Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аутизмнен айығуға болады

0 2  934

Әлем бойынша дүниеге келген әр 68-ші бала аутизм дертіне шалдыққан. Ал Қазақстандағы 1,5 мың балада аутизм диагнозы бар. Аутизм – қауіпті дерт емес. Ол – психикалық дамудың бұзылуы. Өкінішке қарай, аутист балалар өзге балалармен қарым-қатынас жасау қабілетінен айырылған. Алайда күнделікті тіл жетілдіру мен ой дамыту жаттығуларының арқасында аутизм дертін жеңуге болады.

Жалпы аутизм – ми қызметінің бұзылуы салдарынан айналадағы адамдармен қарым-қатынас пен байланысқа түсу қиыншылықтарын тудыратын психикалық ауытқу. Кейінгі жылдары елімізде бұл дертке шалдыққан балалар саны өскен. Сол секілді Тараз қаласында да бұл дертке шалдыққан балалар бар. Мәселен, облыс орталығындағы №32 мектепте аталған диагноз қойылған 1-9 сынып аралығында 19 бала оқиды.
Аутизм терминін 1911 жылы психиатр Эйген Блейлер ашты. Оның сипаттамасына сәйкес, бала кешеуілдеп дамиды. Кез келген нәрсеге реакция білдірмейді, елеңдемейді, бір нүктеге ұзақ қарауы, тіпті естімеуі мүмкін. Ең қиыны – балаңның саған жақындамауы жаныңды жегідей жейді. Неге десеңіз, аутист бала жанындағы адамға сирек сенеді. Бірден қабылдамайды.
Кез келген дертті бастапқыда анықтау тиімді екенінің аутизмге де қатысы бар. Бала бойынан белгіні неғұрлым ерте анықтаса, соғұрлым пайдалы. Өйткені аутист бала үшін терапия маңызды. Оның үнемі бақылауда болғаны дұрыс. Ата-ана бала бойынан қандай да бір ауытқушылық байқаған бойда тексеруден өткені жөн. Диагностика арқылы оның машық деңгейі анықталады. Содан кейін интервенция жүргізу бағдарламасы түзіледі. Олар – бастапқы қолдау, үйретуші машық, өмір машық, қарқынды курс, әлеуметтік машық пен JASPER. Әрқайсының өзіндік орны мен арнайы жоспары бар. Мұндай орталықтар баланы аптасына 3 рет бағдарлама бойынша үйретеді. Ата-ана міндетті түрде курсқа қатысады. Не үшін дерсіз? Өйткені аутист ата-ана педагог бола білуі керек.
Жоғарыда атап өткеніміздей бұл – қауіпті дерт емес. Осы диагноз қойылған балалар қатардағы мектептерде де өз қатарластарымен тең білім алуына болады. Әрине, олардың айналадағы адамдармен қарым-қатынас пен байланысқа түсуде қиындықтар бар. Осы орайда №32 мектеп қабырғасында инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істейді. Мұнда логопед, психолог, дефектологтар балалармен күнделікті жұмыс жүргізіп, ортаға бейімделуіне ықпал етуде. Әрине, олармен жұмыс істеу оңай емес. Дегенмен мұндай дерті бар оқушылардың өз қатарластарымен теңдей білім алуына біз де жауаптымыз.

Елзира ЖҰМАҚАДЫР,
№32 орта мектептің психологы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.