Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қамауда отырған журналист Думан Мұхаммедкәрім тағы аштық жариялады

0 205

Талдықорғанда қамауда отырған журналист Думан Мұхаммедкәрім тағы аштық жариялады. Ақпаратқа қарағанда, ол аштық акциясын 1 қыркүйекке қараған түні сағат 00-де бастаған. Ол бұл жолы өзін дәрігерлерге қаратуды талап етіп отыр.

 

Журналистің аштықты бастағанын адвокаты Ғалым Нұрпейісов растады. Ол қамаудағы журналистпен 31 тамызда кездескен.

“Думанның денсаулығы бойынша ауруханаға апарсын деп бірнеше хат жаздық. Кейін Думанға дәрігерлер келген, олар “сені ауруханаға жатқызамыз” деп айтқан. 2-3 күн өтті, ешкім келмеген. Дәрігерлер емдетеміз деп, өз сөздерінде тұрмады. Думанның аштық жариялау себебі осыдан. Ол дәрігерлер келсе, аштықты тоқтатамын деп айтты”, – деді Ғалым Нұрпейісов.

Адвокаттың айтуынша, журналистің бүйрегі, асқазаны сыр бере бастаған. Нұрпейісов журналиске медициналық көмек керек екенін жеткізді.

“Әкесімен бірге Думанға кірдік. Тергеуші жауап алайын деп, тергеу жүргізуге тырысқан. Думанның Алматыға ауыстыру туралы талабы орындалмады, сондықтан ол бұдан бас тартатынын айтты”,– деді адвокат.

Журналист жаз айларында да аштық жариялап тоқтатқан. Адвокат ол кезде оның көп салмақ жоғалтқанын хабарлаған еді.

Айта кетейік, Думан Мұхаммедкәрім “тыйым салынған ұйым ісіне араласу” және “экстремизмді қаржыландыру” баптары бойынша күдікке ілініп, маусымның соңында қамалған. Құқық қорғаушылар билікті қатаң сынап жүрген журналист ісінің саясиланғанын айтып, оны «саяси тұтқындар» тізіміне қосқан.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.