Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қилы тағдырлар тоғысқан орталық

0 10

Осыдан жиырма бір жыл бұрын Таразда өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық ашылды.

Бәтес ШАПАҒАТ

Сол тұста облыстық газеттегі әріптесіміз аталған мекеме туралы мақала жазған-ды… Тағдыр тәлкегі деген сол болар, әріптесіміз арада он жыл өткен соң аталған орталықтан бір-ақ шықты. Шығармашылық адамы үшін ішкілікке салынудың ақыры осылай аяқталады емес пе?! Әріптесіміз алдымен отбасынан, кейін жұмысынан, соңын баспанасынан айырылып қалды. Орталыққа келген соң етек-жеңін жинап, тіршілікке қайта араласа бастады. Алайда жылдар өз дегенін жасап, баяғы күш-қайраты қалпына келген жоқ.

– Бұл мекемеге келген күннен бастап көлемді романға татитын шытырман оқиғаларды естідім. Адамдардың көкке биіктеп, ізінше құзға құлаған шақтары туралы әңгімелеріне қанықтым. Өмірде үлкен қателіктерге ұрынған, туыстарынан жәбір көрген, сатқындықтың құрбаны болған жандардың жүрегіндегі үміт отының сөніп, қайта тұтанғанын көрдім. Қызмет алушы 1000 адамның 999-ы мұнда бір ғана арақтың кесірінен тап болатынын білдім. Сондай жандардың бірін мен күн сайын айнадан көретінмін, – дейді әріптесіміз.

Рас, мұнда келіп қызмет алатын панасыздардың тағдыры осылай өріледі. Өкініштісі де сол, орталықтағы мамандар қызмет алушылардың дені өздеріне сор болған жаман әдетті қабырға сыртына тастап кетпейтінін айтып қынжылады. Жаңа өмірге икемделуге бел буса да, қойындарына «бір жартыларын» салып алып, тығып ішіп жүргені. Қайта әлеуметтендіру орталығы түрме емес. Мұнда адамдар еркін кіріп, еркін шығып жүре алады. Егер панасыз қалған жарымжан кісі қоғамға қайта оралып, байырғы тірлігіне кіріскісі келсе, мекемеде ол үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Алайда бұл межеге дейінгі жолды көп адам еңсере бермейді. Ал бұл жылы орталықтың жұмыс тәртібі күрт өзгерді. Оған себеп – коронавирус індетінің өршіп, халықтың жаппай карантин режиміне көшуі.

Орталықтың жарғысында мекеме қызметіне халықтың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті нығайту, стационарлық емдеуді қажет етпейтін адамдарға әлеуметтік, медициналық және өзге де көмек көрсету кіретіні айтылған. Орталықтың баяғы әсем гүлзарлары, сыртқы қоршау мен ғимарат ортасындағы бақшасы, мамыражай қалпы бұзылмай сақталған.

– Биыл қызмет алушыларымыздың бірі Исмаил Худайбергенов бақша егу үшін орталық аумағынан шағын жер бөліп беруді өтінді. Мекемеге келген жандардың шығармашылық бастамаларына, айналысқысы келетін істеріне ешқашан жоқ демейміз. Олардың әлеуметтенуіне осы әрекеттері сеп болса тіпті керемет. Оның үстіне карантин кезінде қызмет алушылардың сыртқа шығуына тыйым салынды. Сол үшін де оларға еркіндік берудің маңызы зор, – дейді мекеме директоры Гаухар Сейтқазиева.

Осылайша, Исмаил Худайбергенов карантин кезінде орталықтың шағын аумағын гүлдендіріп, бау-бақшаға айналдырып, көкөністің түр-түрін отырғызып, қызметкерлер мен қызмет алушыларға жемісін жегізіп үлгерді. Исмаил – сұңғақ бойлы, жүдеу келген, күнге күйіп жүріп тырбанып тірлік қылудан жалықпайтын шаруа адам. Кей кезде шығыстың шайыры Омар Хайямның жырларын жатқа оқығанда, шын мәнінде, Исмаилдың өзгеше адам екенін аңғаруға болатындай. «Бұған дейінгі өмірінде бұл адам кім болды екен, келешекте кім болады?» деп терең ойға батасың. Бүгінгі өмірінің дұрыс өріліп жатқанына шүкір дейсің. Ал аумақ төңірегіндегі бақшаны суғаруға жауап беретін Геннадий Козлов болса, әр ағашқа берілетін судың мөлшерін, ылғал деңгейін бақылауда ұстайды. Сырт көзге қарапайым, күнге күйген, джинсы мен жейдедегі жай адам болып көрінгенімен, өз жұмысына деген ыждаһаттылығына қарап, Геннадийді нағыз бағбан деп қаласың. Өзі болса бағбан болудан кетәрі еместігін, көзін ашқалы көргені бау-бақша екенін айтып мақтанды. Бір қарағанда шымыр денелі, асқақ кеуделі болып көрінгенімен, бір жыл бұрын Геннадий Козловтың денсаулығы сыр беріп, инфаркт алған. «Жүрек» кардиохирургиялық орталығында ота жасалып, өмір мен өлімнің ортасынан қайтқан. Бүгінде ол дәрігерлердің қатаң бақылауында. Дәрі-дәрмекті тегін алады. 56 жастағы азамат үшін сол сәттен бастап өмір қайта басталғандай.

– Біздің қызметті тұтынатындардың 95 пайызы өздері ұрынған зиян әдеттердің кесірінен орталыққа келуге мәжбүр болады. Денсаулықтары сыр берген, көбісінің созылмалы аурулары бар. Өкінішке орай, мемлекет тарапынан берілетін тегін дәрі-дәрмек тек жеке басын куәландыратын құжаты болған жағдайда ғана беріледі. Ал мұнда келушілердің денінде ол құжат жоқ. Қызмет алушылардың қатарында тек қазақстандықтар ғана емес, көршілес мемлекеттің де азаматтары бар. Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдерден қызмет алушылардың туу туралы куәліктерін алу үшін 5-6 рет сұрау салып жатып, дегенімізге жетеміз. Құжат төңірегіндегі мәселелерге тек Ресей ғана салмақты қарайды. Құжаты жоқ адамның есепте болмайтынын ескерсек, қызмет алушыларды біз мекемеде тек бір жылға дейін ғана ұстай аламыз. Алайда кейбірі барар жер, басар таулары болмағандықтан, мұнда ұзағырақ қалуға мәжбүр. Ұзақ уақыт қолға тимейтін құжат та қызмет алушылардың орталықта ұзақ бөгелуіне себеп болады, – дейді мекеме басшысы.

Коронавирус пандемиясы қайта әлеуметтендіру орталығын айналып өткен жоқ. Осыған дейін мекеме ашық болса, карантин кезінде қызмет алушыларға сыртқа шығуға тыйым салынды. Қызметкерлерді үй мен жұмыс ортасында арнайы бөлінген көлік тасымалдады. Орталық қызмет алушыларын медициналық мекемелерге бекітілген мамандар сүйемелдеп жеткізіп отырды.

Карантин орталыққа келушілер санын айтарлықтай қысқартты. Елде төтенше жағдай енгізілуіне байланысты наурызда COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында карантин жарияланғаны және қызмет алушыларды қабылдау уақытша тоқтатылғаны белгілі. Сондықтан ағымдағы жылдың жеті айында қабылданған қызмет алушылардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7 есеге азайды. Нәтижесінде көрсетілетін қызметтер көлемі айтарлықтай қысқарды. Карантиндік іс-шаралар бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Әдетте мұндағы барлық 120 орын бос тұрмайтын, қазір тек 80 адам қызмет алады. Ең бастысы, індет таралған уақытта орталықтың қызметкерлері де, қызмет алушылары да вирус жұқтырған жоқ. Қабылданған шаралар өз нәтижесін берді.
2020 жылдың жеті айында орталыққа барлығы 52 адам жүгінді, оның ішінде 42 ер адам және 10 әйел адам. Денсаулық сақтау мекемелерінен сегіз адам жіберілді, жеке өтініші бойынша – 27, ішкі істер бөлімімен 12 адам жіберілді (оның ішінде бас бостандығынан айыру орындарынан – 8), мобильді әлеуметтік патруль қызметімен бес адам қабылданды. Осы мерзімде орталыққа тоғыз қоңырау келіп түсті. Қоңыраулар бойынша төрт адам жеткізіліп, барлығына алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Кіріс қоңыраулары және көшпелі рейдтер бойынша алғашқы медициналық көмек тоғыз азаматқа көрсетілді, олардың төртеуі орталыққа жеткізіліп, бес адам көмектен бас тартты. Жеті ай ішінде сегіз рейд жүргізілді, 11 адам анықталып, 10 адам көмектен бас тартты, бір адам орталыққа жеткізілді.

– Карантин басталысымен бізді басқа мәселелер әбігер ете бастады. Орталықтағы қызмет алушылардың көбісі алкогольге тәуелді. Тәулік бойы мекеме аумағында қамалғандықтан, олар бір мезгіл сыртқа шығып келу үшін түрлі сылтаулар айтып, өтіріктер құрастыруды шығарды. Біз оларға арнайы көлікпен барып келуді ұсынсақ, бірден райларынан қайтады. Ал карантинге дейін олар күні бойы сыртта жүріп, ішімдікке сылқия тойып, орталықты бастарына көтеретін. Ізінше полиция шақырып, әбден мезі болатынбыз. Таңертең аяғымызға жығылып, «жаздым, жаңылдым» деп кешірім сұрайтын. Алпысты алқымдаған ағалардың осындай баланың әрекетін жасайтыны жүректі ауыртатын. Бірақ бұл біздің мамандар үшін үйреншікті әдетке айналған, – дейді Гаухар Сейітқазиева.

Орталықта түзеу мекемелеріне тән қорқынышты әрі үрейлі атмосфера жоқ. Мұндағы кез келген адамға еркін кіріп-шығуға ерік берілген. Алайда орталыққа ораларда коронавирусқа шалдықпағаны жөнінде анықтамасы болу керек. Бүгінде қызмет алушылар өздерінің әдеттегі тұрмыстарына оралып жатыр. Көбісі қаланы абаттандырумен айналысатын «Жасыл ел»-де қоғамдық жұмыстармен айналысады. Мекемеде қызмет ала жүріп, еңбек етіп, ақша табуға да ешқандай тыйым жоқ. Мұнда адамдар жаңа өмір бастап, тіршіліктің әр мезетін бағалауды үйренеді.

– Менің мұнда келгеніме бір жарым жыл болды. Бес жыл бойы катарактаның кесірінен көзім көру мүмкіндігінен айырылып қалған болатын. Осы мекемеге келген соң мейірімді жандар табылып, көзіме ота жасалды. Көзіме таңылған дәкені алғанда жанарыма жас толды. Айналаны анық көретініме сене алмадым. Мұндағы қызметкерлердің жүрегі мейірімге толы. Менің жолым болды деп ойлаймын, – дейді ресейлік Зинаида Малышенко.

Мекеме ғимаратының тозығы жеткен. Кей бөліктерінің тік тұрғанына тіпті жарты ғасырдан асып кетіпті. Орталық директорымен асханаға, тәулік бойы жұмыс істейтін кір жуатын бөлмеге бас сұқтық.

– Бізде бүтін бір ғимарат төсек тартып жатып қалған жандарға арналған. Сол себепті де жуылатын заттар тым көп. Қызмет алушылар өздерін тастанды, бөтен сезінбеулері тиіс, – дейді Гаухар Сейітқазиева.

Қайта әлеуметтендіру орталығынан жыл сайын он шақты адам қоғамға қайта оралып, әдеттегі өмірлерін жалғастырады. Көбісі отбасыларымен қайта қауышып, қуанышқа кенеліп жатады. Бұл «Бір адамды құтқару – бүкіл әлемді құтқарумен тең» деген тәмсілдің өміршеңдігін айғақтайтындай.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.