Қай мамандық иелерін алып қарасақ та өз салалары арқылы елінің өсіп-өркендеуі мен болашағы үшін аянбай еңбек еткен жандар баршылық. Тіпті, солардың кейбіреуі өзі туып-өскен өңірінің немесе мемлекетінің мақтанышына айналып жатады.
Міне, сондай артына ізгіліктің ізін қалдырған аптал азаматтардың бірі – Тұрар Сейдуманов десек, артық айтқандық болмас. Ер есімін ел есінде қалдыру үшін әрі Тұрар ағамыздың өзін де, өмір жолын да кейінгі ұрпаққа таныту мақсатында кітап жазылып, оқырманға жол тартты. Яғни, еліміздің кітап қоры тағы бір тағылымды кітаппен толыға түсті.
Өзінің ұл-қыздары мен немерлерінің демеушілігімен Тұрар Әлішұлының 90 жылдық мерейтойына орай екі тілде жарық көрген бұл кітаптың басым көпшілігі естеліктер мен пікір-лебіздерге толы. Эссе-жырлар да бар. Сондай-ақ 167 беттен тұратын кітап Тұрар ағаның еңбек және өмір жолына байланысты түрлі де сырлы суреттермен көмкерілген. Алматы облысы, Қаскелең қаласының «Импульс» баспаханасында басылып шыққан аталмыш кітаптың мұқабасы да көз тартарлықтай көркем.
Кітапты қолына алған адам Тұрекең туралы толықтай танып-біліп, керекті деректер мен мәліметтерге де қанық болары анық. Сондықтан газет оқырмандарына оның ішкі мазмұнын бастан-аяқ баяндап шықпадым. Дегенмен, кітап кейіпкерінің өмірбаянына азды-көпті тоқталып өткенді жөн көрдім.
Т.Ә.Сейдуманов 1934 жылы облысымыздағы Жамбыл ауданы, Ақбұлым ауылында дүниеге келген. 1952 жылы сол кездегі Жамбыл қаласының Жамбыл Жабаев атындағы №5 мектепті бітірген соң Алматы мемлекеттік медициналық институттың «Педиатрия» факультетіне оқуға түседі. Оны үздік тәмәмдаған соң еңбек жолын осы қаладағы балалар клиникалық ауруханасының 1-ші бөлімінде аға медицина қызметкері болып бастайды.
«Ер – туған жеріне» демекші, сол жылы Жамбыл ауданының Гродеково ауылындағы ауруханаға педиатр болып ауысып келеді. 1960-61 жылдары Жамбыл қаласындағы балалар ауруханасында, 1961-65 жылдары Сарысу ауданындағы 120 орындық туберкулез ауруханасында бас дәрігер, 1965-72 жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасы меңгерушісінің орынбасары болып еңбек етеді. Осы жылдар аралығында медицинаның қыр-сырын меңгеріп, тәжірибе жинақтай білген әрі жақсы жақтарымен көзге түскен Тұрар аға облыстық аурухананың бас дәрігері болып тағайындалады.
Ол жерде бір жыл еңбек еткен соң сол кездегі ҚазССР денсаулық сақтау министрі Төрегелді Шармановтың ұсынысымен Торғай облыстық денсаулық сақтау басқармасына қызметке жіберіледі. Ол жерде де жемісті жұмыс атқарып, Талдықорған облысындағы Киров аудандық ауруханада бас дәрігер болып тура 10 жыл елеулі еңбек етеді. Содан кейін Жамбыл облысына қайта оралып, үш бірдей ауылдың амбулаториясына (1986-1994 ж.) басшылық етіп, ол жердің де тыныс-тіршілігін жандандыра түседі. Сосын арнайы жолдамамен республикалық «Шымбұлақ» шипажайы бас дәрігерінің орынбасары болып аттай 6 жыл, ал 2000 жылдан бастап 2009 жылға, яғни зейнет жасына дейін Алматы теміржол ауруханасында дәрігер болып еңбек етіп, құрметті демалысқа шығады.
Адам тану қасиеті мен дұрыс шешім қабылдау қабілетінің арқасында Тұрар Әлішұлы қашан және қай жерде басшы болса да жұмысқа дәрігерлерді білімділігі мен біліктілігіне қарай қабылдайтын. Себебі, ондай мамандардың сол саланың дамуына әрі науқастардың дұрыс емделуіне оң септігін тигізетінін біледі.
«Талант – 1 пайыз, еңбек – 99 пайыз» деп Лев Толстой айтпақшы, жоғары оқу орнын үздік бітірсе де үнемі ізденіс үстінде жүретін Тұрар аға өзін өзі жан-жақты дамытып, білімін де жетілдіріп отыратын.
Денсаулық сақшылары саналып, ажалға араша түсетін болғандықтан, дәрігерлік – білімділік пен біліктілікті, ұдайы ізденісті талап ететін мамандық. Сондықтан сол заманда, яғни кеңестер кезінде 15 одақтас республикадағы медициналық жетекшілер мен түрлі дәрігерлер Мәскеуге емдеудің жаңа тәсілдерін меңгеру үшін арнайы курстарға жіберіліп тұратын. Міне, осындай 6-8 айлық курстардан Тұрар ағамыз да шет қалмайтын.
Сонымен қатар ол кісі медициналық кітаптар мен газет-журналдардан бөлек, әдеби, тарихи кітаптарды да көбірек оқитын. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары Тұрар аға қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып, жұмыстағы болсын, мейлі ағайын-туыстар мен достарының арасындағы болсын, игі істердің басы-қасынан табылатын.
«Бейнет түбі – зейнет» демекші, бар ғұмырын медицина саласына арнаған ардагер дәрігердің еңбегі еш кетпей, КСРО денсаулық сақтау саласының үш мәрте үздігі атанып, арнайы медальді кеудесіне тақты. Бұдан бөлек, әр жылдары КСРО-ның және ҚазССР-дың бірнеше медалімен, көптеген құрмет грамоталарымен және дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар Тұрар Сейдуманов Торғай облыстық халық кеңестері депутаты, партия комитетінің Пленум мүшесі болды.
«Дәрігердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, қолдары жұмсақ, жағымды болу керек» – деп Гиппократ айтқандай, осы қасиеттің бәрі бойынан табылатын Тұрар Әлішұлы қашанда өз ісіне адал әрі абыройлы болды.
Көпке үлгі бола білген білімді де білікті дәрігер Тұрар аға зейнетке шыққанда да кейінгі буын дәрігерлермен тәжірибесін бөлісіп, ақыл-кеңесін де беріп жүрді.
Осылайша медицинада мерейі үстем болып, өзіндік қолтаңбасын қалдырған Тұрар аға жұбайы Рахима Аманжолқызы екеуінің өмірге әкелген алты перзентінің ішінде әке жолын қуған ұлдары – Сұлтан мен Манат және қыздары – Роза медицина саласында елеулі еңбек етуде. Қалған балалары – әр саланың білікті мамандары.
Ұлағатты ұл-қыздарынан көптеген немере мен шөбере сүйген Тұрар ата мен Рахима апа – көздері тірісінде-ақ қазыналы қарттардың қатарын толықтыра білген жандар.
Әріптестерімен қоса көпшіліктің арасында да өз саласының саңлағы атанған Тұрар атаның 75 жасқа толған туған күні 2009 жылы Алматы қаласында лайықты атап өтілді. Өкінішке қарай, сол жылдың соңында Тұрар ата жарық дүниемен қоштасып кете барды.
«Өлді деуге сия ма, айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – деп хәкім Абай жырлағандай, еліміздің медицинасына үлкен үлес қосқан Тұрар Әлішұлы Сейдумановтың жарқын бейнесі мен сіңірген еңбектері, атақ-даңқы ешқашан ұмытылмақ емес.
Сөз соңында бұл кітапқа біз де құтты болсын айта отырып, оның жарық көруіне атсалысқан азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Және кітаптың қазақша бөлімінің редакторы әрі алғы сөзін жазған белгілі журналист Тұрмаханбет Қазақбаев пен орысшасының редакторы, ардагер журналист Жарылқасын Нұралиевтің еңбектері атап өтуге әбден лайық.
Алдағы уақытта да өз саласы бойынша еліміздің ертеңі үшін елеулі де абыройлы еңбек еткен өзге де жайсаң жандар жайлы кітаптар жазылып, оқырманға жол тартып жатса, нұр үстіне нұр. Себебі, ондай кітаптар бір отбасына ғана емес, кейінгі ұрпақ үшін де, тарих үшін де керек.
Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,
ақын-журналист