Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қаламгер драматургиясының даралығы

0 451

Қазақ драматургиясында Оралхан Бөкей есімі айрықша аталады. Өткен ғасырдың 70-жылдарында сахна әлеміне енген суреткердің өнер саласына әкелген жаңалығы мол. «Құлыным менің», «Қар қызы», «Текетірес», «Зымырайды пойыздар», «Жау тылындағы бала», «Жанар», «Атау кере» сынды сахналық туындылары – Оралхан Бөкейдің драматург ретіндегі жұлдызын жарқырата түскен шоқтықты шығармалар.

Рас, Оралхан Бөкейді оқырмандарының негізгі бөлігі жазушы, сырлы суреткер деп таниды. Драматург ретіндегі бағы мен бабы көп жағдайда осы жазушылығының көлеңкесінде көмескі тартып қалып жатқандығы жасырын емес. Оның себебі де жеткілікті. Біріншіден, драмалық туындыларының көп бөлігінің әдеби шығармаларының негізінде инсценировка етіп түзілуінен болса, екіншіден, кезінде театр әлемін дүр сілкінткен пьесаларының ұзақ жылдар бойы сахна көрмей, тартпада жатып қалуы дер едік.
Әйтсе де, Оралханның даралығы сол, қарымды қаламгер қатарластарының ішінде алғаш болып сахна мен екі ортадағы кедергіні бұзып, театр әлеміне арнасы кең жол салды. Бұған дейін этнографиялық, лиро-эпикалық сарында жазылған қойылымдарға үйреніп қалған көрерменді жаңашыл, заманауи қойылым мәдениетіне тәрбиелеу оңай болмады. Бірақ Оралхан ол шепті қақырата бұзды. «Құлыным менің» тек қана қазақ драматургиясы емес, Кеңес драматургиясындағы елеулі оқиға болды. Алғаш болып пьесаны «Театр» журналы аударып басып, спектакльден тікелей репортаж жасады. Сөйтіп, «Құлыным менің» үлкен пікірталастың арқауына айналады. Бұл – қазақ театр өнеріне арналған бірінші дөңгелек үстел болып тарихқа енді. Сонысымен де 70-жылдардың басында Оралхан Бөкейдің сахнаға арнап жазған тырнақалды туындысы қазақ театр өнерінде шын мәнінде жаңалық болды.
«Бір жасқа кеш туса да, мені драматургияға алып келген Оралхан болатын. Ең бірінші «Құлыным менің» пьесасын жазды. Ол кезде драматургияға келу үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Оның үстіне Оралханның пьесасы қабылданбай, қиналғанын да көріп жүрмін: күнде ЦК, күнде талқылау. Сонда оған ұрысатынмын: «Сорың құрғыр-ау, сенің драматургияда нең бар? Алты ай уақытың кетті. Екі ортада шапқылап жүрсің. Осы уақытта повесть бітіріп қоятын едің ғой». Шынын айту керек, ол кезде жап-жас жігіттің пьесасы «әкемтеатрдың» сахнасында қойылу деген қиял-ғажайыптай көрінетін еді. Мұқаң, Ғабең, Сәбеңдер тұрғанда біздің драматургия туралы ойлауымыздың өзі әбестік, әлін білмеген арыстанның айға шапқанындай болатын. Енді қалайша, қабырғалы қаламгеріміз Ғабиден Мұстафиннің өзін классиктігіне қарамай, «Түнгі қонағын» әзер қойып жатса? Ғабеңнің қасында біз кімбіз? Бірақ бақытымызға орай, қателесіппіз. Ақыры Оралхан жеңді. Даудың бәрі артта қалып, көп ұзамай «Құлыным менің» қойылымының премьерасына бардық. Пьесасы қабылданбай, қиналып жүрген күндерінің бірінде Оралхан маған: «Әй, Дулат, неғып жүрсің? Сен де пьеса жазсаңшы. Жалғыз өзім талана бермей, «әне Дулат та сөйтіп жатыр» деп көңіл жұбатып жүрейін. Әйтпесе жалғыз өзіме қиын болып кетті. Мына тоғышар топқа әлім жетер емес», – дейтін. «Қой, мен жаза алмаймын. Осы прозаның өзімен қалт-құлт етіп әзер жүргенде, қайдағы пьеса? Драматургияның исі тіпті мұрныма да бармайды», – деп үзілді-кесілді қарсы шықтым. Ол болса: «Сенің шығармаларыңның бәрі драматургияға сұранып тұр, тым болмағанда біреуін пьесаға айналдырып көрсеңші», – деп мені үгіттей бастады. Шынында да, кейін ойланып-ойланып, «Ректордың қабылдау күндері» деген ең алғашқы пьесамды жаздым. Ол бірден Мәскеуде қабылданып кетті. Жұрттан бұрын оған Оралхан қуанды: «Қатарымызға ақыры қосылдың-ау. Сенің келмей қоймайтыныңды білуші едім», – деп қатты тебіренді. Кейінірек «Әпкені» жазуға отырдым. Міне, Оралхан мені осылай драматургияға алып келді», – деп бөлісті замандас досы жайлы естелікпен жазушы Дулат Исабеков.
Жазушының драматург ретіндегі бағын биіктеткен әуелгі факторды Оралхан Бөкейдің драма әлеміне сахна сырын жетік біліп келуімен байланыстырғанымыз жөн. Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің сырттай бөліміне оқуға түспестен бұрын актерлік мамандықта оқуы өнердің қыр-сырын жете түсінуіне зор септігін тигізді.
Ақындарға бергісіз шалқар шабытпен жырлап, айтар ойы бірнеше бет көлемінде ұзақ-ұзақ сөйлемдерге құрылып, тоқтаусыз, ешбір үтір-нүктесіз ақ өлең болып құйылып кете беретін Оралхан Бөкей стилі, жазу шеберлігі, ойды берудегі форма тапқырлығы – тек өзіне ғана жарасар, өзіне ғана тән дара құбылыс. Бұл жөнінде суреткердің өзі: «Маған сөйлемдерің ұзақ деп сын айтады. Мен оны ешқашан да қысқартпаймын. Сол ұзақтық – менің артықшылығым болар, сол ұзақтық шығар мені Оралхан Бөкеев етіп тұрған. Егер оны қысқартсам, мен де көптің бірі болып қала берер едім. Сондықтан да мен ел шығып жатқан есіктен емес, терезеден түскім келеді. Маған еліктеп жылап жазған, жырлап жазған біреулер қазір редакцияда емес, жындыханада жүр. Мықты болсаң қайталама менің өмірімді, бөрінің артынан бөлтірік ақылдылығынан еріп жүрген жоқ», – деп өктем үн қатады.
Көптеген жазушы, драматург, зерттеушілер оралхандық стильді көпсөзділікке теліп, сахна тілі талаптарына сай емес деген тұжырымдар келтіріп жүр. Алайда «Стиль – жазушының өзі» деген ақын А.Пушкин сөзін естен шығармаған жөн. Жазушының ішкі «мені» көмескі тартқан шығарма өзіндік ерекшелігінен де айырылады. Мәселен, Шекспирді неге арындатып, асқақтатып жазады, болмаса А.Чеховты неге жербауырлап, оқиғаға тым шұқшия шүйлігесің, енді болмаса Н.Островскийді неге кейіпкерлерің көпсөзді деп кінәлау қисынсыз. Себебі ол – стиль, жазушының өмірді, өнерді көру мен қабылдау талғамы мен түйсігі. Ендеше, Оралхан Бөкейді де неге қарасөзбен жырлайсың, оқиғада үнсіз ойлантатын үзілістер аз деп кінәлау әділеттілік болмайды, біздіңше. Оралханның стилі сонау Антика дәуірінің алыптары: Эсхил, Софокл, Еврипидтердің, бергісі – У.Шекспир, М.Әуезов, Ғ.Мүсіреповтің қара өлеңмен өріліп кете берер жазу өрнегімен арналас. Айтар ойын ақ өлеңмен төгілтер Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин үнімен өзектес. Негізгі бастауын да сол арнадан алады. Жүсіпбек Аймауытовтың құнарлы көркем тілі мен кейіпкерінің психологиялық күйін берудегі сұңғылалығының исі Оралхан Бөкей туындыларынан да аңқып сезіліп тұрса, Бейімбет Майлиннің жазушы шығармашылығына белгілі дәрежеде әсері болғандығын да қаламгер қолтаңбасынан аңғару қиын емес. Қос жазушының кейіпкер сомдаудағы және оны ашудағы ұқсастықтармен қоса, кейіпкерлерінің сөз бастауларынан да үндестікті көруге болады. Мәселен, Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» әңгімесіндегі кексе жолаушының «Сіз білмейтін шығарсыз, жас болдыңыздар ғой» дейтін сөйлемі мен Оралханның «Сіз білесіз бе, әй, қайдам, сіз білмейтін шығарсыз» деп келетін тіркестер – Б.Майлиннің О.Бөкейге рухани әсерінің айғағы. Сол секілді екі жазушының кейіпкердің іс-әрекеті арқылы оның психологиясын берулерінде де көптеген ұқсастық бар.
Суреткердің сөз өнері саласында драматург ретіндегі тұғырын нықтайтын сүйекті әрі ең негізгі туындысы – «Құлыным менің» пьесасы. Алғаш рет 1974 жылы режиссер Қадыр Жетпісбаевтың қолтаңбасында көрерменімен қауышқан драма өзіндік табыспен ұзақ жылдар бойы М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық қазақ драма театры сахнасында үзіліссіз қойылды. Республиканың өзге де облыстарында «Құлыным менің» пьесасына оқтын-оқтын оралып, драмалық шығарманың көркемдік желісіне қызығушы режиссерлер мен театрлар көптеп табылды. Алайда солардың ішінде тарих тарамдарында атауы алтын әріппен жазылып қалғаны – режиссер Қадыр Жетпісбаев қойған ең алғашқы «Құлыным менің» еді. Бұған әсер еткен бірінші себеп: драматург пен режиссердің тереңнен түсініскен, берік үндескен үйлесімді рухани тандемі болса, екіншіден – қойылымға қатысқан мықты актерлік құрамның тегеурінді еңбегі.
«Құлыным менің» – психологиялық драма. Қаланың шулы ортасының көрігін қыздырған жастардың психологиясы мен Бозтайлақ сынды даланың еркін өскен ұланының ұлттық тіні берік, тамыры бекем, тұнығы шайқалмаған болмысы текетіреске түседі. Бозтайлақ – қаймағы бұзылмаған қазақы қалыптың айнасы.
Оралхан Бөкейдің драматург ретіндегі қолтаңбасын даралайтын келесі қойылым – «Қар қызы» спектаклі. Қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында 1982 жылы режиссер Мең Доң Ук қойған «Қар қызы» сахнаға шын мәніндегі сыршыл романтиканы, сиқырлы бір тақырыпты алып келді. Алғашқы нұсқасында Нұржан есімді жалғыз кейіпкерді, кейін автор сахнаға шығар алдында Бақытжан, Аманжан, Нұржан есімді үш кейіпкерге бөледі. Бақытжанды Нұрқанат Жақыпбай, Нұржанды Досхан Жолжақсынов және Аманжанды Алтынбек Кенжеков кейіптейді. Қар қызын ойнау жауапкершілігі талантты актриса Шолпан Сіргебаеваға жүктеледі. Ал Қоңқай шалдың бейнесі Қасым Жәкібаевтің нұсқалауында қазақ сахнасындағы жаңалық кейіпкер болғандығы жазылады деректерде.
Соңғы уақытта сахнада замандастар бейнесінің сомдалмай жатқандығы жайында театр, әдебиет саласы мамандары арасында жиі сын айтылады. Біздіңше, жоғарыда келтірген шығармалардың қай-қайсысы да аталған үде-міндетке толыққанды жауап береді. Осы тұрғыдан келгенде, жазушы, драматург Оралхан Бөкейдің шығармашылық көркем әлемі алдағы уақытта жан-жақты жіті зерттеуге сұранып тұр. Қаламгердің биылғы 80 жылдық мерейтойында суреткердің әдеби мұрасымен қатар, драматургиялық ізденістерін зерделеуге де баса мән беріліп, республикалық деңгейде театр фестивалі ұйымдастырылса, Оралхан пьесаларының сахналық жаңа тынысының ашылары сөзсіз.

Ақерке Елікбаева,
филология ғылымдарының кандидаты

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.