Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ғалым мұрасының тұсаукесері өтті

0 517

Университет қабырғасында шығыстанушы, дінтанушы, жазушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар қажы Дербісәлінің «Араб, парсы деректеріндегі Тараз және таразилер» кітабының тұсаукесері өтті.

Көзі тірісінде ғалым еңбегін жинақтап, баспаға дайындағанмен оны шығарып үлгермей өмірден озған. Жұбайы әрі «Академик, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі» жеке қорының құрылтайшысы Рафия Дербісалиеваның тиянықты жұмысының нәтижесінде кітап жарық көрді.

Осыған орай ұйымдастырылған дөңгелек үстелге қажы Әбсаттар Дербісәлінің шәкірттері, шығыстанушы, дінтанушы ғалымдар мен дін өкілдері қатысты.

Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек Әбсаттар қажы Дербісәлінің орта Азия еліне, қазақ халқына, жалпы мұсылман елдеріне сіңірген еңбегі зор екеніне тоқталды. Қазақ рухниятына еңбек еткен дара тұлға оқу ордасының тарихында да маңызды орынға ие екенін атап айтты.

Әл-Фараби атындағы ҚазМУ «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ислам Жеменей ғалымның шәкірті ретінде сөз алды.

– 1995 жылы ағамыз «Қазақ даласының жұлдыздары» зерттеу еңбегін жарыққа шығарды. Қазақ даласынан шыққан ғұлама ғалымдар туралы жазды. Ұлттық мүддеміз үшін, тереңде жатқан тарихымызға бойлау үшін шығыстану ғылымы қажет екенін сонау тәуелсіздігімізді алмаған тұста қозғаған болатын. Шығыстану факультетін, араб тілі бөлімін ашу арқылы осы салаға дем беріп, мықты мамандардың шығуына бірден бір себепші болды. Сол арқылы парсы, араб тілдерінде жазылған тарихымызды оқып, мол мұраға қол жеткіздік,- деді Ислам Жеменей.

Дінтанушы, phd доктор Қайрат Жолдыбай дін мен ғылымды ұштастырған тұлғаның соңында қалған еңбек кейінгі ұрпақ үшін мол мұра екенін айтты. «Бір өзі бір институтқа татитын ғалым еді. Әбсәттар Дербісәлі зерттеуші ғалым ғана емес ол әрі дипломат. Ел, жер аралап халқымызға қажетті, пайдалы дүниелерді жинады. Үнемі ізденіс үстінде жүрді. Дулати бабамыздың еңбектерін қазақ тілінде сөйлетті. Біз сол кісі арқылы бабаларымыздың еңбегімен қауыштық» деді. Ғылыми мұраларын насихаттау баршамызға ортақ міндет екенін айтып сөзін түйіндеді.

Қазақстан қажылар қауымдастығының басшысы Еркін Дуанаев автордың қайраткерлік тұлғасы хақында сөз қозғады. Араб тілі кафедрасы ашылған тұста алғашқы 12 шәкірттің бірі болғанын айтып, Әбсаттар Дербісәлі ұстаз, ғалым, дін қайраткері ретінде шәкірттері үшін үлгі болғанын тебірене жеткізді. – «Қайраткер. Кемеңгер. Көреген» деген атқа әбден лайық тұлға. Дін – тек құлшылық қана емес, ол – білім, ғылым, өркениет. Ағамыздың еңбегі әлі де жоғары бағаланар, ел танып, халық құрметтер! – деді.

Ардагер журналист Елен Әлімжан ғалыммен болған соңғы кездесуде жүзеге асыра алмаған жоспарын тілге тиек етті. – Ол кісі халқымыздың ауыз әдебиетіндегі мұраларды жинақтап, шетелдегі Таразилықтардың еңбектерін аударып көптомдық шығаруды жоспарлаған. Таразилық ғалымдардың еңбегі өзімізде болмағаны біз үшін үлкен сын. Сол еңбектердің көшірмесін алдырып мұражайларға қоюымыз керек. Оларды зерттейтін мамандар қажет,- деген ардагер журналист парсы тілін студенттерге үйрететін курс, орталық я мамандық ашудың маңыздылығын баса айтты.

Дөңгелек үстел барысында Әбсаттар Дербісәлінің тұлғалық қасиетін, ғылыми ізденісін қозғап, ғалымның университет қабырғасында атқарған жұмыстары жайлы «Дулатитану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу орталықтың қызметкері, профессор Сәмен Құлбарақ және орталық басшысы Сейдахан Бақторазов сөз сөйледі.

Дөңгелек үстел барысында Рафия Дербісалиева университет ұжымына, жиналған қауымға алғысын білдірді.

– Біз мұнда үш кітап әкелдік. Қолжазба жұмыстарын мұқият жинақтап өздеріңізге ұсынып отырмыз. Әбсаттар Дербісәлі Таразды ерекше жақсы көрді. Тарихына бойлады. Зерттеп, зерделей түсті. Бүгін міне ортағасырлық ғалымдар орталарыңызға келді,- деді.

Келелі кездесуде маңызды ойлар, ұтымды ұсыныстар жасалды. Ғылым мен дін саласының өкілдері Әбсаттар қажы Дербісәлі атына көше берілсе, ғалымның құрметіне арнайы дәрісхана ашса, «Ә.Дербісәлі зерттеуіндегі Дулати» тақырыбында конференция ұйымдастырылса және ғалымның барлық еңбектерін жинақтап электронды сандық форматта сақтауды қолға алсақ деген ұсыныстар айтылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.