Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алматыдағы пәтерлердің бірінде 18 жастағы қызды өлтіріп, денесін өртеп кеткен: Куәгерлер жаңа деректерді айтты

0 687

Алматыдағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде 18 жастағы қызды  өлтіріп, денесін өртеп кеткен. Жантүршігерлік оқиға жалға берілетін пәтерде  болған. Ол пәтерге бойжеткен  бір  жігітпен  келген көрінеді.  Тұрғындар  қанды қылмыс күні не болғанын айтып берді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі  Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Бойжеткен мен белгісіз ер адам 13-ші қабатта орналасқан пәтерді бір тәулікке жалға алған. Көршілердің айтуынша, олар ішке кіргеннен кейін ұрсыса бастаған көрінеді.

“Бұл жерде әдетте тыныш болатын. Сол күні түнгі сағат 10-нан бастап түрлі дауыстар шықты. Биік өкшелі аяқ-киім киген қыздың жүгірген дыбыстары естілді. Ары-бері жүрді. Кейін оны біреу ұрды ма әйтеуір жан дауысымен айқайлап жатты”, – деп еске алды кешен тұрғыны Екатерина.

Тұрғындар ер адам қызды тұншықтырып өлтірген дейді. Ізін жасыру үшін  денесін өртеп жіберген болуы мүмкін деген болжамдары бар. Бойжеткен соққыға жығылып жатқанын туысына хабарлап үлгеріпті. Бірақ әпкесі   келгенше, көз жұмған. Бұл үйдің тұрғындары пәтерлерді жалға беруді тоқтату керек деп талап етіп отыр.

“Бұлар небәрі бір тәулік тұратын адамдар. Біз оларды танымаймыз. Жалпы кешенге кімнің кіріп шығып жатқанынан хабарымыз жоқ. Көптеген пәтерлер жалға беріледі. Қожайындарын көрген емеспіз”, – дейді тұрғындардың бірі Яков Хан.

“Жалға беру дұрыс емес деп есептеймін. Қонақ-үйге айналдыруды қою керек. Біз мұнда бала-шағамызбен тұрамыз. Балалар подьезд ішінде жалғыз жүре береді. Сонда олардың жанында қылмыскерлер жүр деген сөз”, – дейді тұрғындардың бірі Гүнар.

Оқиғаға қатысты сан түрлі болжам айтылуда. Қазір полиция оқиғаның  мән-жайын және себебін анықтап жатыр.

“Жеке басы анықталған күдіктіні ұстау бойынша  кешенді шаралар жүргізілуде. Осы ретте жәбірленушінің жеңіл жүрісті әйел болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтыны хабарлаймыз”, – дейді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қылмыстық іс «Адам өлтіру» бабы бойынша тергеліп жатыр. Күдікті қолға түсіп,  кінәсі дәлелденсе 15-жылдан 20-жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Еске салсақ, Алматыда тұрғын үй кешендерінің бірінде бойжеткенді өлтіріп, артынша өртеп жіберген деген күдікпен ер адам ұсталғаны туралы жазған болатынбыз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.