Қалалық қоғамдық-саяси газет

Берекелі отбасы – болашақ кепілі

0 239

Саналы ұрпақ тәрбиелеу әр ата-ананың парызы һәм міндеті. Бүгінгі нарық билік құрған заманда баланың тәрбиесін жіті қадағаламақ түгілі, күнделікті ас-ауқатын таба алмай жүрген әке-шешенің қатары көбейіп барады.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Күрмеуі қиын мәселенің байыбына барып, әріден зерттеп, шайқалуға шақ қалған шаңырақтардың бәз баяғы берекесін қалпына келтіру бағытында былтырғы оқу жылында Жамбыл облысындағы мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар «Отбасы және мектеп» пилоттық жобасы аясында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Меморандум аясында Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған сот ғимаратында дөңгелек үстел жиыны өтті. Аталмыш құжатқа қол қойған тараптар пилоттық жобаны Сағадат Нұрмағанбетов атындағы №10 мектептің оқушыларына арнайы жүргізіп, көптеген мәселелердің басын ашып, кей отбасылардың жағдайын қадағалауға алған. Дөңгелек үстел басында бес баласымен жалғыз қалудың аз-ақ алдында тұрған, осы уақытқа дейін дау-жанжалдан көз ашпаған, неке туралы куәлік пен екі баласының құжаттарын жасауда қиындықтарға тап болған Егізбаевтар әулетіне қалалық АХАЖ бөлімінің маманы ресми түрде құжаттарын табыстап, некелерін қиды. Ювеналды соттың атынан ерлі-зайыптыларға неке жүзігі мен тұрмысқа қажетті заттар табыс етілді. Жобаны қолға алған тараптарға Егізбаевтар ризашылықтарын білдіріп, жанұя атынан алғыс айтты.


«Отбасы және Мектеп» пилоттық жобасын іске асыру мақсатында Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьялары, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдармен отбасының әлеуметтік-психологиялық қиындықтарын (тұрғын-жай, жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек мәселелерін шешу, психолог кеңесі, құжаттандыру және т.с.с.) шешу жөнінде алгоритм әзірленіп, өмірдің қиын жағдайларына тап болған ата-аналар мен балаларды оңалту жұмысы жүргізілген. Соттар және қызметкерлер тарапынан аталған тұлғалармен бірнеше рет кеңестер жүргізіліп, бірнеше отбасыға қорғаншылық тағайындау мәселесі қолға алынған. Сондай-ақ әкелік фактіні анықтау, ата-анасының қайтыс болуына байланысты жәрдемақы алу және жұмыспен қамту, кәмелетке толмағандарды құжаттандыру және 148 отбасының балалары мектептен тегін тамақтануы қарастырылып отыр. Сонымен қатар ата-аналарының баспанасы болмауына орай бірнеше кәмелетке толмаған балалар интернатқа орналастырылды.
– Комиссияның мобильдік тобы арнайы жұмыс жүргізіп, отбасында балаларына қамқоршылық заңды түрде рәсімделмеген және ата-анасынан айырылып, заңды қамқоршысыз қалған 10 бала анықталған.Оның ішінде бір ана екі баласын туыстарына табыстап, АҚШ-қа кеткен. Сондай-ақ, шұғыл көмекті қажет ететін, қиын жағдайға тап болған 9 отбасын бақылауда ұстап отырмыз. Ол отбасылардағы балаларға ата-аналары білім алуға, дамуға, өмір сүруге қажетті ешқандай жағдай жасай алмай отыр. Комиссия ол жанұялардың мұндай жағдайға қалай душар болғанын анықтады. Көбісінің құжаты жоқ. Мұнымен қоса аса ауыр, бала үшін өмір сүру қаупі жоғары 2 отбасының жағдайы белгілі болды. Олардың бірінде әкесі маскүнемдікке салынған, анасының денсаулығында психикалық ауытқу бар. Психологтардың жүргізген жұмысы нәтижесінде 6 сыныпта оқитын қыздың білім деңгейі өз қатарластарынан әлдеқайда төмен болып шықты. Өз ойын анық білдіре алмайды. Жазуға икемі келмейді. Әріптерді ежіктеп оқиды. Ал бірінде баланың туған ағасында психологиялық ауытқу анықталған. Бүгінде бұл отбасылардың ісі сотқа жіберіліп, әке-шешелерін ата-ана құқығынан айыру мәселесі қаралып жатыр, – деді №10 мектептің директоры Бауыржан Бектұрғанов.


Жамбыл облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ербол Дүйсенбаевтың айтуы бойынша кешенді жұмыстар өз нәтижесін беріп келеді.


– Комиссия құрамы аз уақыт ішінде 140-тан астам баланы ыстық тамақпен қамтамасыз етіп, құжаттарын түгендеп, әр түрлі көмек қолын созған. Күн көріс деңгейі төмен деп анықталған жанұялардың дені жалғыз басты аналар. Тұрақты жұмысы жоқ, кемінде 4-5 баладан тәрбиелеп отыр. Сондықтан нақты жұмыс уақыты белгіленген кәсіпорындармен келісім шарт жасап, жұмыспен қамтылмақ. Ал баспанасы жоқ ата-ананың баласы интернатқа орналасады, – дейді сот төрағасы.


Меморандумға қол қойған тараптардың айтуынша қаладағы қызыл белгіде орналасқан мектептерде де осындай сипатта жұмыс жүргізілмек. Мамандар жиын соңында пилоттық жобаның игілігінен өзге де қиын жағдайдағы отбасылар қалыс қалмайтынын жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.