Қалалық қоғамдық-саяси газет

Азаттықтан асқан құндылық жоқ

0 792

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын оқығанда өзгеше күй кештім. Әрине, тарих керуеніне көз салсақ, халқымыз ұлы даланы қорғау жолында үлкен мақсаттарға жол алғаны белгілі. Атақты «Аңырақай», «Орбұлақ» шайқастарында жау бетін тойтарып, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама жылдарында «Елім-айлап» көшіп, ұлт-азаттық көтерілісінде азаматтар ат жалына қонып, азаттық жолында Алаш қайраткерлері қорғасын оқтың құрбаны болып, Желтоқсан жастарының жалынымен жеткен азаттық еді бұл.

Аталған мақалада Президент егемен елдің ширек ғасыр көшінде басып өткен жолдарын жіпке тізді. Мұны мақаланың «Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым», «Қоғам мен құндылық» және «Ұлағат пен ұстаным» атты төрт ауқымды бөлімінен айқын аңғаруға болады. Мұнда тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастырған екен. Мемлекет басшысы алғашқы онжылдықты жаңа Қазақстанның іргетасының қалануы деп атап көрсетіпті.
– Ұлттық валютамыз айналымға енді. Қарулы Күштеріміз құрылды. Ата Заңымыз қабылданды. Шетелмен дипломатиялық қатынас орнатылды. Еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды. «Қазақстан-2030» Стратегиясын қабылдадық. Шығыстағы көршімізбен шекарамызды бекіттік. Басқа да іргелес мемлекеттермен шекара жөніндегі келіссөздер қарқынды жүргізіле бастады. Ел аумағын ядролық қарудан толық тазарттық. Елордамызды Арқа төсіне көшірдік. Нарықтық экономикаға өтіп, жекеменшік институтын берік орнықтырдық. Отандық бизнестің негізін қаладық. Жастар әлемнің маңдайалды оқу орындарында білім ала бастады. Түрлі дағдарыстардан аман өтуге мүмкіндік берген Ұлттық қорымыз құрылды. Дүниежүзіне тарыдай шашылған қазақ баласын атажұртқа шақырып, Ұлы көшке жол аштық. Соның нәтижесінде ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз көтеріл- ді, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Екінші онжылдық – Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі деп атап көрсетілген. Әрине, бұл кезеңде ел экономикасының тамырына нәр жүгіріп, әлеуетіміз арта түсті. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында рухани қазыналарымыз түгенделгені есімізде. Ал үшінші кезеңде шекара мәселесін біржола шештік. «Қазақстан-2050» Стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылу жоспарланды. Әр бағыт бойынша «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» сияқты ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылды. Саяси және экономикалық реформалармен қатар, рухани жаңғыруға баса мән берілгенін айтқан Президент алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу екенін атап көрсетті. Осылайша бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет екенін еске салды.
– Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы. Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді. Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек, – деді аталған мақалада Президент.
Бұл мақалада Отанымыздың келешегі деп біз көп айтатын жастарда назардан тыс қалмады. Әлемдік тәжірибеде жастар барлық өзгерістер мен жаңашылдықтардың қозғаушысы екендігі әлдеқашан мойындалған. Жастардың көзқарасы, әр жалындаған жүрек пен жігерлі санадан туындаған жаңа идеясы – болашақтың басты инвестициясы. Еліміз үшін жастар қауымы әр кезде стратегиялық әрі кадрлық ресурс санатынан тысқары болған емес. Бұл сөзімді Мемлекет басшысының мына сөздері айғақтай түсері сөзсіз.
– «Жас келсе – іске» дейді халқымыз. Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек. Осы орайда Президент жанындағы Жастар кеңесінің қызметін жандандырған жөн. Оны білікті әрі білімді жастарды жұмылдыратын жүйелі жұмыс алаңына айналдырамыз. Бұдан бөлек, мен азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынамын, – деген еді Президент. Ел тарапынан осындай қолдауды сезінген жастар да еңбек пен өрлеу жолында аянып қалмасы анық.
Ұлтымыздың тар жол, тайғау кешу кезеңдерін келер ұрпақтың санасына сіңдіру, жас буынды ұлтты сүюге тәрбиелейтін құнды құрал – кино. Президет мақаласында бұл бағытта түсірілген деректі және көркем фильмдердің бар екенін айта келе, құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырған болатын. Бүгінде ұлттық кино өнеркәсібі қарқынды түрде дамып келеді. Елдегі актерлердің де шеберлік деңгейі артуда. Оған дәлел ретінде «Хабар» арнасынан жарық көрген «Абай жолы», ұлттық арна арқылы көрерменге жол тартқан «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Қаныш. Қазына», «Міржақып. Оян, қазақ!» тарихи телехикаяларын атауға болады.
Туған жердің бір уыс топырағын тұмар қылып таққан қазақ баласы, осынау байтақ даланың бір сүйем жері үшін атқа қонғаны бәрімізге аян. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен әлем картасында 9-шы орында тұрған қасиетті өлкені мұраға қалдырған бабалар еңбегі қашанда бағалы. Бұл киелі мекенді келешек ұрпаққа аманат- тау – біздің де перзенттік парызымыз. Мемлекет басшысы бұл туралы өз мақаласында: «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұланғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Жалпы тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек. Шекара сызығын ресми түрде халықаралық шартпен бекітіп, оны әлем жұртының мойындауы соңғы бірнеше ғасырда үрдіске айналды. Оған дейін қазіргідей делимитация, демаркация деген ұғымдар болмаған. Біз шекара мәселесін шешумен нақты айналысып жатқан кезде кейбір саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері «біз бұған асықпайық», «кейін де келісуге болады» деп арқаны кеңге салғысы келгені есімізде. Келіссөздерді табандылықпен жүргізіп, іргемізді дереу қымтап алғанымыз өте дұрыс болғанын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Қазір кім не айтса да, біздің екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыз бар. Енді оған ешкім дауласа алмайды. Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді», – деп жазған еді.
Қазақ қоғамында күн тәртібінен түспей тұрған тағы бір өзекті мәселе – мемлекеттік тілдің мәртебесі. Бұған қатысты да Президент өз мақаласында: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек», – деп ашық жазды.
Ал мақаланың соңғы төртінші бөлімі «Ұлағат пен ұстаным» деп аталып, азаматтық қоғамды дамыту мен саяси реформаларды жалғастыруға арналды. Білім мен біліктің дәуірі – ХХІ ғасырда қазақ халқы да технологиядан қалыспай, әр адам өзін жетілдіріп, жаңа кәсіпті игеріп, ел дамуының басты қозғаушы күші болуы тиіс. Ал ондай азаматтарға қамқор болу – мемлекеттің міндеті. Ертеңгі күнге қарышты қадам басып, мәртебелі де тұғырлы тәуелсіздігіміздің нығая түсуі жолында қызмет атқаруға дайын екенімізді білдіргім келеді. Мемлекет басшысы айтқандай, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген ең қастерлі ұран әр қазақстандық жастың санасында салтанат құрады. Бір шаңырақ астына түрлі ұлт пен ұлысты ұйыстырып, бүгінде ұлтаралық татулықтың үлгісіне айналған елміз. Талай заманды бастан өткеріп, тәуелсіз елге айналған Қазақ елі жерін мекендеген ұлт пен ұлыстың Отанына, бірлік мекеніне, қоғамдық келісім орталығына айналды. Бүгінгідей ақпараттар тасқыны заманында айналадағы орын алып жатқан жағдайлардан жұртшылық әрдайым хабардар. Тынышы кеткен, бейбіт күнді арман еткен елдерді мысал етудің өзі артық болар. Бүгінгі тәуелсіз Қазақ елінің байрағының көкпен таласа желбіреуі де бірлік пен ынтымақтың арқасы.

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.