Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өсу бар, түсу жоқ: Азық-түлік бағасын қалай ауыздықтаймыз?

0 1  119

Азық-түлік бағасы арзандар емес. Арзандағанды айтамыз-ау, қымбаттап барады. Бастысы, бұл үрдістің басталғаны соңғы бір-екі айдың айналасы емес, жылдап жалғасуда. Бұрын көбіне маусымдық кезеңдерде белең алып, кейін қалпына келіп жататын сияқты еді, қазір өскеннің үстіне өсіп жатыр. Иә, өсу бар да, түсу жоқ.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының қымбаттауы ел ішінде анық сезіле бастағаны жасырын емес. Атқарушы билік әлеуметтік маңызы бар тауар құнын мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы төмендетуге тырысқанымен, қымбатшылықтың қарқынын тежеу мүмкін болмай отыр. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елде жыл басынан бері сәбіз 45 пайызға, картоп 38 пайызға, күнбағыс майы 16 пайызға, пияз 10 пайызға және қант 9 пайызға қымбаттаған. Ел ішінде бір қап ұнның бағасы 25 мың теңгеге дейін барады деген әңгіме де желдей есіп жүр. Мұны естіген көпшілік ұн мен қантты қаппен алып, қорын толтыруда. «Халық айтса, қалып айтпайды» деген даналыққа сүйенер болсақ, бір күні бұл бағаға жетпесімізге ешкім кепілдік бере алмайды.
– Мен алты баланың анасымын. Жұмыс істемеймін. Жолдасым ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Табыс көзі жоқ. Үлкен ұлымның айлығы отбасын асырауға жетпейді. Үкіметтен алатын жәрдемақы азық-түліктен артылмайды. Шыны керек, баға күн сайын өсіп отыр. Базарға бұрын 20-30 мыңға 1 айлық тамағымызды алатынбыз. Қазір ол шығын екі еселенді. Бәрі қымбаттап жатыр. Басқасын қойшы, азық-түліксіз қалай отырамыз? Қияр, қызанақ туралы қиялдамайтын болдық, бағалары 500-1000 теңгеге дейін жетті. Ет пен ұн, қант тіпті қымбат, – дейді қала тұрғыны, «Күміс алқа» иегері Эльмира Құрманова.
Тұрғынның сөзінің жаны бар. Базардың бағасын бағамдаған біздер де осыған көз жеткіздік. Алдымен халық көп баратын «Мыңбұлақ» ықшамауданындағы дүңгіршектердегі азық-түлік бағасын көрдік. Мұнда халық көп тұтынатын картоптың келісі 200-230 теңгенің арасы, сәбіз 140 теңге болса, пияз 70-80 теңге, ал қанттың келісі 350 теңгеге дейін барады. Ұнның екі келісі – 860 теңгеден. Ал «Ауыл-Береке» базарының бағасын көтерме сауда орындарынан бағамдап білдік. Мұнда картоптың келісі – 180-200 теңге, ал кіші қаптағы картоп 6500-7000 теңге аралығында болса, 50 келіден асатын көкөністің құны – 10-11 мыңның үстінде. Пияздың қабы салмағына қарай 1200-1500 теңге аралығында. Ал ұнның қабы сортына және атауына байланысты 25 келілігі 4800 теңгеден 5800 теңгеге дейін барады. Сондай-ақ 50 келі ұн – 9900-11800 теңге аралығында. Қанттың қабы 7900-8000 теңге болса, күнбағыс майы – 3250 мен 3900 теңге, күріштің сортына байланысты ең арзанының келісі – 270-300 теңге аралығында. Бағаның бұлқынғанына саудагерлер де алаңдаулы.
– Бізге өндірушілерден тікелей ештеңе түспейді, бәрін азанда көк базарға барып, көтерме бағамен сатып аламыз. Сосын үстінен қосып, осы базарда сатамыз. Тауар қымбаттағаннан бізге пайда жоқ, өйткені өткізу қиын, шығыны көп. Базарға келген халық бағаны көріп, көңілдері бірден түседі. Бірақ базардағы бағаны сатушылар қоймайды. Біз де бала-шағаның қамы деп қыста аязға тоңып, жазда күнге күйіп күн көріп жүрміз, – деді Сандуғаш есімді саудагер.
Сарапшылардың пайымынша, елімізде доллар бағамымен қатар бензиннің де құны көтеріліп отырғаны азық-түлік бағасының күрт шарықтап кетуіне әсер еткен екен. Сондай-ақ жем-шөптің қымбаттауы да ет өнімдерінің құнын еселеп өсіріп отыр.
Әлеуметтік мәні бар тауарлар бағасының өсуіне жол бермеу үшін нормативтік құқықтық базаны жаңартудың да қажеттілігі бар. Бөлшек сауда бағаларының реттеу тетігін жетілдіру және құқықтық базаны жаңарту жұмыстарын жалғастыру қажет. Өйткені нарық субъектілерінің жосықсыздығына тосқауыл болар тетік дәрменсіз. Себебі жығылғанға жұдырық жасап, қысылтаяң сәтті пайдаланған кейбір кәсіпкерлер 200 пайызға дейін үстеме қосып жіберіп жатса да, ешкім оларға тосқауыл бола алмауда.
Иә, бағаны жүгендеуде жүйелі шаралар қабылдау керектігі Үкімет отырыстарында да, әкімдік жиындарында да жиі айтылады. Бағаны қадағалау дегеніміз лауазымды тұлғаның базарға барып бағаны аңдып отыруы емес, әрине. Оған кешенді, жүйелі жұмыс керек. Өнімнің өндірісінен бастап саудаға шыққанға дейінгі аралықтағы бүкіл кезеңді сүзгіден өткізген жөн. Сонда ғана азық-түлік бағасын ауыздықтаудың амалы табылып қалар мүмкін.

Облыс әкімі күні кеше «бағамен ойнамау» керектігін базар басшыларына шегелеп тұрып жеткізді. Алайда базардағы саудагерлер бұған амалсыздан барып жатқандарын айтады. Бір ғана көңілге жұбату болары – апта сайын өткізіліп жатқан ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі. Ертең ол да аяқталғанда, ел не істейді екен?

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.