Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауру азайса, тәуіп ауырады

0 375

Егеменді елдің тірегі халық болғандықтан, адам өмірі мен өсімі басты назарда тұратыны анық. Соңғы жылдарды мысалға алсақ, еліміздің экономикасымен қатар медицинасы да қарқынды даму үстінде. Мұның басты айғағы Міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің қабылдануы болып табылады. Жыл сайын мемлекет тарапынан халықаралық деңгейдегі емдеу жүйелеріне қолдау көрсетіліп, тиісінше іске асып жатыр. Десе де, ұлттық дәстүрмен қатар жанданған емшілік пен балгерлік атаулыға құдайындай сенетіндерді көріп, мұндай орындар халықтың жиі қатынайтын ошағына айналғанына көзіңіз жетеді. Қазіргі кездің өзінде емшілікті кәсіп қылумен қатар «болашақты болжаймын» деп халықтың назарын өзіне аударғандардың жарнамалары көпшіліктің қызығушылығын тудырады.

Сәндібек ПІРЕНОВ

«Тағдыр алақанға жазылады» дегенге сенесіз бе?

Елімізде емшілердің атағы шыға қалса, айды аспаннан бір-ақ шығаратын әдеті бар. Сондай-ақ әлеуметтік желілерден өзіңе керектіні іздей бергенде, монитордың бір бұрышында «Бал ашамыз, емдейміз» деген жарнамалар не іздеп жатқаныңды да ұмыттырып жібереді. Талай жылдан бері балгерлер мен емшілердің төңірегінде туған жаға ұстатар жайттардың толастамауы бекер емес. Осы кезекте қаламыздағы көпшілікке таныс медициналық орталық деп айдар таққан бір орталыққа барып, олардың елді елең еткізетін әңгімелерінің төркінін білдік.
Медициналық орталық маңдайшасында емдей алатын ауру түрлерін көрсетіпті. Орталықтың ішіне беттей бергенде байқағаным, бұл кәнігі көпшілік баратын ауруханаға ұқсамайды. Дәрі-дәрмектің иісін сезбек түгіл, көзбен көрудің өзі бұйырмады. Орталықтың кіреберіс дәлізінде келушілерге арналған орындықтар тізілген. Орындықтардың біріне жайғаса бере, ашық тұрған есіктен әлдекімнің ұялы телефонмен сөйлесіп отырғанын құлағым шалды. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегендей, әңгімеге құлақ астым. Жеке кабинетінде өзінің басқа жұмыстарымен айналысып отырған апамыз телефонның арғы жағындағы келіншектің ішкілікке салынған күйеуі жайында әңгімелеп отыр. Көп ұзамай телефон тұтқасы қойылып, мен ішке ендім. Таныстықтан кейін, мені өзімнің болашағым қатты алаңдататынын айттым. Балгер апамыз сол қолымды ұстап тұрып ә дегеннен «әлсіз адам екенсің» деді. Балгерлерге өмірге құштар, өзіне сенімді адам келуші ме еді? Сөйтті де алдына белгісіз суреттер жиылған бес түрлі картасын жайып жіберіп, «мен емес, карта сөйлейді» деді.
– Ұзақ өмір сүресің, соңғы екі жыл ішінде бір үлкен өзгеріс болады. Болашақта қанша бала болғанын қаласаң, сонша болады, – деп айта бастап еді, тағы да телефон шырылы мазалады. Бұл жолы балгер апа телефонды көтеріп, кейін хабарласатынын айтып, тұтқаны қоя салды. Қас қаққанша «қандай әңгіме айтып жатыр едім» деп сәл іркілді де, басқа болжамдарын айта бастады.
– Отбасыңда жүрегі ауыратындар бар ма? – деді балгер апа.
– Бар, – дедім, тіпті ата-апаларымның да жүрек ауруына шалдықпағанын біле тұра.
– Уақыт өте сен де сол сырқатпен ауырасың, сақ бол, – деді ол.
Балгердің бұдан кейінгі сұрақтары да осыған ұқсас болды. Өзінің бірнеше нұсқасын айтады да, сұрағын қайта қояды. Ойланып қарасам, балгер апаның бірнеше нұсқадағы болжамы кез келген адамның ғұмырына сәйкес келеді. Кейін қолдарыма тағы қарады да, алақаныма шыққан жараны көріп, «еңбекқор екенсің» деп еді, күлкіден жарылардай болып, өзімді әзер ұстадым. Апамыздың одан кейінгі әңгімелері мақтауға ұласты.
– Сен өмірде бақытты боласың, болашағың жарқын, үлкен жетістікке жетесің, тек зиянды заттардан аулақ бол, – деген болжағыш апамыз тіпті өзінің кіммен сөйлесіп отырғанын да білмейді.
Өмірден баз кешіп, баратын жері, басатын тауы қалмаған қарапайым жандар адалдық пен алаяқтықтың ара-жігін ажырата алмайды. Сөйтеді де, бар болғаны 1 500 теңгеге алаяқтардың әңгімесін тыңдап қайта береді.
Орталыққа түрлі сауалмен ағылатын халықтың саны баршылық. Ораза айында ғана келушілер күрт азайып кететін көрінеді. Сонда халықтың иманы осы айда ғана берік дегенге сайып келе ме?
Кез келген адам жақындарының өмірін сақтап қалу үшін қандай әрекетке болмасын дайын болатыны анық. Сол себепті науқасы ауырлап, айықпас дертке шалдыққандар мен дәрігерден үмітін үзгендер халық емшілері мен бақсы-балгерлердің жағасынан алып, әулиелі жерлерге барып түнеуі қазір жаңалық емес.
Қазірде «емші» атын бүркенген алаяқтарды тіркеу жұмысы аса қиындық тудырмайды екен. Әр жерде үреймен жұмыс атқарып жүргендер потент алып тіркелетін болса, бір айда шығатын салығы қалтаға ауырлық салмайды. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 3000-нан астам емші, бақсы бар. Бұл арнайы есепке алынғандары ғана. Ал ауылдық жерлерде, көпшілік біле бермейтін қала қуыстарында бүркеншек атпен балгерлікпен айналысып жүрген алаяқтар қаншама.
Емшілер мен бақсы-балгерлер жайлы дін не дейді? Осы сауалдың жауабын облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб-имамы Ғалымбек Төлегенұлынан сұрағанды жөн көрдік.
– Болашақты болжаушылар адамзаттың қалыптасу кезеңінен бастап барлық пайғамбарлардың заманында болған. Олар күллі халықтың ортасынан тыс екінші бір әлеммен байланысып, ғайыптан болған хабарды жеткізіп отырған адамдар делінеді. Адам баласы дүниеге келген сәттен бастап қандай да бір сенімге мұқтаж болады. Кейбір жастардың Аллаға деген дұрыс сенімі отбасында қалыптаспағаннан кейін уақыт өте келе жас азамат қабірлерді немесе басқа да нәрселерді әулие қылып жүрсе, қиналған сәтте алға ұмтылдыратын сөздерді естісе, өзіне деген сенімі екі еселенеді. Сөйтіп, соңында «кім көмектесті, балгер көмектесті» болып шыға келеді. Қазіргі кезде балшы-балгерлер жайлы дінімізде «алдағы уақытты болжайтын адамдар, ол сендерге дұшпан» деп көрсетіледі. Бізде параллель өмір бар, онда жын-шайтандар мен адамдардың қатар келе жатқандығы жөнінде Құран Кәрімнің «Зариғат» сүресінің 56-аятында көрсетілген. Онда: «Жындар мен адамдарды құлшылық ету үшін жараттым», – делінген. Бақсы-балгерлер, көріпкелдер шариғатымызда қайшы амалдарға жатады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мен өзім пайғамбар бола тұра ғайыпты білмеймін, егер білген болсам, өзіме жақсылықты арттырып алатын едім», – дейді екен. Пайғамбарымыздың өзі болашақты болжай алмайтын болса, бүгінгі діннен бейхабар болған көріпкел тәуіптердің, балшы-балгерлердің сөзі не тұрыпты. Қазірде көп адамдардың біле бермейтін сауалы – көріпкелдер нені, қайдан көріп келгені, адам сенгісіз ғажайыптарды айтып сендіруі. Міне, адамдар соны түсінбейді. Мысалы, бізге көп адамдар көз тиді деп келеді. Тіл-көз деген бар. Хадистердің бірінде: «Тіл-көз түйені қазанға, адамды қабірге түсіреді», – дейді. Одан сақтану керек. Мұндағы айтпағым – адамдар мән-жайдың байыбына бармай жатып, шешімін шығарып қоюы. Олардың бұл ақпаратты қайдан алғаны, қалай алғаны жайлы мәліметтер беймәлім.
Ал қазақ емі деген – емдеудің оңай әрі тиімді түрі. Мәселен, сынықшы болу – Алланың берген қасиеті. Мұндай қасиет екінің бірінде бола бермейді. Шашырап кеткен буынның бәрін орнына келтіріп беретіндердің талайын көріп жүрміз. Кейде қазіргі дамыған медицинаның жасай алмай жүрген емінің дауасын табады. Олар көріп тұрған нәрсені жасап жатыр. Ал көріпкелдер жоқ нәрсемен айналысады. Ал құмалақшылар ше? Қойдың өзі керек қылмай тастап кеткен құмалақпен жол ашу – ақылға қонымсыз дүние. Болжаушы жүгерімен, бидаймен, не таспен аша ма, бәрібір. Мұнда тек бұрыннан қалыптасып келе жатқан ереже бар. Тастың түсу орнына қарай жатталған қағиданы пайдаланып, көбіне мақтауыңды асырып, мәртебеңді көтеретіні белгілі. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ертең не болатынын білмейсің, қай күні дүниеден өтетініңді білмейсің, қай жердің топырағы бұйыратынын білмейсің, ауа райының қандай болатынын білмейсің, қанша ғұмыр кешетініңді білмейсің», – деген. Осының бәрі бізге Жаратушы тарапынан жұмбақ етілген болса, оған сенудің өзі ақымақтық болар, – дейді Ғалымбек Төлегенұлы.

ТҮЙІН

Мен осы мақаланы жазу барысында түсініксіз сұрақтар мен қисынсыз жауаптарға куә болдым. Медициналық орталықтың қызметкерлерімен сұқбаттасқанда, мені екіұдай ойда қалдырған жайттар болды. Орталық қызметкері, маған «нервныйсың ғой» деген апамыз қайтарымда алақанымды басып тұрып «сабырлы екенсің» дегеніне жол болсын.
«Һибатулла Тарази» мешітінің наиб-имамы Ғалымбек Төлегенұлы балгерлерден «нені, қайдан көріп келгені жайлы сұра» дегені есімде қалып, балгер апамыздан сұрап көргенімде, «секрет» деп жауап беруден бас тартты. Орталықтың тағы бір ерекшелігі – емшілер дәрігерлермен бірге емдеу барысында дәрі-дәрмектерді қолданса, өздері ауырса мүлде қолданбайды екен.
Адам өмірінің мән-мағынасы – алда болатын жайттардан бейхабар болуында.Үміт, сенім, құштарлық, арман… Осы сияқты сезімдердің өмірмен арпалысуы ғибратты ғұмырдың естеліктері болып қала бермек.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.