси де сирек жүреді. Оның бағасы да қымбат. Оның үстіне ащы суға сылқия тойған қаңғыбастар мен қабаған иттерден келетін қауіп те жоқ емес, – дейді Нұржанат Тастанбекова.


Күн көрістің қамымен Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінде көпбалалы ана келісім шартсыз 1 ай аспазшы болып жұмыс жасаған. Екі қолға бір күрек болса деген ананың жанайқайын естір құлақ болса дейді Нұржанат. Ал жұмыспен қамту орталығы алдағы 3 айда уақытша біліктілікті арттыру бойынша жұмыспен қамтуға кезекке қойыпты. Ол кезек келгенше, жалғызбасты ана балаларының күнделікті тамағы мен төлемақыны қайдан аларын білмей дал. Бұл тек бір ананың жанайқайы. Ал қала бойынша мұндай аналар қаншама десеңші?!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.