Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Бұқараға әрдайым ашық ақпарат берілуі керек»

0 537

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласындағы аумақтық округтердің тынысымен танысуды жалғастыруда. Осы жолы аймақ басшысы №11 аумақтық округке ат басын бұрып, бірқатар нысандарды аралады.

Облыс әкімі алдымен «Көлтоған» шағынауданындағы беріліп жатқан 369 гектар жер телімдерін көріп, «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Казарма», «Жиделі» тұрғын алқаптарына жүргізілген электр желісінің құрылыс жұмыстарын барлады. Сондай-ақ 28 саяжайға ауыз су тарту мәселесіне де назар аударды.
Нұржан Молдиярұлы жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдері берілетін алқаптарға инфрақұрылымның тартылуына баса мән беріп, қала маңындағы тұрғын алқаптардың ауыз сумен, газбен, электр энергиясымен үздіксіз қамтылуына, тариф мәселесіне ерекше көңіл бөлді.

– Біз тұрғындарға нақты, ашық ақпарат беру керекпіз. Әрқайсысымыз әртүрлі әңгіме айтатын болсақ, халықтың сенімсіздігі, наразылығы содан туындай- ды, – деген аймақ басшысы жауаптыларға инженерлік желілерді тарту бойынша жұмыстарды сапалы әрі жеделдетіп жүргізу бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
Бұдан соң облыс әкімі жеке кәсіпкер есебінен соғылып жатқан спорт кешенінің құрылыс барысын көрді. Жалпы ауданы 740 шаршы метрді құрайтын нысанды салу жұмыстары өткен жылдың қазан айында басталып, ағымдағы жылдың қараша айында аяқтау жоспарлануда.
Нысандарды аралау барысында аймақ басшысына «Құмшағал» тұрғын алқабының халқы спорттық-сауықтыру кешенін салып беру туралы өтініш жеткізілді. Нұржан Нұржігітов қала әкімі мен тиісті басқарма басшыларына бұл мәселені зерделеу және шешу бойынша шаралар қабылдауды жүктеді.
1975 жылы пайдалануға берілген №56 орта мектептің қазіргі таңда тозығы жеткен. Алайда 320 орынға арналған оқу ошағында қазір 615 бала білім алуда. Мектеп басшылығы облыс әкімінен білім ордасын жаңғыртумен қатар жазғы спорт алаңшасын салып беруді сұрады.
Мектеп ғимаратын жөндеу- ден өткізуге айрықша көңіл бөлген Нұржан Молдиярұлы бұл мәселенің міндетті түрде қаралатынын жеткізді. Ал жазғы спорт алаңшасына шым әкеліп төсеу керектігін ескертті. Бұл істі асарлатып атқару, оған қаладағы мектептердің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдерін жұмылдыру маңыздылығына да тоқталды. Егер бұл бастама тиімді жүзеге асатын болса, қаладағы өзге оқу орындарындағы осындай спорт алаңшаларын реттеуде де осы әдіс қолданылмақ.
Мектеп жанындағы шағын орталықтың санитарлық, сейсмикалық жағдайына алаңдаушылық білдірген облыс әкімі оны қайта салу ісіне назар аударды.
«Құмшағал» шағынауданындағы медициналық пункттің жұмысымен танысқан Нұржан Нұржігітов мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына ауқымды қолдаулар жасалынып жатқанын, сол үшін тұрғындарға сапалы медициналық қызмет ұсыну керектігін баса айтты. Сонымен қатар тұрғын алқаптардағы осындай медициналық нысандардың санын, олардың қажетті дәрігерлермен қамтылуын сұрады. Денсаулық сақтау басқармасы мен қала әкімдігіне балалы аналардың, науқастардың ары-бері сабылмауы үшін тапшы мамандардың қабылдауын тиімді ұйымдастыруды тапсырды.
Жұмыс сапарының соңында аймақ басшысы №34 бөбекжай-бақшасының жай-күйін көрді.

Жұматай Көксубай 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.