Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бүгінгі маңызды тағайындаулар: кімдер кетіп, кімдер қалды?

0 1  918

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Президент әкімшілігінде ауыс-түйіс жасады.

♦Ернар Баспаев – Президенттің кеңесшісі

Мамандығы бойынша заңгер, экономика және бизнес бакалавры, іскерлік әкімшілендіру магистрі. Еңбек жолын 2001 жылы Әділет министрлігінің Авторлық құқықтар жөніндегі комитетінің жетекші маманы болып бастаған. 2002 жылдан 2006 жылға дейін Әділет министрлігі Тіркеу қызметі комитетінің халықты тіркеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру басқармасының бас маманы, бастығының орынбасары болып жұмыс істеді.

2006-2010 жылдары Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитеттің басқарма басшысы болды. Жоғарғы Сот аппаратының сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары болып жұмыс істеді. 2010 жылы Атырау облысы бойынша Әділет департаментінің басшысы болып тағайындалды. 2013-2019 жылдары Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарды. 2019-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарды.

♦Әсет Ерғалиев – Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі
Ерғалиевтің кейінгі атқарған қызметтері:

2016 жылғы қазан – желтоқсан аралығында – «Бәйтерек «ҰБХ» АҚ Басқарма Төрағасының кеңесшісі.
2016 жылғы желтоқсаннан 2017 жылғы тамызға дейін – ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі.
2017 жылғы тамыздан 2018 жылғы қыркүйекке дейін – ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің жобалық басқару орталығының меңгерушісі.
2018 жылғы қыркүйектен 2019 жылғы наурызға дейін – ҚР Ұлттық экономика вице-министрі.

2019 жылғы наурыз – тамыз аралығында – ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары.
2019 жылғы тамыздан 2021 жылғы қаңтарға дейін – ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі.
2021 жылғы қаңтардан 2022 қаңтарға дейін – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі.
2022 жылғы 6 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы қызметін атқарды.

♦Серік Жұманғарин cауда және интеграция министрі қызметінен босатылды
Ол премьер-министрінің орынбасары қызметінде ғана қалды.

♦Марат Ахметжанов ішкі істер министрі лауазымынан босатылды
Ол бұған дейін 2021 жылдың 16 сәуірінен бастап Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болған еді.

♦Ержан Сәденов ішкі істер министрі болып тағайындалды
Ержан Сәденов Марат Ахметжановтың орнына келді. Сәденов 2022 жылғы қаңтардан бастап ішкі істер министрінің орынбасары болған.

♦Тамара Дүйсенова лауазымынан босатылды
Тамар Дүйсенова биыл 8 маусымнан бастап премьер-министрдің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалған еді. Енді ол министр лауазымынан босатылып, тек премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарады.

♦Марат Қарабаев – көлік министрі
Марат Қарабаев су жаңа Көлік министрлігінің басшысы болды. Ол бұған дейін 2023 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болған еді.

♦Аида Балаева мәдениет және ақпарат министрі қызметіне тағайындалды
Аида Балаева 2022 жылғы 11 қаңтардан бері Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары болған.

♦Арман Шаққалиев Сауда және интеграция министрі болып тағайындалды
Бұған дейін бұл министрлікті Серік Жұманғарин басқарған болатын.

♦Светлана Жақыпова еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болды

Биыл маусымда Светлана Жақыпова Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл болып тағайындалған еді.

♦Ермек Маржықпаев туризм және спорт министрі болып тағайындалды

Ермек Маржықпаев 2015-2019 жылдары Ақмола облысы Көкшетау қаласының әкiмi болса, 2019 жылғы наурызда Ақмола облысының әкiмi болып тағайындалған болатын.

 

 

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.