Қалалық қоғамдық-саяси газет

Баға жіті бақылауда

0 1  052

Қала аумағында азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында Тараз қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері тарапынан 9 сауда нүктесі және 16 әлеуметтік дүңгіршектерге тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде.

2021 жылғы 3 тамыздағы жағдай бойынша мониторингтік топтың қала дүкендеріндегі брендтік азық-түлік тауарларының бағасына жүргізген зерделеу нәтижесі бойынша 3-ші тоқсанда бекітілген шекті мәнімен салыстырғанда 4 позиция бойынша баға қымбаттаған. Атап айтқанда, өсімдік майы – 238 теңгеге немесе 48 пайызға, картоп – 24 теңгеге немесе 23 пайызға, сәбіз – 61 теңгеге немесе 53 пайызға, пияз – 35 теңгеге немесе 61 пайызға жоғары көрсеткішті көрсетті.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін «Тараз» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ы тарапынан қала аумағындағы 7 ірі сауда дүкендерінен әлеуметтік бұрыштар ашылды.Сондай-ақ қала әкімінің орынбасары қаладағы ірі сауда орындары және азық-түлік сақтау қоймаларының басшыларымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына үстемеақыны 15 пайыздан асырмау туралы үшжақты меморандумға қол қойды.
Нан бағасына келетін болсақ, Тараз қаласы бойынша бүгінгі күнге 7 наубайхана жұмыс істейді. Олар «Козин», «Бидай нан», «Тараз нан зауыты», «Касымов М.», «Надыров», «Шермухамедов» және «Ким В.В.» жеке кәсіпкерлік пен серіктестіктер. Қала бойынша нан қажеттілігі тәулігіне 80 000 – 83 000 дананы құрайды. Тіркелген наубайханалар нанға деген қажеттілікті толығымен қамтуда. Қаладағы сауда орындарындағы нанның бөлшек бағасы 82-90 теңге аралығында сатылуда, баға тұрақты. Қала бойынша наубайханаларда ағымдағы жағдайда 23 тонна жоғары сұрыпты ұн, 102 тонна бірінші сұрыпты ұн қоры бар.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың 2020 жылғы 17 қарашадағы №205 хаттамалық тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеу мақсатында «Тараз» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ «Империя» ЖК-мен бірлескен қызмет туралы шарт жасасып, жаңа форматта 10 әлеуметтік дүңгіршектер ашылды. Ал ескі форматтағы әлеуметтік дүңгіршектердің саны алтау. Сондай-ақ әлеуметтік дүкендер желісін кеңейту аясында, қала аумағында қосымша 5 дүкенді ашу жоспарланып отыр.
Облыс тұрғындарына азық-түлік тауарларын қолжетімді бағамен сатып алуына жағдай жасау, отандық тауар өндірушілердің өнімін қолдау, жарнамалау және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін 2021 жылдың 23 қаңтарынан бастап – 4 қыркүйек аралығында әр аптаның сенбі күндері Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы және Тараз қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен қала аумағында орналасқан «GRAND BAZAАR» сауда кешені алдында жалпы саны 35 жәрмеңке өткізіліп, 302,8 миллион теңгенің 1367,8 тонна тауарлары өткерілді.

Дархан Егеубаев,
Тараз қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.