Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қала әкімі құрылыс нысандарын аралады

0 644

Кеше Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар құрылыс нысандары мен жол жөндеу жұмыстарын аралап, жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.

Тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайды

Қала әкімі ең әуелі Төле би көшесі бойындағы №11 жатақхананың жай-күйі мен ондағы ауланың абаттандыру жұмыстарымен танысты.
– Бұл жатақхананың жағдайы бізге жақсы таныс. Анығын айтқанда, күрделі жөндеуді қажет етеді, – деген Бақытжан Әмірбекұлы тиісті сала басшыларына уақыт создырмай құжаттарды даярлауды тапсырды.
Осыдан кейін қала башысы «Қант зауыты» тұрғын алқабындағы тілсіз жаудан зардап шеккен тұрғын үйге арнайы барып, жағдайын көзбен көрді. Қызыл жалынның салдарынан Гончаров көшесі, №9 мекенжайында орналасқан жапсарлас салынған 4 үй өртенген болатын. Өз кезегінде қала әкімі қиындыққа тап болған отбасыларға әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Бұдан соң қала әкімі «Тектұрмас» тарихи-мәдени кешенінің 2-ші кезеңі «Ежелгі бекініс» ғимаратының құрылыс жұмыстарына ат басын бұрды. Мұнда шаһар басшысы мердігерге құрылыс жұмыстарын сапалы және бекітілген мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Қазыбек би көшесі, №115 тұрғын үй алдына жеке кәсіпкер құрылыс жұмыстарын жүргізуге ниетті. Бірақ тұрғындар ондағы жасыл желектің кесілуіне және құрылыс жұмыстарының заңдылығына күмәнмен қарайды. Тұрғындардың өтініш-тілегін мұқият тыңдаған Бақытжан Әмірбекұлы көтерілген мәселені жеке бақылауына алып, заң аясында шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.

Жол жөндеу жұмыстары жалғасуда

Шаһар басшысы құрылыс нысандарын аралау барысында жол жөндеу жұмыстарын да назардан тыс қалдырған жоқ. Әсіресе Бақытжан Әмірбекұлы Саңырық батыр көшесіндегі жол құрылысына қатысты нақты ескертпелерін берді.
– Жаяу жүргіншілер жолдары көптеген жерлерде топырақ қабатының астында қалады немесе уақытында салынбайды. Сондықтан бұл жұмысты құрылыс барысында бірге бітіру керек. Сонымен қатар түнгі жарық шамдарын орнату жұмыстары да кезек күттірмейтін мәселе, – деді Бақытжан Орынбеков.
Қала басшысы Шостакович көшесі мен «Тектұрмас» тұрғын алқабындағы жолдардың жөнделу барысын көріп, жауаптыларға құрылыс жұмыстарын межелі мерзімде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ шаһар басшысы Мәмбет батыр көшесінің жол құрылысы жұмыстарына аялдап, көшені көгалдандыру үшін тал егетін орындарды дайындау мен көшенің Жамбыл даңғылымен қиылысатын тұсына үлкен жарық шамын орнату керектігін ескертті.
Бұдан бөлек, қала әкімі «Қант зауыты» тұрғын алқабы, Д.Нұрпейісова көшесі, «Кірпіш зауыты» тұрғын алқабы, Стариков, Хмелевский, Байқоразов және Строительный көшелері бұрылыстарына түнгі жарық шамдарын орнату бойынша да нақты тапсырмаларын жүктеді.

Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.