Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аяла Табиғат-Ананы!

0 290

Өткен сенбіде шаһарда республикалық «Бірге – таза Қазақстан» экологиялық акциясы ұйымдастырылып, қала жұртшылығы тазалық науқанына белсене қатысты.

Толғанай АТАБАЙ

Ауқымды сенбілікті өткізу туралы үндеуді қолдау мақсатында облыстағы тұрғындар демалатын орындар мен жазғы жағажайлардың маңы қоқыс қалдықтарынан тазарды. Сенбілік облыс орталығы Тараз қаласының аумағындағы «Қарасу-1», «Қарасу-2», «Түйте», «Төрегелді», «Базарбай», «Үшбұлақ», «Сеңкібай», «Оңтүстік құрғату» дренажды каналдары, «Тайвань» дренажды каналының бойы, Талас өзені және «Ақбұлақ», «Қаратау» мөлтек аудандарындағы каналдардың жағажайларында ұйымдастырылды.
Қала бойынша бес мыңға жуық адам атсалысқан шараның нәтижесінде 47 техниканың көмегімен 258 тонна қоқыс шығарылды. Жалпы тазартылған каналдардың ұзындығы 61,8 шақырымды құрайды. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің бастамасымен қолға алынған сенбілікке қаладағы мемлекеттік мекемелердің, өнеркәсіп орындарының қызметкерлері және түрлі сала мамандарымен қоса есептегенде жалпы саны 5000-ға жуық адам қатысты. Күнделікті қатаң стильде жүретін мамандарды қолғап пен қарапайым киімде көру көзге таңсық болғанымен, тұрғындар мемлекеттік қызметшілердің тазалық жұмысына белсене атсалысқанына ризашылық білдірді. Талас өзенінің жағасымен қатар белсенділер 12 қалалық каналдың жағасын тазартып, Табиғат-Ана үшін сауапты іс жасады. Сенбілікке қатысушылар аталмыш экологиялық акция бұқараның табиғат алдындағы жауапкершілігін арттыра түсетінін айтып, игі істі әрі қарай жалғастырмақ ниетте екенін жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.