Қалалық қоғамдық-саяси газет

Донор болу – ерлікпен пара-пар

0 12

Қан – адам өмірінің айнымас бөлшегі. Сондықтан да әлемде жыл сайын миллиондаған адам қан құюға мұқтаж болады. Күрделі операцияларда, ауыр босануда, сондай-ақ гемофилиямен және қан аздықтың салдарынан туындайтын ауруларға тек қан керек. Осы және басқа да ауруларды емдеуде қан алу, сақтау және құю жұмыстары қалай жүреді? Қан тапсырудың пайдасы бар ма? Бұл сұрақтардың жауабын облыстық қан орталығына барып, бір күнге мамандық өзгерткенде білдік.

Сәндібек Піренов

Донорлық қанның жетіспеушілігі бүкіл қазақстандықтар үшін көкейкесті мәселенің біріне айналған. Медицинаның дамуы оған мұқтаж жандардың аз еместігін көрсетті. Сол үшін де донор болу сауапты іс деп айтуға толық негіз бар. Елімізде медицина саласының, әсіресе, қан құю бағытындағы қызметтер әлемдік стандарттарға сай болған соң, науқастарды емдеу біршама жеңілдегені рас. Облыстық қан орталығы да тиімді технологиялармен жабдықталған және барлық стандарттарға сай. Дәрігерлер де жабдықтармен жұмыс істеуге әбден машықталған. Қанды зерттеу де бүтін бір ғылым болған соң, ондағы жұмыс та біз ойлағандай оңай болмайды. Онда бірнеше бөлім бар екен. Әр маман өз ісін бес саусағындай біледі. Трансфузиология – қан ғылыми бағытының бірі. Оған қан құю, дайындау, сақтау, бөліктерге бөлу секілді жұмыстарды жатқызуға болады. Қан орталықтарын ақпараттық жүйелер дамуының негізінде барынша автоматтандыру, жаңа технологияларды пайдалану бүгінгі күннің басты мәселесіне айналған. Орталықта жалпы жұмыс барысы жайлы қан дайындау бөлімінің меңгерушісі Салтанат Досжановадан сұрап білдік. Оның міндеті донор денсаулығының күрт нашарлап кетпеуін қадағалау, плазмаферез, гемоэксфузия емшараларына жүгінген пациенттердің жағдайына қарау және қан дайындау барысында қанның сапасының дұрыс болуын бақылап отырумен байланысты екен.

Донор болғыңыз келсе…

Қан тапсыруға ниет білдірген донор міндетті түрде өзімен бірге жеке куәлігін, ал әскери қызметкерлер жеке куәлігін немесе әскери билетін әкелуі қажет. Донор 18 жасқа толған, денсаулығында қандай да бір ақауы жоқ азамат бола алады. Қан орталығына келіп сауапты іс жасауға асыққандар алдымен тіркеуден өтеді. Онда донорлыққа мүмкін болатын қарсы көрсеткіштердің бар-жоқтығына арналған сұрақтарға шынайы жауап беру қажет. Бұдан бөлек, қан тапсырушының донорлыққа қарсы көрсеткіштері бар азаматтар тізімі базасында тіркелмегендігі тексеріледі. Келесі кезеңде донорларды жинақтау бөлімшесіндегі дәрігерлер донорды қарап, қан тапсыруға қандай да бір шектеулердің бар-жоқтығын анықтайды. Бәрі қалыпты болса, қан тестілеу бөліміне қан тексерісінің бірінші кезеңінен өтуге жолдайды. Мұнда донордың қан тобы, резус тиесілілігі, жалпы қан анализі, ақуыз мөлшері, майлылығы, аланинаминотрансфераза (АЛТ) ферменті анықталады. Жалпы қан талдауы, АЛТ майлылығы қалыпты болған донор қан тапсыруға жолдама алады.

Қан орталығындағы мамандардың жұмысымен танысу барысында әр бөлімнің жұмысын жіті бақылауға тырыстық. Мәселен, қан дайындау бөлімінде қан және оның компоненттері бір реттік залалсыздандырылған, қауіпсіз полимерлі пластикалық гемоконтейнерлерге алынады. Бұл кезде маманның ескеретіні, тері қабатын инемен жарақаттау кезінде донордың қан жүйесіне және жиналып жатқан қан құрамына бактериялық инфекциялардың енуіне жол бермеу болып табылады. Осыдан кейін қанда гемотрансмиссивті инфекциялардың бар-жоқтығын анықтауға бағытталған 2 этаптық скринингтен тексеруге 20 грамм қан алынып, әрі қарай қан тестілеу бөліміне жіберіледі. Қан арнайы қозғалып тұратын таразы аппаратының көмегімен алынады. Бұл аппарат донордан қан ағу жылдамдығын да бақылап отырады. Таразының көмегімен 10 пайыз, яғни 450 мл қан алған соң, мөлшерден артық қан алуға жол берілмейді. Ал құрылғының үздіксіз шайқалып тұруының нәтижесінде қанның антикоагулянтпен біркелкі араластыру арқылы ұйып қалмауын қамтамасыз етіледі. Донор 10-15 минутта қан тапсыруы тиіс екен. Себебі қан алу процесі кезінде уақыттан асып кеткен жағдайда алынған қан жарамсыз болып есептеледі. Донорға ҚР Еңбек кодексінде қарастырылған барлық мүмкіндіктерін пайдалана алатын анықтама беріледі. Донордың қан тапсырудағы рөлі осымен аяқталады.

Қан алынды, осымен мамандардың жұмысы бітті деуге болмайды. Керісінше, дәрігерлерге жүктелетін негізгі міндеттер қан алынғаннан кейін басталады. Себебі донордан алынған қан әрі қарай өңдеуге жіберіледі. Алдымен жаңа алынған қан міндетті түрде 2 сағат суытылады. Бұл – қанның реологиялық сапасын жақсартуға, ағу жылдамдығын төмендету арқылы лейкоцит сыңды жасушадан барынша тазарту үшін жүретін процесс. Ол арнайы лейкосүзгі құрылғысы арқылы жүргізіледі. Қанды дайындау барысында негізгі гемоконтейнер құрылғысына жалғанатын немесе ажырайтын бөліктер, арнайы дәнекерлеу немесе ажыратқыш аппараттар арқылы жүзеге асырылады. Лейкоциттерден тазартылған қан центрифуга арқылы фракцияларға жіберіледі. Яғни қан доноры болған азаматтан кем дегенде екі компонент алынады: эритроциттік масса және плазма. Демек, қан доноры болған адам кем дегенде 2 адамның өмірін құтқара алады. Плазманы арнайы мұздатқыштарда қатырады. Дайын болған қан компоненттері уақытша қан сақтау бөлімшесіне қан талдаулары нәтижелері дайын болғанға дейін сақтауға жіберіледі. Эритроциттік масса қолданылған консерванттың түріне қарай 2-6 градуста 35-42 күн, ал мұздатылған плазма 25-35 градуста 3 жылға дейін сақталады.
– Қан тестілеу бөлімімен қан талдаулары нәтижелері дайын болған соң, оны іріктеу басталады. Яғни гемотрансмиссивті инфекциялары (қан арқылы жұғатын), тұрақсыз антиэритроцитарлы антиденелері, сапасы жағынан қандай да бір ауытқуы бар азаматтардың қаны жарамсыз болып, жойылуға жіберіледі. Ал инфекциядан таза, сапалы қан дайын қанды беру бөліміне жіберіледі. Жаңа мұздатылған плазмаға келетін болсақ, бұл компонент карантин бөлімшесіне беріледі. Жаңа мұздатылған плазма донорда жасырын инфекциялардың тасымалдаушысы болуы мүмкін. Сондықтан 4 айдан соң, донорға гемотрансмиссивті инфекцияға қайта тексеру жүргізіліп, теріс нәтиже болған жағдайда ғана плазма медицина мекемелеріне беріледі. Донорлардан тромбоцит жасушаларының концентраты дайындалады. Тромбоцит жасушалары өмір сүруі небәрі 5-7 күн болғандықтан, тек медициналық мекемелердің сұранысы туындағанда дайындаймыз, – дейді бөлім меңгерушісі Салтанат Мейрамханқызы.

Донор жыл сайын жүйелі қан тапсырып тұрса, оның денсаулығына кері әсерін тигізбейді. Керісінше, ғалымдар донордың жасы шамамен 5 жылға ұзарады деп отыр. Денсаулық сақтау ұйымының шешімімен 2005 жылдан бері 14 маусым – Донор күні ретінде аталып өтеді. Мереке қарсаңында облыс аймағында жыл сайын қан тапсырып, адам өмірінің арашашысы болған донорларға, дәрігерлерге құрмет көрсетіледі. Мамандық өзгерту барысында байқағанымыз, елдегі жағдайға байланысты ауруынан айығып, «енді көмегім халыққа тисін» деген жомарт жандар баршылық екен. Ендігі елдің тілегі коронавирустан толықтай айығып, таралуына жол бермеу болып отыр. Пандемиямен күрес жұмыстары кезінде жұдырықтай жұмылып әрекет еткен халықтың тілегі орындалатын күн алыс емес деп білеміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.