Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ара шаруашылығы агротуризмнің көзіне айнала ма?

0 347

Елімізде омарта шаруашылығын ашып, аяқтан тік тұрғызу үшін кемі 10-12 мың АҚШ доллар қаражат қажет екен. Әр ұяда бір ара отбасы тұруы тиіс. Оның құны 80-100 шартты бірлік шамасында. Ал омартадағы аралардың тіршілігі қайнап, тұтынуға қажетті бал алу үшін ара ұясы елуден кем болмауы керек екен.

Арайлым Шабденова Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Жалпы ара шаруашылығы дамыған елдің көшін көршілес Қытай бастап тұр. Бұл ел әр маусым сайын 250 000 тонна ара балын сыртқа жөнелтеді екен. Қытай ішкі нарығындағы сұранысты қанағаттандыру үшін дәл осы шамадағы бал импортын қабылдайды. Бірақ мамандар импорт пен экспорттың тең түсуін басқаша болжайды. Көбінде қытайлық бал өндірісі өнімді химиялық жолмен алатындықтан, ол ішкі нарықта сұранысқа ие емес. Ал тұрғындардың табиғи өнімге деген сұранысы жоғары болғандықтан, сауда нарығына импорт енгізуге мәжбүр дейді мамандар. Демек, Қытайдан шыққан бал өнімдері еліміздің нарығына еркін шығып отырғандығы анық. Ал елімізде бұл шаруашылық кенжелеп келеді.
Өткен жүзжылдықта Отанымызда өндірілетін бал барлық Ресей мен Кеңес үкіметінде әйгілі еді. Одақ ыдырағаннан кейін бұл шаруашылық айтарлықтай кенжелеп қалды. Дегенмен облыста 50-ден астам омарташы осы іспен айналысады. Әсіресе, Жуалы, Меркі, Шу аудандарында бұл кәсіп иелері көптеп шоғырланған. Бұл орайда, аталмыш шаруашылықты дамыту үшін қандай шаралар жасау керек, жалпы ара шаруашылығы агротуризмге айнала алады ма деген заңды сұрақ туындайды. Осыған орай, Достық үйінде облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен «Бал ара шаруашылығының жағдайы және даму болашағы» атты облыстық семинар-кеңес өтті. Оған өңіріміздегі омарташылар, ауыл шаруашылығы саласының мамандары мен ғалымдар қатысты. Семинардың ашылуында жиналғандар Достық үйінің залына қойылған көрмені тамашалады. Көрмені облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеевке «Бал-Ара» омарташылар ұлттық одағының облыстағы өкілі Валерий Ромащенко таныстырды. Жиналғандар Қазақстан омарташыларының ұлттық одағы «Бал-Ара» ара өсірушілерінің облыстық алғашқы форумында көрмеге қойылған жеке кәсіпкер «Ромашенко», «Аратау», «Лазер» шаруа қожалықтарының бал өнімдерінен дәм татты. Бұл кеңес ара шаруашылығы өңірімізде қаншалықты дамыған, онымен айналысатындардың саны қанша, оларға мемлекет тарапынан қандай көмектер беріліп жатыр, омарташылардың қандай мәселесі бар, оны шешу жолдары қандай деген мәселелер төңірегінде өрбіді. Бұл мәселелерді семинар-кеңесте облыс басшылығы мен ғалымдар омарташылармен бірлесе отырып талқылады.
Жамбыл өңірі аграрлық аймақ болғандықтан, мұнда мақсары, күнбағыс секілді майлы дақылдар көп өсіріледі. Ал бал арасынан бөлетін тозаң өсімдіктің тез жетілуіне, мол өнім беруіне себепші болатындығы белгілі. Сондықтан да ара шаруашылығына көңіл бөлу – басты мәселе. Оның жұмысы ауыр болғанымен, шығыны аз, пайдасы мол. Бұл шаруашылықпен айналысуға ниет білдіргендерге мемлекет 6 пайызбен 4 миллион теңге несие береді. Бұдан бөлек, елімізде 2014 жылдан бастап бал ара ұясымен селекциялық асылдандыру жұмыстарын субсидияланады.
Жиында сондай-ақ «Бал-Ара» омарташылар ұлттық одағының Жамбыл облысы бойынша өкілі Валерий Ромащенко тәжірибесімен бөлісті. Ал «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалының директоры Олжас Қаржауов кәсіпкерлерге мемлекеттен берілетін қолдау туралы сөз етті. Келесі кезекте еліміздегі С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдары Сұлтан Сауров пен Дәулет Дошанов, Оңтүстік-Батыс мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының маманы Айнұр Алдиярова ара шаруашылығының дамуы, селекциясы, «МИНОР» бағдарламасы туралы сөз қозғады. Жиын барысында омарташылардың қойған сұрақтарына жан-жақты жауап берді. Мамандар шаруашылықты дамытудың алдағы жоспарларын айтып тарасты.
Ал сенбі-жексенбі күндері қала тұрғындары мен қонақтарына «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің алаңында бал жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде аймақтың омарташылары пайдалы өнімнің 20-дан астам түрін ұсынды. Тіл үйіретін тәтті балдың дәмін татып, талғамнан шыққан бал өнімдерін алушылар да көп болды.

Отан оттан да ыстық. Әркімнің өз Отаны – өзінің кіндік қаны тамған жері. «Отан үшін отқа түс күймейсің», тағы басқа қанатты, қастерлі сөздерді Отанға теңеп айта берсе артық еткендік болмас деп білемін.

Түйін:
Дүниежүзілік ара шаруа-шылығы ассоциациясының мәліметіне сүйенер болсақ, әлемнің әрбір тұрғыны жыл сайын жалпы көлемі 1 килограмм бал жейді екен. Ал елімізде бұл мөлшер 50 граммнан аспайды екен. Есесіне қантқұмармыз. Жылына 36 келі шекерді тұтынуымыздың себебін бал бағасының қымбаттығынан іздеу керек сияқты. Қанттың келісі 280-320 теңге болса, балдың түріне байланысты 1500-3000 теңге аралығында. Бал өнімдеріне деген сұраныс жоқ емес, бар, бірақ баға қалта қағатыны да жасырын емес.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.