Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Гауһартас» – қазақ әйелдерінің қасіреті

0 355

Қазақ жазушыларының ішінде әйел тақырбына тоқталмаған қаламгерлер кемде-кем. Дегенмен, уақыт көшінде сараланып, жыл өткен сайын жақұттай жалтырап, оқырман қолында тозатын шығармалар көп емес. Бұл қатарда белгілі драматург, жазушы Дулат Исабековтің заман озса да құндылығы тозбаған «Гауһартас» повесі де бар.

Мақаланың тұздығы ретінде автордың аталған шығарма туралы естелігінен бастасақ. Жазушы Д.Исабеков 1966 жылы желтоқсан айында әскер қатарына алынып, Мәскеу түбіндегі «Кубинка» стансасы төңірегінде орналасқан ерекше нысанды күзететін батальонға келеді.
«Орыс орманының іші, мойнымызда автомат, биік мұнараның үстінде кезектесіп қарауылда тұрамыз. Бір күні, ерте азанда, алдымдағы қыстақтан таныс ән естілді. «Маяк» радиотолқынынан алакеуімдегі жым-жырт тыныштықты бұзып, Бибігүл Төлегенова апамыз «Гауһартасты» шырқап жатты. Ап-анық естіліп тұр. Бұрын да «Гауһартасты» сүйсініп тыңдаушы едім, ал туған елден шалғайда тыңдаған сәтте сағыныш жүректі елжіретіп, көзімнен жас шығып кетті. Бірдеңе жазу керек болды. Әнші туралы ма, әлде ән туралы ма? Ақыры, ән туралы жазуға тоқталдым. Ротада қазақ жігіттері көп еді, күнде кешкілік жиналып маған келеді. Менің бірнәрсе жазып жүргенімді біліп, оқыңызшы деп қасымнан шықпайды. Өтініштерін орындаймын. Не керек, күнде жазғанымды соларға күнде оқып, тыңдататын болдым. Тыңдаушыларым енді не болар екен деп әр кешті асыға күтеді. Сөйтіп, екі айда повесті жазып бітірдім. Әдепкіде «Дала еркесі» деген едім, кейін повесті «Гауһартас» деп өзгерттім», – деп еске алыпты автор.
Теріскейде туған бұл шығарманың басты тақырыбы – әйелдің қоғамдағы орны мен оның адамгершілік құндылықтары. Сонымен қатар шығарманың астарында моральдық сұрақтар мен адами қатынастарға қатысты көптеген ойлар жатыр. Қаламгер өз шығармасында адамның ішкі әлемі мен оның қоғаммен байланысын егжей-тегжейлі сипаттайды. Кітаптың кейіпкерлері мен оқиғалары арқылы өмір мен қоғам арасындағы күрделі диалогты ашып көрсетеді.
Әуелі, шығарманың көркемдік идеясына тоқталсақ. Қарапайым қазақ отбасы. Отбасыдағы екі ұл. Бір-біріне кереғар тип. Қайыркен – жаңа ұрпақтың үні болса, Ыбыш – қазақтың тапталған еркіндігі, таптаурын пікірінің жемісі, жасықтықты қаталдықпен бүркемелеген мінезінің бейнесі. Осы екі кейіпкер екі ұрпақтың тайталасының күресін бейнелейтіндей. Ал Салтанат ше? Салтанат – күллі қазақ әйелінің мінсіз типі. Жаны нәзік, еркін, сезімтал, табиғатпен тыныстаған ғажап бейне. Осынау үштіктің бейнесі қоғамның ішкі күресін суреттейді. Салтанат бейнесі өзге екі кейіпкерге қарағанда тереңірек сипатталады. Бұл ойға дәлел боларлық тағы бір мысал – Салтанаттың сол отбасыға қуаныш боп келгеніне ананың ерекше қуануы. Жылдар бойы сөнген үміттің жылт етуі. Осынау көріністердің түпкі мәніне үңілсек, Салтанат отбасының ғана емес, күллі қазақ қызының үміті. Ізгілікке ұмтылған, махаббат пен мейірім есігін ашуға талпынған кейіпкердің құрбандығы – күллі қазақ қызының өмірін бейнелегендей.
Сонымен бірге «Гауһартас» – адам трагедиясы. Бұл әдебиетте талай қозғалған, десе де алдағы уақытта да қозғала беретін мәңгілік тақырып. Себебі қоғамды құратын адам болғандықтан, адамдар жайлы тақырыптар қашан да өтімді. Бір шаңырақтың бақытты сәті мен трагедиялық соңы ерекше талғаммен жеткізілген.
Шығарманың соңы әскерге кетіп бара жатқан Қайыркен мен шығарып салуға бара жатқан әкесі Салтанаттың моласының басына барып, Құран оқып қайтуға бекінеді. Бірақ бейіт басына жақындаған кезде жастай жаны үзілген жарының басында Ыбыш отырғанын көреді. Ол бөтен адамға таңғаларлық көрініс емес те болар. Бірақ бірауыз жылы сөз айтпаған күйеуінің қабір басында қимай, күңіреніп отырғаны туған бауыры мен әкесін ойландырып қойды. Міне, махаббат, міне, қимастық сезім.
Бүгінде арзандап кеткен, бізге үйреншікті көріністегі махаббат күшті ме, әлде ешқашан дауыстап айтылмаса да, қара тастан да қатты мінезін аяулы жанға деген сезімі жібіткен Ыбыштың махаббаты күшті ме? Автор осыны айтқысы келген шығар. Өкініштісі сол, қазақы тәрбиемен өскен Ыбыш «сүйем» деген сөзді анасынан қайта туса да айта алмас еді. Әйелге көңіл бөлмеу, «Қалың қалай?» дегеннің орнына «Әлі жатырсың ба?» деп дүңк ете қалу – нағыз қазақы мінез емес пе?

Біздің әке-шешеміздің арасындағы қарым-қатынас тура бұлай емес, бірақ дәл біздегідей ашық жеткізілмейді.
Сонымен бірге шығармада қайны мен жеңге арқылы ерлі-зайыптылар арасындағы нәзік сезімнің қаншалықты ұяң, ұялшақ екенін жеткізгісі келгендей.
Жалпы әйел табиғаты – о бастан нәзік жаратылыс. Сондықтан әр адам қандай тәрбие алса да, өз бақытын қадірлеу керек. Салатанат Ыбыштың адал жары еді. Ыбыш Салатанатқа көбірек мейірімділік таныту керек еді және қол көтергені үлкен қате еді. Өмір бойы қатал болып жүрсең де, отбасына келген жағдайда әрдайым қайырымды, мейірімді болу керек деп ойлаймын. Автордың айтпағы да осы болар.
Сөз реті келгенде айта кетейін, 1975 жылы кинорежиссер Шәріп Бисенбаев осы «Гауһартас» шығармасының желісімен фильм түсірген еді. Жарты ғасыр өтсе де әлі экраннан түскен жоқ. Қазақ киноматографиясындағы сәтті шыққан туынды қанша көрсең де жалықтырмайды. Мұндағы басты себеп, көркемдік тұрғыда Салтанаттың жоғары бағаға ие болуы, фильмнің әлі қоғам арасында сұранысқа ие екендігі қоғам дертінің әлі де өршіп тұрғанын байқатады. Фильм осы тұрғыдан да бүгінгі қоғам бейнесімен тікелей байланысып, астасып жатыр.

Гүлнар ТАЙЖАН,
«Taraz24» телеарнасының журналисі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.