Қалалық қоғамдық-саяси газет

Автокөлікті де онлайн сатып аламыз

0 202

Қазақстандағы дилерлік орталықтардың өкілдері елдегі автокөлік саудасын онлайн жүргізу көрсеткіші шілде айында едәуір артқанын айтады.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Премьер-Министр Асқар Маминнің айтуынша, сауданы онлайн жүргізу нарыққа оң әсер етеді. Келешекте Үкімет қазақстандық цифрлық сауда алаңдарына жан-жақты қолдау көрсетуге ниетті. Осыған дейін азық-түлік пен өзге де ұсақ тауарлардың онлайн саудасы біркелкілікке ие болса, автокөліктердің онлайн саудасы қандай әдістермен жүргізілмек? Нарықтағы ірі көлік компанияларының бұл тәсілге келгенде тәжірибесі қандай?

Қатаң карантин кезінде ірі автодилерлер онлайнға көшті. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, тұтынушылар бұл тәсілді пайдалана алды. Бірақ көптеген жүргізуші теңге бағамының құбылмалығына байланысты кедергілермен бетпе-бет келді. Сол себепті баға өсіп кетпей тұрғанда, онлайн болса да көлік саудасы тоқтаған жоқ. Дегенмен карантин режимі аяқталады. Халық көлік алу үшін автосалонға өздері баратын бейбіт күн туады. Мұндай кезеңде онлайн-саудаға қаражат жұмсаудың қажеттілігі бола ма деген заңды сауал туындайды. Мысалы, сәуір айындағы қатаң карантин уақытында онлайн-сауданың әлеуеті қандай болды? Тұтынушыға бейбіт кезеңде автокөлікті онлайн сатып алуға не түрткі бола алады? Мамандардың айтуынша, ең бірінші кезекте бұл қауіпсіздік үшін оңтайлы. Себебі байланыссыз қызмет көрсету әдісі әлі біраз уақытқа өз күшін жоймайды. Онлайн режимде көлік сатып алу құжаттарды рәсімдеу кезінде де тиімділігін көрсетіп отыр. Уақыт үнемдеу жағы тағы бар. Алдын ала төлем жасау кезінде тұтынушының картасына бонус ретінде CashBack түсіп отырады.

Дилерлік орталықтардың өкілдері маусым айында онлайн-сатылым көрсеткіші ұлғайғанын айтады. Атап айтқанда, «Audi Almaty»-да көрсеткіш мамыр айында 20 пайызды құраса, маусымда 25 пайызға артқан. Жаздың алғашқы айын Porsche Almaty да дәл осындай көрсеткіштермен қорытындылаған. «Cadillac Almaty»-да да онлайн-сатылым пайызы 33-тен 38-ге дейін өсті. Нұр-Сұлтан, Алматы, Орал және Атыраудағы «Volkswagen» дилерлік орталықтары табыстарының 6 пайызға дейін өскенін атап өтті. Айтпақшы, қалалар бойынша интернет арқылы автокөлік сатып алуға алматылықтар мен Атырау тұрғындарының ынтасы мен мүмкіндігі жоғары болғаны анықталған. Ал Нұр-Сұлтан мен Оралда онлайн-сату іс жүзінде жоғарыламаса да, қалыпты көрсеткіш құлдиламаған. Қатаң карантин басталған шақта көптеген дилерлер интернетке көшуге дайын болмағанымен, мамыр айында сату және мемлекеттік құрылымдармен өзара іс-қимыл жүйесі жолға қойылды. Енді сіз қалаған автомобильді сайттан үйде отырып таңдай аласыз, «Trade In» бағдарламасы үшін көлігіңізді бағалап, қажетті шарттармен несие есебін ала аласыз, автомобиль үшін алдын ала төлем жасай аласыз. Көлікті бастапқы есепке қоя аласыз, автобөлшектерді үйге арнайы жеткізу қызметімен алдыра аласыз. Сала сарапшылары локдаун интернет-маркетингтің барлық әлсіз тұстарын анықтап бергенін айтады. Әрі қарайғы жағдайға қарамастан, клиентпен қашықтан өзара әрекеттесу алгоритмін пысықтауды қажет етеді.

Рөлі ауысқан Армения көліктеріне қауіпсіздік сертификатын алу қажет

Рөлі оң жағындағы автокөліктерді тіркеуге 2009 жылдан бастап тыйым салынған.
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінен әкелінген көлік құралдарын тіркеу және пайдалану мәселелері жайлы айта отырып, елімізге Арменияда тіркелген 22 мың автокөлік әкелінгенін мәлім етті.

«Азаматтарға көліктерін тіркеу ыңғайлы болуы үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысы алдын ала броньдаусыз, жексенбі күндері де ұйымдастырды. Бүгінгі күні тіркеуге жататын 14 мың автомобильдің 10 мыңнан астамы тіркеуден өткен. Ал күн сайын 400-ге жуық осындай автомобиль тіркеледі. Автокөліктің армениялық техпаспорты мен мемлекеттік нөмірі мерзімі шектеусіз уақытқа сақтауға өткізіледі. Арменияда Қазақстан азаматтарының атына 22 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Қазіргі кезде Қазақстанда шамамен 11 мың автокөлік тіркелді. Ал рөлі оң жақта орналасқан автокөліктерді тіркеу 2009 жылдан бастап тыйым салынғандықтан, бұл мәселе қарастырылмайды», – деп айтып өтті ол.

Ал оң жағындағы рөлін сол жағына ауыстырған көліктерді тіркеудің өз ерекшелігі бар. Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Серік Құсайыновтың мәліметінше, ол үшін арнайы мекемелерден қауіпсіздік сертификатын алу керек.

«Қазақстан, Ресей, Беларусь елдеріне Армениядан әкелінетін тауарлар Экономикалық одақ тауары емес, шетелдік тауар болып саналады. Ішкі істер министрлігі Армениядан әкелінген әрі рөлі оң жағынан сол жағына ауыстырылған, жеке сәйкестендіру нөмірі кемінде 17 таңбадан тұратын автомобильдерге «сары нөмір» алу қажеттігі туралы норма енгізді. Ол үшін көлік құралының қауіпсіздігі сертификатын ұсыну қажет», – деген Серік Құсайынов рөлдің орналасуын ауыстыру өте қиын жұмыс екенін еске салды.

«Көліктің рөлін ауыстыру өкілетті армяндық қызмет көрсету орталықтарында жүргізілді дегенге ешқандай кепіл жоқ. Сондықтан мұндай көлік құралдарының сәйкестігін бағалау қажет. Кеңесе келе, көлік құралының қауіпсіздігі үшін Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып рөлді қайта жабдықтаудың қауіпсіздігін тексерудің балама нұсқасын ұсындық. Бүкіл машинаны емес, тек осы жерін ғана сынақтан өткізу керек», – деді комитет төрағасы. Оның айтуынша, қазіргі кезде көлік құралдарының қауіпсіздігінің ұлттық стандартқа сәйкестігін және қайта жабдықталған көлік құралының қауіпсіздігі туралы құжатты «НаЦЭкС» АҚ Қостанай филиалының сынақ орталығында және «Ғылыми Зерттеу Орталығы Алматы-Стандарт» ЖШС сынақ орталығында тексеруге болады. Қостанайда мұндай сынақтан өтудің құны шамамен 15 мың теңге тұрады. Елдің батыс өңірлерінде армян нөмірлі көліктердің көп екенін ескере отырып, комитет аса ірі аккредиттеу нысаны «Ұлттық сараптама орталығы» акционерлік қоғамына коммерциялық бастама ретінде көліктерді аккредиттеуді ұсынған. Осы мүмкіндікті іске асыру үшін комитет ҚРСТ 1418 ұлттық стандартына түзетулер енгізді. Серік Құсайыновтың айтуынша, бүгінгі күні Ішкі істер министрлігінің 2014 жылғы 2 желтоқсандағы бұйрығына енгізілген түзетулерге сәйкес, рөлін оңнан солға ауыстырған армяндық нөмірі бар көлік құралы иелеріне көлігін тіркеудің екі жолы бар. «Бірінші, көлік құралының қауіпсіздігі аталған ҚРСТ талаптарына сәйкес тексерілгені жөнінде хаттама алу керек. Елімізде осындай екі сынақ зертханасы бар. Олар рөлдің қайта жабдықталуының дұрыстығын ғана бағалайды. Екінші, Кеден одағының техникалық регламенттерінің доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін растауы қажет болған кезде көлік құралының қауіпсіздігі сертификатын алу керек», – деп түсіндірді ол.


Қай банктер арқылы жаңа көлікті несиеге алуға болады?

Жаз айларына қарай елімізде 3,88 миллион автомобиль тіркелді. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,9 пайызға көп. Ел автопаркінің үштен екіге жуығын шығарылғанына 10 жылдан асып кеткен ескі көліктер құрайды. Ал зауыттан шыққанына 3 жыл бола қоймаған автомобильдердің саны еліміздегі жалпы көліктердің небәрі 10,9 пайызын құрап отыр. 3-7 жыл аралығында көліктердің үлесі – 15,2 пайыз, 7-10 жыл аралығындағы көліктердің үлесі – 6,4 пайыз.
Жаңа көлік сатып алғысы келетін қазақстандықтарға банктер арнайы несие өнімдерін ұсынады. Еліміздегі несие беретін ең ірі 10 банктің арасында 5 екінші деңгейлі банк (ЕДБ), атап айтқанда, Еуразия банкі, ЦентрКредит банк, Халық банкі, АТФ банкі және Сбербанк жалақы жобасынан тыс жаңа автомобиль сатып алуға автонесие ұсынады. Бұл ретте Сбербанк жылдық ең төменгі тиімді ставканы – 19,4, Халық банкі – 21,2, ал ЦентрКредит банкі 21,9 пайыз мөлшерінде ұсынады. Жаңа автомобиль құнының 10 пайызы мөлшерінде ең төменгі алғашқы жарнаны Сбербанк пен Еуразия банкі талап етеді. Ал бұл мөлшер ЦентрКредит банкі, Халық банкі және АТФ банкінде 20 пайызды құрайды.

Берілетін займ сомасы үш банкте нақты көрсетілген: Халық банкі мен Еуразия банкінде – 30 миллион теңгеге дейін, АТФ банкінде – 15 миллион теңгеге дейін. Займды өтеу мерзімі 36 айдан бастап 84 айға дейінгі аралықты қамтиды.

Mersedes ұялы телефонмен соттасып жатыр

Әлемге әйгілі «Nokia» ұялы телефон компаниясы «Mersedes» маркасының иесі «Daimler AG» автоконцернін өз көліктерінде аталмыш ұялы телефон технологияларын лицензиясыз қолданғаны үшін сотқа берген. Қос компанияның кеңселері орналасқан Мангейма қаласының соты (Германия) егер көлік компаниясы айыпты болып танылса6 «Mersedes»-тің өз отанында сатылуына тыйым салуы мүмкін. Сот шешіміне сәйкес «Daimler AG» «Nokia»-дан 4G технологиясын өз көліктерінде пайдалану үшін лицензия сатып алуы керек. Қазіргі уақытта барлық заманауи модельдер интернетке кіруді қажет етеді. «Nokia» патент иесі ретінде өзінен шыққан технологияны қолданатын әр автокөлік үшін бір реттік төлем жасауға арналған лицензия түрін қолданады. Сол үшін де «Daimler AG» компаниясы «Nokia» өнімдерін өзі көліктерінің өндірісіне заңды түрде пайдалану үшін жалпы соманы төлеуі тиіс. Олай болмаған жағдайда «Nokia» компаниясы «Daimler AG»-ге Германияда «Mercedes-Benz» көліктерін сатуға тыйым салуы мүмкін.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.