Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қала экологиясына «қара бұлт» төнбесін десек…

0 209

Қоршаған ортаның адамдардың әрекетінен зардап шегуін азайту әлем елдері шешімін таппай келе жатқан ауқымды мәселердің бірі болып отыр. Әсіресе ауаның, судың және жердің ластануы болашақта әлеуметтік-экономикалық шығындарға ұрындыратын ауқымды проблемаға, оның арты үлкен зауалға әкеліп соғуы мүмкін. Аталған алапаттың алдын алуда, әсте, бейқамдыққа жол беруге болмайды. Қуантарлығы, бұл бағыттағы жұмыстар елімізде, оның ішінде біздің өңірде де қолға алынуда.

Аталмыш мәселе бүгін өткен Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің отырысына да арқау болды. «Қала  аумағында  қоршаған ортаны қорғаудың, атмосфералық ауаның жай-күйі, оның сапасын ҚР Экологиялық кодексі талаптарына сәйкес жақсарту шаралары» тақырыбына арналған жиынға қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил, қалалық мәслихаттың төрағасы Кенжебек Олжабай, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, зиялы қауым өкілдері мен шаһар тұрғындары қатысты.

Кеңесте сөз алған Тараз қалалық Қоғамдық кеңестің хатшысы Сәкен Қондыбаев облыс орталығының экологиялық жағдайына тоқталып, өндірістік орындардан шығатын қалдықтар жайына бей-жай қарауға болмайтынын атап өтті.

– Қаламыздың ауасында диоксидтің құрамы қалыпты жағдайдан 3 есеге, ал шаң-тозаң 4 есеге артыпты. Қала бойынша шектеулі рұқсат етілген концентрациядан құмырысқа қышқылы 2,7 есе және азот тотығы 1,25-1,5 есе жоғарылаған.

Қолда бар деректерге сүйенсек, Тараз қаласы аумағындағы қоршаған ортаны ластап  отырған кәсіпорындар жылына орта есеппен 28,5 миллион тонна зиянды қалдықтарды ауаға таратып отыр.

Облыс орталығына жақын орналасқан химия зауыттары күндіз-түні Жамбыл, Байзақ аудандарының құнарлы жерлерін ластап, улап жатыр. Қазір шұғыл шаралар қолданбаса, бұл екі ауданның жері  келешекте пайдаланудан қалу қаупі бар.

Сол секілді қала ішіндегі топырақта фтор, қорғасын, мырыш, мыс қалыпты мөлшерден анағұрлым көбейіп кетуі Тараз қаласының  жеке сектор тұрғындарының жер учаскелеріне егілген көкөніс дақылдарын түрлі ауруларға ұшыратып,  зиянын тигізіп отырғандығына көзіміз жетіп отыр, – деген Сәкен Омарәліұлы бұдан бөлек шаһар аумағында көліктердің көбеюінен бөлінетін улы газдар көлемінің артуына, қоқыс полигондары мен кәріз суларын тазалау мәселеріне кеңінен тоқталды.

Басқосу барысында қатысушылар өз ойларын ортаға салып, тұрғындар тарапынан да уәжді пікірлер айтылды. Ал өз кезегінде қала әкімінің орынбасары Қ. Исмайл халықты мәдениеттілік сақтауға, апта сайын өткізілетін сенбілікке белсене қатысуға, жұдырықтай жұмылып, облыс орталығын таза ұстауға шақырды.

Нұргүл ОРАЗБЕК

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.