Өткен 2019 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы халқымыздың ұлы перзенттері Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтетінімізді және бұл тұста ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек деген болатын.

Шынында да, шығыс пен батысты қатар мойындатқан ойшыл, әлемде Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған, өз заманының ең кемеңгер энциклопедист-ғалымы Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен мұрасын таныстыру арқылы біз болашақ ұрпақтың бойында ғұлама ғалымымыздың өнегелі қасиеттері мен ғылымға деген қызығушылығын оятамыз.
Ислам әлемінің ұлы ғұламаларының бірі Әбу Насыр әл-Фараби қазақ топырағында, Отырар қаласында 870 жылы дүниеге келген. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Отырардың ол кездегі аты Фараб болатын. Бұл шаһар қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысында.
Фарабидің толық аты-жөні – Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлағ әл-Фараби ат-Түрки. «Ат-Түрки» тегінің түркі екенін, «әл-Фараби» Фараб қаласынан шыққандығын білдіреді. Өзінің азан шақырып қойған аты – Мұхаммед, әкесінің де аты – Мұхаммед, атасының аты – Тархан, бабасы – Ұзлағ. Кейде оны «Тархани» деп те атаған. Әл-Фараби дәулетті отбасында дүниеге келген. Кей деректерде руының қаңлы-қыпшақ екені де айтылады.

Жалғасы. Басы 1-бетте.

Ал әкесі әскербасы болған көрінеді. «Тархан» атауы да содан берілсе керек. Әскери отбасында дүниеге келген соң ба, әл-Фараби туралы еңбектерде оның ержүрек, батыр болғаны, жебені жақсы тартқаны, нысанаға дөп тиетіні айтылады. Соған қарағанда, Әбу Насыр әл-Фараби тек ғылым-біліммен айналысып қоймай, сол кездегі түркілерге тән соғыс өнерін де жақсы меңгерген болуы керек. Әл-Фарабидің «Әбу Насыр» атануын ғалымдар екі себеппен байланыстырады. Бізге жеткен деректерде оның отбасы болған-болмағаны туралы айтылмаған. Ал араб тілінде «әбу» сөзі «әкесі» дегенді білдіреді. Яғни әл-Фарабидің Насыр деген ұлы болып, содан ғалым «Әбу Насыр» деген лақап атпен аталған болуы мүмкін. Ғалымдардың тағы бір тобы «әбу» сөзінің астарынан басқа мағына іздейді. Мұны арабтар құрмет ретінде қолданатынын айтады. Әшірбек Мүминов: «Әбуден басталатын есім – арабтарда қосымша, құрметтеуден туған есім. Ұстазды, құрметті адамды шығыста өзінің жеке атымен еш уақытта атамайды, құрметті есімімен атайды. Кейде тұңғыш баласының есімін қосып, болмаса ерекше белгісі мен қасиетіне орай берілген есімімен атайды. Насыр «жәрдем» деген мағына береді, яғни Әбу Насыр «жәрдемші» деген сөз. Ел басшысы, көбінесе, әскербасы болған, терең білімі болмаған. Фараби ел билеушінің қасында білімімен акыл-кеңес беріп, жәрдем ететін болған», – дейді.
Әл-Фараби дүниеге келерден әлдеқайда бұрын ислам діні Оңтүстік Қазақстан аумағында әбден орнығып, кең тараған. Сол кезеңде бүкіл Орта Азия мен Түркістан Араб халифатының ықпалында болғандығына байланысты қала халқы сауда-саттық мәселесінде араб, парсы, түркі тілдерін қатар қолданған. Сондықтан осы қалада сауат ашып, осы қалада білімге, ғылымға деген құмарлығы оянған әл-Фарабидің осы үш тілді жетік білуі заңдылық еді. Араб тілі ғылым мен мәдениеттің тілі болғандықтан, оның ғылыми еңбектерін араб тілінде жазуы да соған байланысты. Өзінің білімін жетілдіру мақсатында әл-Фараби білім мен ғылым іздеп, көп жерді аралайды. Ақыры сол кезде әлемнің ғылыми дүниесінің орталығы болған Бағдадқа келіп, сонда тұрақтап қалады. Ғалымның Бағдадқа келу себебін іздесек, онда «Байт әл-Хакма» атты ғалымдар үйі және бай кітапхана болған. Мұнда ол сол кездің әйгілі ғалымдарымен кездесіп, олармен сырлас болады. Грек, латын, санскрит және басқа тілдерді үйренеді.
Ол өз заманындағы дамыған ғылым салаларының бәріне, өнеріне өзіндік үлес қосып, елеулі із қалдырды. Одан қалған ғылыми еңбектердің өзінің саны жүзден астам. Фарабидің артында қалған ғылыми еңбектерінің санын неміс ғалымы М.Штейшнейдер 117 десе, түрік ғалымы А.Атеш 160, ал тәжік ғалымы Б.Ғафуров 200 трактат деп көрсетеді. Сол еңбектерді ғылым салаларына қарай бөлетін болсақ, олар мынадай: астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғат ғылымдары, социология, лингвистика, поэзия, риторика, философия болып келеді. Өз бетінше көп ізденген ғалым Аристотельдің, Платонның, өзге де философтардың еңбектерімен танысады. Тек танысып қоймай, оларға терең талдау жасап, өз көзқарасын да білдіреді. Бір аңызда оның Аристотельдің «Жан туралы» дейтін еңбегін 100 рет, «Табиғи гармониясын» 40 рет, «Риторикасын» 200 рет оқығаны айтылған. Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика» мен «Софистикасына» түсініктемелер жазды. Ойшылдың көлемді трактаттары: «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету жайында», «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері» және «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы». Немістің шығыс зерттеушісі А.Мюллер әл-Фараби туралы: «Бүкіл мұсылман шығысының аса ұлы ойшылы әл-Фараби өзінен бұрынғылар тек шет пұшпақтап айналысқан көп мәселелер бойынша аса зор жұмыс тындырды. Бұл кемеңгер адам грек философиясының ең терең қырларына дейін бойлап, байыбына жетті. Сондықтан да шығыста философияны ғылыми зерттеуді шын мәнінде бастаушы кім дегенде, басқа ешкім де емес, тек соның есімі аталуы керек», – деген пікір айтқан. Расында, ол энциклопедист-ғалым еді. Жан-жақты білімімен қатар, медицинаны да жақсы меңгерген, бұл салада көлемді еңбектер жазған. «Жүрек – басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да – басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес», – деп адам ағзасы мүшелерінің қызметін де айқындап берген.
Әл-Фарабиді дүниеге танытқан музыка теориясына арналған шығармаларының бірі «Музыканың үлкен кітабы» еңбегі болып табылады. Ғұлама бұл еңбекте математикалық тәсілдер пайдалану арқылы музыкалық дыбыстарды тұңғыш рет қағаз бетіне түсіріп, нотаны алғаш дүниеге келтірді. Ол тек музыка теориясын жазып қоймай, музыкалық аспаптарды да қолдан жасап, сол аспаптарда керемет ойнай білген екен.
Әл-Фарабидің азаматтық, саясат, адам, қоғам жөніндегі ойлары «Фусул ал-мадани» («Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері») трактатында қаралады. Бұл трактаттың тақырыптары әртүрлі болса да, негізінен бір мақсатқа – адам мен қоғамның арақатынасы, оның жетілуіне арналған. Еңбектің өзіне тән бір ерекшелік сипаты – денелік және рухани құбылыстардың салыстырылып отыратындығы. Адам, мемлекет, ел басқару жөніндегі Фарабидің өз заманында айтылған құнды пікірлерінің қазіргі таңда да қаншалықты маңызы барлығына көз жеткізіп отырмыз.
Ұлы ғұлама Әбу-Насыр әл-Фарабидің философиялық, логикалық-гносеологиялық, әлеуметтік пікірлерімен, эстетикалық, теориялық, жаратылыстану ғылымдары салаларындағы пікірлерімен, ғылыми тұжырымдарымен жете танысу, оның дәуірін терең түсінуге мүмкіндік береді. Ғұлама ойшыл ғалымдардың өнегелі қасиеттеріне үлкен мін берді. Оларды адал болуға, пайдакүнемдікке жол бермеуге шақырды, өйткені оның еңбектері тек теориялық қана емес, тәрбиелік маңызға ие. Оның көзқарасы бойынша, нағыз ғалым – бұл «нағыз немесе кемелденген философ», ол өзінің істерімен тек өз халқына ғана пайдалы болмай, барлық өнегеліктің үлгісі болуы тиіс. «Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани алмайды. Жан дүниені тәрбиелемей, үлкен жетістікке жету жоқ. Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымына қолы жетпейді», – деп адамның өз нәпсісімен күресі жетістікке жетуде өте маңызды екенін атап көрсетеді.
Оның ғылыми ой-пікірлері өзінен кейінгі дәуірдегі Шығыс пен Еуропа халықтарының философиялық, эстетикалық, қоғамдық этикалық ой-пікірін және өнердің дамуына, жалпы рухани құндылықтардың дамуына әсер етіп, үлкен ықпалын тигізіп отыр. Осы кездегі өркені өскен сан салалы ғылым мен мәдениетті жасауға талай елдің, талай ұрпақтың таңдаулы өкілдері қатысты. Орта ғасырларда адамзат білімінің молайып, ақыл-парасаттың жетілуіне орасан зор еңбек сіңірген ғұламаның бірі, қазақ топырағынан шыққан данышпан Әбу Насыр әл-Фараби мен оның шәкірттерінің ғылым мен мәдениетті дамытудағы орнын анықтау, ғылыми мұраларын мұқият зерттеу – өте үлкен маңызды жұмыс. Осыны ұғынған дүниежүзінің әртүрлі халықтарынан шыққан оқымыстылар әл-Фараби мұраларын мың жыл бойы зерттеп келеді. Қазақстан ғалымдары да бұл салада біраз жұмыстар істеді. Орыс және қазақ тілдерінде Фарабидің философиялық және әлеуметтік-этикалық трактаттарының жинақтары, математикалық, тарихи, философиялық, логикалық, жаратылыстану бойынша ғылыми еңбектері жарық көрді. Ғұламаның философиялық, ғылыми еңбектерін зерттеуді, түсіндіруді, насихаттауды мақсат еткен көптеген ғылыми зерттеу, кітаптар, мақалалар, көркем әдеби туындылар басылып шықты. Әрине, ұлтымыздың ұлы перзенті Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздан қалған мұраны зерттеу жұмыстары ары қарай өз жалғасын табары сөзсіз. Ұлы өркениет философы Әбу-Насыр әл-Фарабидің рухани әлемі – адамзат өркениеті мен рухани құндылықтарының биік шыңы. Қай кезеңде болмасын рухани тұрғыдан жаңғыру – ұлттың болашағы үшін өте маңызды. Ұлттың өткен өмірі мен философиясына мән беру арқылы қоғамдық сананы жаңғыртып қана қоймай, болашағына да байыпты бағыт ұсынады.

Дина Кульбаева,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Философия және саясаттану» кафедрасының меңгерушісі,
философия ғылымдарының кандидаты

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған