Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қанатымды қатайтқан басылым

0 315

Сөзін айтып тектінің,
Бұқараға жетті үнің.
Кешегі балаң бозбала,
Жиырма бестегі бек бүгін.
Жақсылығын жар қылған,
Алғысын ел жаудырған.
Қоғам жайлы толғатып,
Қолға қалам алдырған.
Сотқардай едік, сотқалдай,
Соқпақ болдың даңғылға.
Сан мәрте мадақ айтамын,
Кезбедей боп жүргенде,
Кез қылған сені тағдырға.

Наурызбек САРША

Қоғам жайлы толғатып, қолға қалам алдырған «Жамбыл-Таразым»!


Тараздың тар көшелерін таптап, тарихқа айналған ақындарына еліктеп, тарпаң тағдырдың тебінгісін шірітіп жұмыссыз жүргенімізде, «Jambyl-Taraz»-дан алған шақыртуымыз біз үшін ол кезде ақынның тапқан тосын теңеуіндей, ғалымның тапқан тың жаңалығындай әсер бергені рас. Біз ол кезде баспа саласында балаң үйрек секілді болсақ, қанатымызды қатайтқан, еңсемізді тіктеген, болашаққа баспалдақ болған баспанамыз болды. Тілшілік тіршілігіміздегі алғашқы нанның дәмі қалай естен шықсын?! Анамыз болып бас редактор Эльмира Мырза-Ғали, әкеміз болып жазушы, ақын, драматург Болат Бекжанов жүрді. Осындай кісілердің өнегесін көріп, дәрісінен өткендігіміз үшін де Тәңірге мың мадақ айтуға бармыз.

«Ақын ғой» деп алқаған алғашқы ұстаздарымыз да, күйінерімізге күйінген, сүйінерімізге сүйінген де сол кісілер болды. Талай жырларымыз осы «Jambyl-Taraz» кеңсесінде жазылып, талай жүлдеміздің қуанышын осы кеңседе бөлістік. Біздің жұмысқа келуіміз бір мереке, қайтуымыз бір мереке іспеттес болса, әлбетте, оны көріктей үрлеп қыздырар қайран Болат ағамыз еді. Қауақ басымыз қауырт жұмыстан қатып отырғанда, жайдары қабағымен кезекті әзілін айтып, ду-думанға ұластырып жіберуші еді. Жұмыстан қайтарда автобус ішін әуенге толтырып, күні бойғы жұмыстан қажып келе жатқан көпшіліктің көңіліне көктем орнатып жіберетін қасиетін әлі күнге сағына еске аламыз. Тілшілік тірлікте титтей дәрежеге жетсек, ақындық жолда абыройлы болсақ, оған «Jambyl-Taraz»-дың үлкен үлесі бар. Тараздың тұмары, халықтың көзі һәм құлағы болған газетіміздің атқарған игі істерінде есеп жоқ.

Оқырмандарды кітап нәрімен сусындауға, рухани азық алуға шақырған шаралары бір төбе болса, соның бірегейі ретінде «Тәуелсіздік дастарқанын» айтар едік. Азаттық жолындағы құрбан болған қыршындар рухына арнап Құран оқытып, дастарқан жайған республикадағы алғашқы басылымдардың бірі ретінде осы дәстүрді аймақ-аймақтағы әріптестерге үлгі қылғаны да бір әңгімеге арқау.

«Бұғалықсыз асауды, Құр-құрлатқан жиырма бес. Жалтарғанды жаздырмай, Қыран шалған қояндай, Бұлтылдатқан жиырма бес» деген Базар жыраудың, Абылай ханға айтқан толғауында «Жиырма беске келгенде, Бақыт берді басыңа, Тақыт берді астыңа» немесе «Күлдір-күлдір кісінетіп, Күреңді мінген жиырма бес» деп төгілткен Бұқар жырау да, «Жиырма бес енді келмес албырт жасың, Қайратың қиратқандай таудың тасын» деп жырлаған Шал ақын жырларының үзігіне қарасақ, Тараз қаласының бас басылымының нағыз халықтың сөзін сөйлер, елдің мұңын жеткізер, айбатына мініп, қайратына енер шағында екеніне көз жеткіземіз. Ендеше:
Сөзін айтып тектінің,
Бұқараға жетті үнің.
Кешегі балаң бозбала,
Жиырма бестегі бек бүгін.
Жақсылығын жар қылған,
Алғысын ел жаудырған.
Қоғам жайлы толғатып,
Қолға қалам алдырған.
Сотқардай едік, сотқалдай,
Соқпақ болдың даңғылға.
Сан мәрте мадақ айтамын,
Кезбедей боп жүргенде,
Кез қылған сені тағдырға, – деп жыраулар ізімен мен де әзіл шумақпен бас ордамызға айналған алтын шаңырағымыздың бүгінгі ұжымына өз алғысымды жеткізгім келеді.

Наурызбек САРША,
«Аристократ» журналының бас редакторы,
ақын

Ұстанымы биік ұстахана

Атақты заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов жазған «Абай жолы» атты қазақ халқының тұңғыш эпопеясы қалай басталды? Жасөспірім Абайдың ат сабалап ауылға оралуынан ғой. Дәл сол секілді менің саладағы сапарым осы рухани өз жайлауым «Jambyl-Taraz» газетінен басталған болатын. Әрине, телеарнадағы студенттік һәм тентектік кездерді қоспағанда. Өлең жазғанда қолдан түспейтін жансерігім – қауырсын-қаламға түбегейлі жақын болу үшін де һәм газетте қалуыма себепкер болған да – осы басылым. Сол Абай мен Ербол екеуі өгізге мініп, өзен кешіп, қызды ауылға барғаны секілді тәтті шақтардың барлығы осы редакцияда өтті. Аузы дуалы атам қазақ «Болат қайнауда, батыр майданда шынығады» деп айтады ғой. Сол секілді қала қарлығашы, теңіздей телегей тарихтың тұңғиығындағы шаһардың шағаласы «Jambyl-Taraz» газетін ұстанымы биік ұстахана деп айтар едім. Оған қоса, бұл газет – менің қайталанбас өмірімнің қайырмасына айналған романтикалық шақтардың шырақшысы.

«Ұшарын жел, қонарын сай ғана білетін» біз секілді албырт жастарды сол кезде бауырына басып, сенім артып, жұмысқа қабылдаған газеттің директор-бас редакторы, қазақ әдебиетінің, тілінің, ұлттық құндылықтарының, жастардың жанашыры Эльмира Мырза-Ғали әпкемізге алғысымыз шексіз. Маңдайымыздан шертпесе, сипамайтын күнтізбедегі күрең күндердің бірінде досым, талантты ақын Наурызбек Сарша екеуміз Құдай айдап бас редактордың алдына бара қалдық. Негізінде Науша (Наурызбек) сол жерге толық штатқа тілші болып жұмысқа тұруды көздеп жүрсе керек. Бірақ «Шын махаббат пен достық Жаратушыдан келеді» деген ғой, Науша өзінің штатын екіге бөліп, көңіл патшалығының тең жартысын досына еншілетіп, солай екі бейбақ бір нанға тоямыз деп шешілді. Басшымыз да бізді бәзбіреулер секілді бір ай бойы снайперше сынап, ит-сілікпемізді шығармай-ақ, бір жетіде жұмысқа қабылдады. Барлық қызық сол кезден басталды. Науша досым екеуміз екі күннің бірінде түсініктеме жазамыз. Оның бәрін жинасаң, бір кітап болатын еді. Себебі түнімен Тараздың көшелерін күзетесің, ұйқың қанбайды, қыздармен сейілге шығасың, сырттан ақын достар келіп қалады, оларды күтіп, шығарып саласың, кейде оларға ілесіп Алматыға өтіп кетесің, аяғы ҚазМУ-дың жатақханасынан бір-ақ шығасың дегендей, бір сөзбен айтқанда, қолды-аяққа тұрмайтын ерке кездер ғой. Әрине, сонда бас редакторымыз ұрыспайды емес, ұрысады. Бірақ ақылмен. Ақылдан мықты қару жоқ қой. Ол кісінің ашуында да мейірім болатын. Тура туған анамыздай болып кетті. Ал редакция ұжымындағы әр маманның орны менің жүрек төрімде. Барлығы мені «осы үйдің еркесі» дейтін.

Газет екі тілде шықса да, барлығы бір әулет еді. Әлі де солай. Марқұм, саладағы ұстазымыз, белгілі драматург Болат Бекжановпен де осы редакцияда талай естен кетпес қызықтар өтті. Ол кісі жазған жазбаларын, түнімен жүрегіне тыныштық бермеген шығармаларын, әндерін бізге осы редакцияда Науша екеумізге айтып беретін. Сол секілді аға буын – жарықтық Телғара Үсенбайұлы да өмірінің соңғы сәттерінде «Jambyl-Taraz»-ға жұмысқа тұрып, Науша екеумізге «менің қырандарым» деп кетті. «Jambyl-Taraz» жайлы айтылатын да, жазылатын да дүние көп. Қазір де барып тұрамын. Ұжымның ауызбіршілігіне көз тимесін. Өте креативті идеяларды батыл қолға алуда. Оған дәлел ретінде бір ғана «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауын айтсақ та жетіп жатыр. Желтоқсан оқиғасына биыл 35 жыл, қасиетті Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Бұл ретте редакция бастамашы болып алғаш рет әрі күні бүгінге дейін дәстүрлі түрде «Тәуелсіздік дастарқанын» ұйымдастырып келеді. Ел тәуелсіздігі жолында құрбан болған қаһармандарымызға Құран бағышталып, өлеңдер оқылады. Сол секілді әрдайым халықпен, өскелең ұрпақпен бірге жасап келеді. Әлі де жасай берсін. Құтты болсын ширек ғасыр, айхай, 25!

Нұржан ҚАДІРӘЛІ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Қанатымды қатайтқан «Jambyl-Taraz»!

2014 жылдың желтоқсан айы болатын. Мен ол кезде М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Журналистика» мамандығының 4-курс студенті едім. Аталған жылдың желтоқсан айында оқу орнындағы мемлекеттік емтихандардың барлығын тапсырып қойған болатынбыз. Ендігі тек дипломдық жұмысқа кірісіп, оны сәтті қорғау ғана қалған-тын. Жасыратыны жоқ, дипломдық жұмысты жазуға да асықпадық. Сондықтан болса керек, көктемге дейін уақыт бар дегенді алға тартып, үйде қол қусырып отырып қалдым. Осы кезде бүгінде облыстық жастар ресурстық орталығында бөлім басшысы болып қызмет атқаратын курстас досым Айбек Кадралиев хабарласып, қалалық «Jambyl-Taraz» газетіне барып тәжірибеден өту туралы ұсынысын жеткізді. Расында, о баста ол жаққа барғым келмейтінін айтып, үзілді-кесілді бас тарттым. Өйткені 4 жыл бойы «Журналистика» мамандығында оқысам да, мақала түгілі кішігірім ақпарат та жазып көрмеген едім. Сондықтан «ұятқа қалармын» деген ой іштей маза бермеді. Дегенмен курстасым жігерімді құм қылмай, қиялыма қанат бітіріп жіберді. Сөйтіп, көп ойланбастан редакция табалдырығын имене аттадым.

Шынтуайтында, редакцияға келудегі мақсатым газеттің басшысына бірден кіріп, уақытша тәжірибеден өтіп көрсем деген тілегімді жеткізу болатын. Бірақ мен барған күні ол кісі жұмыс бабымен сыртта жұмыстары болып, орнында болмады. Соған қарамастан, ондағы хатшы қыздар бас редактордың орынбасары Ерман Әбдиевке жолығу керек екенімді айтты. «Ұялған тек тұрмас» дегендей, салған жерден Ерман ағаға келгендегі мақсатымды айтып, жөнімді жеткіздім. Ол кісі көп ойланбастан, бірден қалалық мәдениет үйінде өтетін іс-шарадан ақпарат жазып келуге жұмсады. Өмірі ақпарат жазып көрмеген мен толқып, әлгі шарадан хал-қадірімше мақала жазғандай болдым. Шимайымды оқып көрген Ерман аға тағы бір ақпаратқа жұмсады. Осылайша бас редактордың орынбасары бірден ақпарат айдынына сүңгітті де жіберді. Сол жазған қос ақпаратым газеттің нөмірінде жарияланды. Бұған масаттанып жүргенімде, Ерман аға қоңырау шалып, редакцияға шақырды. Сөйтсем, мені редактордың өзі шақыртқан екен.

Өз кезегінде бас редактор мені жарты бірлікпен жұмысқа қабылдайтынын айтып, ойламаған жерден журналистердің қатарына қосты да жіберді. Рас, алғаш жұмысқа кірісерімде, Эльмира Мырза-Ғали газетте жұмыс істеп кеткен марқұм Еділ Әлиевке менің сырт пішінім келетінін айтып, енді «сол кісінің шығармашылықтағы жолы саған да бұйырсын» деп аналық ақ батасын берді. Сөйтіп, Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газетінде азды-көпті үш жыл қызмет атқардым. Мақалаларым талай түзелді, күзелді. Бастысы, журналист ретінде ысылдым, мақала жазуға шамам келгенше төселдім. Кейіннен облыстық «ARAI» газетіне ауысып кеттім.

Бүгінде өңірдің ақпарат айдынында өзіндік орны бар қалалық газеттің қабырғасынан талай мықтылар түлеп шыққан. Солардың шығармашылық жолынан тәлім алып, кейде қатарында жүргенімді мақтан етемін. Шындығында, «Jambyl-Taraz» газетінің қабырғасы киелі. Бүгінде жарық көре бастағанына 20 жыл толып отырған шаһардың бас басылымында қызмет атқарғандардың қай-қайсысының қаламы қарымды. Себебі аталған газетте боламын деген жанның бетін қақпай, белін буып жіберетіні өңір журналистикасына аян. Оны дәлелдеудің қажеті де жоқ. Сондықтан шығар, қай кезде болмасын шыққан ортамды ұмытпай, «Jambyl-Taraz» десе, тақымымды қысып отырамын. Расында, қазіргі таңда газеттің шығармашылық бағыттағы түрлі бастамалары ел аузында. Оның барлығы әдетте бір адамның қолынан келмейтіні анық. Мұның артында ұжымның ұйымшылдығы мен шығармашылықтағы заманға сай бетбұрысы жатыр. Жарық көргеніне 25 жыл толып отырған «Jambyl-Taraz» газетінің осы шыққан биігінен аласармай, ақпарат майданында толағай табыстарға жете беруіне тілектеспін!

Шынболат Сейдуалиев,
облыстық «ARAI» газетінің тілшісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.