Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жүректен шыққан қойылым

0 301

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясында жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы негізінде жазылған Бикен Римованың «Абай-Әйгерім» драмасы сахналанды.

Құралай ІЗЕТБАЕВА Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылық мұрасын жас ұрпақ санасына сіңіру мақсатында өткен қойылымды аталмыш мектептің оқушылары ұсынды. Қойылымды «Замандас» драма үйірмесінің жетекшісі, ҚР халық әртісі Мәкен Рахымжанова алғы сөзімен ашып берді. Драмалық қойылымды бас-аяғына дейін дайындап, еңбегі сіңген Мәкен Рахымжанқызы оқушыларға сәттілік тіледі.
Көріністегі ең басты кейіпкер Абай рөлін 11 «В» сынып оқушысы Дәулет Әкімов сомдады. Ал Әйгерімді 11 «В» сынып оқушысы Ақбөпе Алибекова ұқсатса, Абайдың досы Ерболды 11 «В» сынып оқушысы Бағыжан Сәрсенов жеткізді. Сонымен қатар Абайдың шешесі Ұлжанды 11 «Ә» сынып оқушысы Ақжан Биназарова, Абайдың бозбала шағын 9 «Г» сынып оқушысы Нұрасыл Ережепов, Тоғжанды 9 «В» сынып оқушысы Айкүміс Бауыржан, Әйгерімнің жеңгесін 9 «В» сынып оқушысы Зарема Бейсенбай ойнап шықты.
Қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылық мұрасын жас ұрпақ санасына сіңіру мақсатында сахналанған қойылым жоғары деңгейде көрсетілді. Ұлы ақынның ұлты үшін жасаған қамқорлығы, тағылымды өмірінің көріністерімен қатар, өз заманындағы халықтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі де оқушылардың шығармашылық еңбектерінің арқасында шынайы көрсетілді.
Қойылым барысында көрермендер мың толқыды. Жақсылыққа Абаймен бірге қуанып, әділетсіздікке Абаймен бірге күйінді. Әйгерімді Абайдай сүйіп, әжесі Зерені де ұлы ақынның өзіндей құрметтей алды. Мұның бәрі қойылымды жүрегінен өткізіп барып, жүрекке жеткізген балғын өнерпаздардың талабы мен Мәкен Рахымжанованың еңбегі екені анық.
– Мен бүгін сахнадан ұлы ақын Абай Құнанбаевтың өзін көргендей әсер алдым. Оқушылар өз рөлдерін керемет сомдап шықты деп ойлаймын. Қойылым маған қатты әсер етті. Мен Абай атамның мектеп бағдарламасына енген біршама өлеңдерін жатқа білемін. Енді Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» кітабын міндетті түрде оқып шығамын деп өзіме мақсат тұттым. Қойылым қатты ұнады, – деді 9-сынып оқушысы Айгүл Маратқызы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.