Жастардың бойына қайырымдылық пен ізгіліктің дәнін себу, олардың бойында белсенді өмірлік ұстанымдарға қатысты дағды қалыптастыру қашанда маңызды. Жастар жылының жалғасы ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылды – Еріктілер жылы деп жариялады.

Біздер жылдың басталуын күтпей-ақ, жұмыстарды жыл басынан бастап кеттік. Бүгінде облыста еріктілер шоғыры қалыптасты. Жұмысы жүйеленді. Еріктілер жылында барлық еріктілер жобаларын бірнеше бағытта ұсынып, жоспарды бекітіп қойдық. Атап айтар болсақ, «Сабақтастық» бағыты бойынша еріктілер балалар үйлерінің балаларына қамқорлық көрсете алады. «Саулық» медициналық бағыты бойынша еріктілер науқастарды күтуге көмек көрсетеді. «Таза әлем» бағыты қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазалау, ағаш отырғызу, қоқысты сұрыптауға үйрету. Ал «Асыл мұра» бағыты еріктілерді халқымыздың материалдық және рухани, мәдени-тарихи мұрасын сақтауға шақырады. Сондай-ақ «Қамқор» бағыты қарттар үйіндегі еріктілер жұмысына бағытталса, «Білім» бағыты ҰБТ-ға дайындық, ағылшын тілі мен компьютерлік сауаттылыққа оқыту бойынша ауылдық мектептердің жоғары сынып оқушыларына ерікті көмек көрсету бойынша жұмыс жасамақ. «Үміт» жобасы Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 75 жылдығына орай отандастарымыздың ерліктері туралы баяндайтын құжаттарды іздеуге бағытталатын болады.
Сондай-ақ халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға құқықтық мәселелер бойынша консультациялық көмек көрсету жөніндегі жұмысқа ерікті-заңгерлерді белсенді тарту қажет. Волонтерлік сағаттарды еңбек өтілі бойынша есептеу әдістемесін енгізу маңызды. Әсіресе, бұл салада тұрақты негізде жұмыс істейтіндерге қатысты. Еріктілікпен айналысатын студенттердің шәкіртақысын арттыру бойынша Үкіметке тапсырма берілді.
Облысымызда түрлі бағыттағы еріктілер қозғалысы мен ұйымдар бар. Бүгінде олардың әрқайсысы өз бағыттары бойынша бірқатар жұмыстар атқаруда. Олардың қатарында халықтың демеуімен мұқтаж жандарға (жетім-жесірлерге, мүмкіндігі шектеулі кісілерге, көпбалалы, жалғызбасты аналарға, т.с.с.) баспана алып беру бағытында «Харекет» қайырымдылық қоры, жалғызілікті қарттар мен жетім-жесірлерге, аса ауыр халдегі ауру балаларға көмек көрсету бағытында «Қайырымды жандар» ұйымы, көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан дарынды балалардың қосымша білім алып, дамуына жағдай жасау бағытында «Жарқын болашақ» жобасын, аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында «Ақ дастархан» жобасын, мұқтаж отбасыларды қатты отынмен қамтамасыз ету бойынша «Жылу сыйла» жобасын, т.б. қайырымдылық бағытындағы жобаларды жүзеге асырып жүрген «Өркен Ниет» қоғамдық қорын, мұқтаж отбасыларға киім-кешекпен, тұрмыстық заттармен, азық-түлікпен нақты көмек көрсетуге бағытталған «Қамқор» ерікті қайырымдылық жобасын ерекше атап айтуға болады.
Өткен жылы облысымызда еріктілердің әлеуеті қайырымдылыққа, мұқтаж отбасыларына нақтылы көмек көрсетуге бағытталды. Облыста 2 мыңға жуық еріктілер дерекқоры жасалды. Бұл жұмыстарды жүйелендіру мақсатында облыс әкімдігінің 2019 жылғы 14 наурыздағы №52 қаулысымен «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық жобасын іске асыру жөніндегі жоспары бекітілді. Жоба аясында 1800 ерікті облыстағы 250 мыңға жуық отбасын аралай отырып, арнайы әзірленген әлеуметтік сауалнама толтырылды. Барлық еріктілер сауалнама толтыру әдісіне оқытылды. Толтырылған сауалнамалар арнайы әзірленген дерекқорға енгізілді. Анықталған мұқтаждықтар саралана отырып, әр аудан, қала бойынша облыстың әлеуметтік картасы әзірленді.
Жобаны іске асыруға облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасынан арнайы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша 15 млн теңге қаржы қарастырылған. Бұл қаржыға Тараз қаласында 3 «Qamqor» қайырымдылық дүкені (Төле би көшесі, 74 «Б», Ленин көшесі, 97 «А», Бәйдібек би көшесі, 1 «А») ашылды, олар қажетті жабдықтармен жабдықталған. Одан бөлек, халық көп шоғырланатын сауда орындарында 5 қайырымдылық жәшігі орнатылды. 2019 жылы аталған дүкендер арқылы сауалнама бойынша анықталған отбасыларға 4 тоннаға жуық киім-кешек таратылды. Бүгінгі таңға дейін «Qamqor» қайырымдылық дүкендері арқылы барлығы 912 отбасыға 2720 кг киім-кешекпен көмек берілді. Басқарма мен «Харекет» қайырымдылық қоры бірлесе отырып 10 мұқтаж (Байзақ – 3, Талас – 2, Т.Рысқұлов – 2, Шу – 1, Тараз қ. – 2) отбасына пәтер алып берілді. Басқарма тарапынан 10 отбасының балаларына қажетті құжаттарын заңдастыру, оқу орнына орналасуы сынды қолдаулар көрсетілді.
Әлеуметтік дүкеннің жұмысымен қатар біздің еріктілер облысымыздың демеушілерін «Қамқор» жобасын жүзеге асыруға тарту мақсатында түрлі іс-шаралар мен қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып өткізуде. Мәселен, «Тәтті Себет» дүкендер желісінің демеушілігімен Тараз қаласындағы аз қамтылған 40 отбасыға гуманитарлық көмек көрсету бойынша азық-түлік таратуға арналған бір күндік акция өткізілді.
Биылғы жыл Жастар жылының жалғасы десек те болады. Сондықтан облысымыздағы еріктілердің әлеуетін одан әрі дамыту, олардың күш-жігерін қайырымдылыққа, мұқтаж отбасыларына нақтылы көмек көрсетуге бағыттау мақсатында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында 2020 жылға 12 млн теңге қаржы бөлу жоспарлануда.
Ендігі біздің міндетіміз облысымыздағы барлық еріктілер ұйымдары мен қайырымдылық қорлардың басын бір арнаға тоғыстырып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып нәтижеге бағытталған жұмыстарды бірлесе атқару болып отыр. Оған атсалысу – барлығымыздың міндетіміз. Сондықтан біз бірігіп, түсінісіп, ақылға салып іс қылсақ, әрқайсымыз өз саламызда тер төге еңбек етсек, оны өзгелерге үйретіп, насихат етуді жолға қойсақ, Еріктілер жылын абыроймен атқарып, алға қойған мақсаттарымызға жететініміз хақ.

Серікбол Берікқожа,
Жамбыл облысы әкімдігінің
жастар саясаты мәселелері
басқармасының басшысы

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған