Қалалық қоғамдық-саяси газет

Баға тұрақтылығы жіті бақылауда

0 301

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажеттігін және бұл стратегиялық міндет екенін атап өтіп, саланы дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берген болатын. Былтыр негізгі бағыттарды жүзеге асыру мақсатында өңірде ауыл шаруашылығында бәсекеге қабілетті өнім өндіру мен агроөнеркәсіп кешені жүйесін тиімді жүргізу бойынша ілкімді істер атқарылды. Соның арқасында өңірдің асыраушы саласы алшаң басуда.

Айталық, 2022 жылдың қорытындысы бойынша, Таразда ауыл шаруашылығы саласындағы тауар өндірушілерінің жалпы өнім көлемі 13 995,8 миллион теңгені, нақты көлем индексі 103 пайызды құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығының өнімі – 11 140,5 миллион теңге, нақты көлем индексі – 103,6 пайыз, мал шаруашылығы өнімі – 2 356,0 миллион теңге, нақты көлем индексі 100,5 пайызға жетті.
Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялардың көлеміне келсек, ол 49,4 миллион теңгені құрап, көрсеткіш толығымен орындалды. Ал тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталына салынған инвестициялардың нақты көлем индексі 369,7 миллион теңгені құрап, 105,4 пайыздық межені бағындырды.
Бүгінде қалада өсімдік шаруашы- лығымен айналысатын 42 шаруа қожалығы бар. Өткен жылы 420 гектар жерге әртүрлі жеміс-көкөніс дақылдарын егіп, 17 654 тонна өнім алынды. Сондай-ақ 2 шаруа қожалығы 13 гектар жерін құнарландырып, ағымдағы жылға егін егуге дайындық жасауда. Бұл шаруа қожалықтарының меншігінде барлығы 35 техника бар. Олар толығымен жұмысқа жарамды. Бұған қоса қала аумағында 3 жылыжай шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Олар былтыр жалпы көлемі 52 тонна қияр мен қызанақ өнімін алды.

Тұрғындар күнделікті тұтынатын азық-түлік бағаларын реттеуде әлеуметтік дүкендердің маңызы зор. Қазіргі таңда олардың саны – 16. Мұнда халық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына арзан бағада қол жеткізе алады. Бұдан бөлек, сыйымдылығы 44 300 тоннаға жететін облыс орталығындағы 12 азық-түлік сақтау қоймасында 14 869 тонна тауар сақталған. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік көлемі 12 746 тоннаны құрайды.
Бағаның өсуіне жол бермеу – біздің басты мақсатымыз. Осыған орай қаладағы сауда дүкендері мен шаруа қожалықтары арасында 12 форвардтық келісімшарт жасалған. Яғни осы арқылы «Егіс алқабынан – сөреге дейін» жобасы аясында аталған көкөніс өнімдері тікелей делдалсыз сауда орындарына жеткізілуде.
Ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесінің де бағаны тұрақтандыруға әсері мол. Айталық, қала тұрғындарына азық-түлік тауарларын қолжетімді бағамен сатып алуына жағдай жасау, отандық тауар өндірушілердің өнімін қолдау, жарнамалау және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесе өткен жылы орталық алаңда – 3, Астана қаласында – 2 және «GRAND BAZАAR» сауда кешенінде 30 жәрмеңке өткізілді. Жалпы құны 2,1 миллиард теңге болатын 2 646,6 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары нарық бағасынан 10-20 пайызға төмен бағада ұсынылды.
Бүгінгі күні шаһарда 8 наубайхана жұмыс істейді. Ал тараздықтардың нанға деген қажеттілігі тәулігіне 110 000 данаға жетіп отыр. Наубайханалар сол сұраныс- ты толығымен қамтамасыз етуде. 2022 жылдың жылдың 1 шілдесінен бастап сауда орындарында әлеуметтік нанның бағасы 10 теңгеге көтеріліп, бөлшек бағасы 100 теңгеден сатылуда. Себебі республика бойынша дотациялық ұн бағасы 117 теңгеден 130 теңгеге жоғарылады. Наубайханалар дотациялық ұнды «Тараз ӘКК» АҚ арқылы «Aksarai Export-2012» ЖШС диірменінен алуда. Осы орайда айта кетерлігі, наубайханадан нан бағасы 87 теңгеден жіберілсе, тасымалдаушылардың қызметі дүкеннің орналасқан қашықтығына байланысты 8-12 теңге аралығында болады. Жеткізілген нанға сауда нүктелері 1-3 теңге қосып, нәтижесінде сату бағасы 100 теңгеге дейін көтерілді.
Тұрғындардың сұранысын өтеу мақсатында шаһарда кондитерлік өнімдер шығаратын 10 цех жұмыс істейді. Олардың жылдық қуаттылығы – 3 112,5 тонна. Сондай-ақ айран, сүзбе, ірімшік, құрғақ сүт, йогурт, сары май, нарине, брынза шығаратын, жылдық қуаттылығы 28 859 тоннаға жететін 6 сүт өндіруші зауыт бар. Бұдан бөлек, шұжық өнімдерін өндіретін 30 цех тіркелген. Жылдық қуаттылығы 5 345,6 тонна аталмыш цехтар 412 адамды тұрақты жұмыспен қамтуда.
Сонымен қатар «Жамбыл Алель Агро» ЖШС Тараз қаласы аумағынан жеке қаражаты есебінен жоба құны 4 миллиард 680 миллион теңгені құрайтын инкубатор орталығын соғуда. Инкубатор 2023 жылдың мамыр айында іске қосылып, жылына 44 миллион 430 мың бас құс өсіріп шығаруды жоспарлауда.
Таразда мал басы саны да артып келеді. Атап айтсақ, бүгінде шаһарда 45 296 бас төрт-түлік бар. Оның ішінде жылқы са-ны – 652, мүйізді ірі қара – 3 979, қой – 6 186, ешкі 929 және шошқа – 823, құс – 32 726. Соған сәйкес, шаһар аумағында 21 меншік иесі көлемі 687,67 гектар жайылымдық жерді пайдалануда.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы күрес те қарқынды жүргізілуде. Мәселен, өткен жылы 13 шілдеде кене шағудың 1 фактісі анықталып, 26-28 тамыз аралығында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы №11 аумақтық округіне қарасты 11 алқаптың 2 151 ауласына залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Дезинфекциялау жұмыстарына 6 дезинфектор, 3 мал дәрігері, 1 бірлік ДУК автокөлігі жұмылдырылды.
Бөлім тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлері бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Біздің бөлім «Тракторларды және олардың базасында жасалған өздiгiнен жүретiн шассилер мен механизмдердi, монтаждалған арнаулы жабдығы бар тiркемелердi қоса алғанда, олардың тiркемелерiн, өздiгiнен жүретiн ауыл шаруашылық, мелиорация- лық және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерiн, жүрiп өту мүмкiндiгi жоғары арнайы машиналарды кепiлге қою, мемлекеттiк тiркеу, жыл сайынғы мемлекеттiк техникалық қарап-тексеруден өткiзу, жүргізу құқығына куәліктер беру» мемлекеттік қызметтерін көрсетеді. Бұл мемлекеттік қызмет түрі 2019 жылдың қараша айынан бері бөлім тарапынан жүргізіледі және «Е-лицензиялау» базасына тіркеледі. Осыған байланысты 2022 жылы «Е-өтініш» базасына – 150, «Арм-еуол» базасына жеке тұлғадан – 75, заңды тұлғадан – 75 өтініш, «ОДО» базасына 471 хат тіркеліп, заң аясында уақытылы жауап берілді.
Қорыта айтқанда, бүгінде асыраушы сала экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып, табиғаты шаруа- шылыққа қолайлы облысымызда жыл санап алға озып келеді. Осы орайда суармалы алқаптардың аумағын арттыру, заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу, асыл тұқымды мал санын арттыру, ақылды фермалар мен цифрландырылған өндіріс орындарын ашуға да көп күш жұмсалатын болады.

Жанболат Таңатаров,
Тараз қаласы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.