Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ата мен әженің орны ойсырап кеткен бе?

0 542

Заманымыз талай қалтарыстар мен зобалаңдарды өткергенімен, ата-бабаларымыз ұрпақ тәрбиесін жадыдан ешқашан шығарған емес.

Әкелер ұланғайыр даламызды қорғау үшін ат үстінде, аналар асын дайындап ошақ басында жүрсе, ата-әжелер немерелерін тәрбие нәрімен сусындатып өсірген. Кешегі тарихымыз қанша толқымалы болса да, ұрпақ тәрбиесінің өзегін еш толқытпаған. Керісінше, айбарлы ұлдардың өсуі мен қылықты қыздардың бойжетуінің арқасында осы егеменді елдің арайлы таңында өмір сүріп келеміз. Тәуелсіздік жақсы, әрине. Алайда жаңа заман ағымы балаларды басқа арнаға бұрып жатқан жоқ па?

Қазіргі уақытта ата мен әженің тәрбиесін қажет ететін немерелер азайды. Тәрбие беруге құлшынатын ата мен әженің де қарасы қалың емес. Бұрынғының ата-әжелері қандай еді? Қазақ әдебиетінде, мәдениетінде де атаның әсерлі әңгімелері мен әженің әлпештеген аялы алақанында тербелген немеренің көріністері көп. Зеренің ертегісін тыңдап, зерделі болып өскен Абай, әжесінің тәрбиесін сіңіріп, елдің ардақтысы болған Елбасы – осының айқын дәлелі. Ал қазір ертегі тыңдауға еміреніп тұрған баланы кездестіру қиын. Оны айтуға құлшынып тұрған әжелер де аз. Әулетте алғаш көрінген немерені атасы мен әжесі бауырына алатын салт та селдіреп барады. Бұл жағдай қоғамдағы ең өзекті мәселеге айналып кетті. Мұның барлығына алғашқы себеп – тәрбиенің орнын теледидар, ертегінің орнын телефон, бесік жырының орнын беймаза әндер торлағаннан. Одан қалса, техниканың қаптаған дәуірі басталып кеткені тағы бар. Сонда бұл көз үйреніп, бойға қалыптасқан үрдістерден қандай ұлағатты ұрпақ шықпақ? Шын мәнінде, рухани дүние мен ұлттық намыстың жоғары сатысы даламыздың дархан даласын жалпағынан кезген дана қарттарымызда ғой. Кейде ата мен әженің мейірімін көрмей өскен балалардың саны артқан сайын, келесі ұрпақтың баласын қалай «әлдилейтіні» алаңдатады. Рас, адами болмыс пен текті қасиеттеріміздің қадірі төмендеп барады. Егер сүйіспеншіліктен жұрдай болып өскен ұрпақ жалғаса берсе, еліміздің болашағы бұлыңғырланып кетпей ме?

Ақбота ТИМУРҚЫЗЫ,
Тараз өңірлік университетінің 1-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.