Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алаш мұратына адалдық

0 307

Қай ұлттың болмасын маңдайына жазылған қиын кезеңдер қайсар ұлдардың өмірге келуіне себеп болады. Сондай перзенттің бірі қызыл империяның қазаққа жасаған қысымына бұқпастан тойтарыс берген Тұрар Рысқұлов еді. Шаһарымыздағы Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының ұжымы тараздықтарға тарихи тұлғамыздың өмірінен сыр шерткен «Тұрар. Сталинге хат» реквиемінің премьерасын ұсынды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суретті түсірген Ю.КИМ

Драманың қоюшы-режиссері – белгілі актер әрі режиссер, Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тұңғышбай әл-Тарази. Пьесаның авторы – Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртаза. Өткен ғасырдың 30-жылдарындағы оқиғаны қамтитын шығармада КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары болған Тұрар Рысқұловтың Қазақстандағы ашаршылық туралы Сталинге хат жазғаны баяндалады. Ол аштықтан қаза тапқан халықтың тағдыры туралы ашық жазып, бұл қасіреттің себебін қазақтарды күштеп ұжымдастырудың және байлар мен кедейлердің малы мен жерін тәркілеудің салдарынан екенін тікелей көрсетті. Тұрар Рысқұловтың адалдығы сол кезеңдегі билік басындағылардың ызасын тудырған. Мұның дәлелі ретінде оның бір қызметтен екінші қызметке жиі ауысуын айтуға болады. Оны сол кезеңдегі империя адамдары Түркістан Республикасының басшысы қызметінде қалдырудан үрейленген. Өйткені Тұрардың билігі тұсында Ресей Түркістан сынды шикізатқа бай аумақтан айырылып қалудан сескенді. Рысқұловтың Түркістанның бірлігін сақтау туралы мәлімдемесінен кейін ізінен аңду жүріп, биліктің қатаң бақылауында болған. Бұл тарихи деректер «Тұрар. Сталинге хат» реквиеміне өзек болды. 1925 жылы Сталин мұсылман аймақтарының жетекші кадрларымен кеңес өткізеді. Ол өз сөзінде Рысқұловты пантюркизммен айыптап, басмашылық жағына өткен Татарстанның көрнекті революционер-қайраткері М.Сұлтанғалиевті қолдайды деген желеу жала айтады. Рысқұлов бұл айыптауды жоққа шығарып, Сұлтанғалиевті революцияға адал коммунист деп атайды.

– Өздеріңіз тарихтан білетіндей, 1929 жылы «Известия» газетінде Тұрар Рысқұловтың мақаласы жарық көрді, онда ол партия саясатын іс жүзінде жүзеге асыруда қателіктер барын жазған. Бұл тұрғыда Тұрар Рысқұлов бірде-бір партияға қосылған жоқ. Ол Түркістанды түркі тілдес халықтардың ортақ үйі деп санады. Рысқұлов Сталинге межелеу кезеңінде онымен санасуды және жергілікті жердегі жағдайларды міндетті түрде ескеруді ұсынды. Ол халықтың қайғы-қасіретін дәл, боямасыз жеткізді. 1933 жылы Тұрар жазған хаттан кейін ғана Қазақстанға жіберілетін азық-түлік көмегі туралы мәселе шешілді. Рысқұловтан басқа ешкімнің ұлт көсеміне шындықты айтуға батылы жетпеді. Ұжымдастыру қазақтарды негізгі азық саналатын мал басынан айырды. 1932-1933 жылдардағы қорқынышты ашаршылық ұлтты құрып кету қаупіне алып келді. Т.Рысқұлов туған өлкесінің тәуелсіздігін жақтаушы болды. Алайда жекелеген ұлттардың бірлігі мен тәуелсіздігін сақтау большевиктердің жоспарына кірмеді. Өзінің сенімі, адалдығы үшін Рысқұлов халық жауы деп танылып, 1938 жылдың 10 ақпанында атылып кетті, – дейді шығармадағы басты кейіпкер Тұрардың рөлін шебер сомдаған актер Кенен Ақүрпеков.

Бір-біріне қарама-қайшы Сталин мен Тұрар образдарын театрдың беделді актерлері, ағайынды Мәлік және Кенен Ақүрпековтер шебер сомдап шықты. Әсіресе, Сталиннің тұлғасы, дауыс тембрі, бойындағы ерекшеліктері көсемді тірідей көз алдымызға әкелгендей болды. Пьесадағы әйел образдары да ерекше сомдалды. Актриса Индира Мұстафаева Тұрар Рысқұловтың әйелі Азизаны ойнаса, революционердің қарындасы Түйметайдың образын Жадыра Құлтаева асқан шеберлікпен жеткізе білді. Рысқұловтың отбасындағы ауыр хал бүкіл қазақ даласына ортақ қасіретпен біте қайнасып, асқан драматизммен, жүректі орнынан қозғап жіберер, эмоционалды көңіл-күйді шарықтатар драмалық музыкамен әрленді. Айта кету керек, қойылымның декорациясын суретші Айгерім Рамазан әзірлеген. Реквиемге тән күңгірттік, қасіретті жылдардың бояуы, қайғылы атмосфера көрермендердің қиялын аштық жылдарындағы азапты шақтарға сапар шектіргендей болды. Драманың шарықтау шегінде Тұрардың ұлымен болған диалогы көптің сай-сүйегін сырқыратып, бойды тебірентті.

Жазықсыз жаланың кесірінен, жүйеге қарсы батыл қадамдар жасап, қазақ халқының қалыптасу кезеңінде ірі істер атқарған Тұрар Рысқұловтың бар ғұмырын бір шығармаға сыйғызу оңай емес. Дегенмен пьеса авторы, қазақтың өр жазушысы Шерхан Мұртазаның қаламгер ретіндегі ой ұшқырлығы режиссер, актер Тұңғышбай әл-Таразидің талантымен ұштасып, тараздық өнерсүйер қауымға осындай сапалы да салмақты дүние ұсынды. Тұлғаларымыз туралы өміршең өнер туындылары осы театр қабырғасында дүниеге келуін тоқтатпаса, ел мәдениетінің дамуы үдей түсеріне сенім мол.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.