Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алғыс саған, ақ халатты абзал жан!

0 300

Дәрігерлік мамандық – бұл ерлік. Ол өзіне құрбан болуды, ойдың, ниеттің адал болуын қажет етеді. Дәрігер болу үшін бейімділік, икемділік, қабілеттілік қасиеттері аздық етеді. Сырқат жандарға біліктілігі мен күшін ғана жұмсап қоймайтын мамандық иелері әлемді дүр сілкіндірген пандемия кезінде алдыңғы шепке шығып, ауруға қарсы тұрды.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Коронавируспен күрескен қазақстандық дәрігерлер күн демей, түн демей кезекшілікте болып, отбасынан жырақта жүріп қызмет етті. Науқастарды қабылдаудан бастап, олардың көңіліне қаяу түсірмей, барынша қолдау білдіруге де тырысты. Вирустан сақтайтын арнайы қорғаныш киімін де тәулік бойы киіп жүруге мәжбүр болды. Ауа өткізбейтін формамен жүру, көздің астын қажайтын медициналық бетперде тағу әсте оңай емес. Дәрігерлер үшін әр күн – мереке. Себебі олар әр сағат, тіпті минут сайын науқастардың жанын аман алып қалу үшін күреседі. Біз медицина қызметкерлері күні қарсаңында мамандықтағы қиыншылықтар мен қызықтар туралы, өмір мен өлім арасындағы арпалысты білу мақсатында ақ халатты абзал жандармен тілдескен едік.

Сағыныш Нұрғабылова,
Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы «Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны бас дәрігерінің инфекциялық сұрақтар жөніндегі орынбасары:

– 2000 жылы Ақмола мемлекеттік медицина академиясын аяқтап, Астана мемлекеттік медицина академиясының негізінде интернатура оқып, 2002-2004 жылдар аралығында Ақмола облысы, Степногорск қаласының қалалық емханасында учаскелік терапевт болып еңбек жолымды бастадым. 2005 жылы Тараз қаласына келіп, инфекционист болып қызмет атқардым. Жалпы 2020 жылдың тамызынан бастап коронавирус инфекциясымен күресуге үлесімді қосудамын. Тамыз айында жұмысқа оралғанымда, әріптестерімнің маусым айындағы пандемияның жасаған дүр сілкінуінен айыға алмай, көздеріндегі тұнып тұрған жасты көрдім. Бірақ ол кездің өзінде де науқас көп болатын, әсіресе, реанимация бөліміндегі жағдайлары өте ауыр науқастарды көрудің, оларды емдеудің өзі оңай болған жоқ. Күннің ыстық аптабында жеке бас қорғаныш киімімен жұмыс істеу, қалың маскамен демалу өте қиын екен. Тіпті ентігіп жатқан науқаспен бірге демалып кеткеніңді байқамай, өзің де ентігіп тұрады екенсің. Ең қиыны – осы науқастардың сыртта күтіп жүрген туыстарымен сөйлесу. «Анашым қалай?», «Әкемнің жағдайы қалай?» деп жанұшырып үмітпен жақсы хабар естігісі келіп тұрған халық. Көбіне жасы үлкен кісілер, салмағы жоғары науқастар, қосалқы созылмалы аурулары бар, әсіресе, жүрек-қан тамырлары жүйесінің аурулары бар, қант диабеті және өкпенің обструкциялық аурулары бар науқастардың жағдайлары ауырлап кетеді. Ұзақ уақыт коронавируспен ауырғанға дейін де гормональды ем қабылдаған науқастар біздің берген емімізге организмі жауап қатпай қоятын жағдайлар болуда. «Коронавирус жоқ» деп сенбей, ауруханаға өте кеш келіп жатқандар қаншама болды. Дәрігер үшін ең бір үлкен қуаныш, бақыт – ол емдеген науқасымыздың дертінен айығып, аман-есен туғандарының арасына оралуы. Сол кісілердің алғысын есту төбемізді көкке жеткізеді. Ондай кездер де, Құдайға шүкір, аз емес. Біздің дәрігерлер, мейірбикелер, кіші мейірбикелер әрбір науқасқа өзінің туғанындай қарап, мейірімін төгіп, науқас күлімсіресе бірге күліп, қиналса бірге қиналып, адал еңбек етуде. Осы пандемия кезінде бәріміз психолог болып та кеттік. Мұндайда бір-бірімізді қолдау керек екенімізді әбден түсіндік. Жұмыста жүріп іштей күйіп кету болмаса екен деп бір-бірімізге жанайқайымызды айтып та алатын кездер болып жатады. Өйткені бір жылдан аса уақыт үлкен психоэмоционалдық жүк көтеріп жүру оңай емес, оның үстіне әр медициналық қызметкердің өзінің жеке өмірі де бар емес пе?! Кішкентай балалары, қартайған ата-ана, ата-әжелері дегендей. Оларды да уайымдап, былтыр үй ішін көрмей кеткен кездерді айтсаңызшы.
Ендігі жерде елімізге тілерім – осы індетті жеңіп шығу. Ол үшін жаппай вакцинация-дан өтуіміз керек. Егер ауырып қалған жағдайда жасырынбай дәрігерге барайық. Қоғамдық жерлерде маскамызды тағып, арақашықтықты сақтап жүрейік. Негізі, мұның бәрі жай ғана жеке бас гигиенасы емес пе?! Кез келген инфекциялық аурудың алдын алу осы жеке бас гигиенасын бұзбау болып табылады. Коронавирус жалпы Жер шарының халқын көптеген жақсы әдеттерге үйретті десем де болады. Денсаулықтарыңыз мықты, ниеттеріңіз таза болып, дәрігерлерге тек профилактикалық скрининг өту үшін ғана жолықтырсын дегім келеді.

Айдана Бегелтаева,
қалалық көпбейінді ауруханасының клиникалық фармаколог дәрігері, терапевт:

– Қазақ ұлттық медициналық университетінде 7 жыл білім алып, алғаш еңбек өтілімді Талас аудандық орталық ауруханасында қабылдау және терапия бөлімдерінде бастадым. Содан кейін Тараз қаласындағы бұрынғы №2 қалалық ауруханада (қазір қалалық көпбейінді аурухана) пульмонология бөлімінде жұмыс істедім, сондай-ақ облыстық көпбейінді балалар ауруханасында клиникалық фармакологпын. Алты жылға жуық қызметімде көптеген жағдайды бастан кешірдік қой. Ал дәл қазіргі пандемия кезінде ауыртпалық дәрігерлерге түскені белгілі. Ауыр тұсы – сол жердегі атмосфера. Келіп түскен науқас болсын, емдеп жатқан дәрігерлер болсын, психологиялық тұрғыдан қиналды. Әсіресе, бас кезінде. Өйткені COVID-19 туралы алғашқы жаңалықтарды естігеннен-ақ жұрт дүрлікті. Одан біздің елімізге де жетті. Қанша жерден медицина маманы болсақ та, жақындарымыздың жағдайы үшін алаңдадық. Оның қаншалықты қауіпті әрі таралуы тез вирус екенін білетін бірден-бір жан біз едік. Сөйтіп, міндетімізді белсене атқаруға кірісіп кеттік. Ауруханаға келген беттегі науқастардың түрі көз алдымда. Ол кездегі сезімді айтып жеткізу мен үшін өте ауыр. Бір сәт сол кісілердің орнына өзіңді қойып көргеннің өзі оңай емес. Әрі бірінші келгенде көбінің бойын қорқыныш билейді. Кейін жанындағы науқастарға қарап, ішкі атмосфераға біртіндеп ене бас-тайды. Қажетті ем-домды алып, нұсқауларды бұлжытпай орындап жүрді. Сынама жасалып болып, ондағы нәтиже теріс болып шықса, қалай қуанғанын көрсеңіз. Сондай жайдары қалыппен үйіне қайтатын. Ондайда іштей біз де қуанып қаламыз. Вирус жұқтырған науқастармен жұмыс істегендіктен, арнайы киім беріледі. Оны шешпей киіп жүру қиын болды. Ауа жетпей тұншығасың. Өзіме сол жағынан ғана ауырлау болды. Ал басқасының бәрі – күнделікті жұмыс. Тәулік бойы қызмет етуден шаршадық деп мүлдем айтпас едім. Тек сол қажытқан тұсы – психологиялық ахуал мен киім. Қандай ауру болмасын ең алдымен адамның өзін-өзі ұстауы қажет. Ауруға берілмей, көңілді күйде жүріп, әр қиыншылықты жеңетініне сенген адаммен жұмыс істеу де оңай.

Қай заманда да адам үшін ең бастысы – денсаулық. Денің сау болмаса, саған дөңгеленген дүниенің ешбір бояуы, қызығы болмайды. Сондықтан Алладан берілген аманатқа қиянат жасамайық!

Тимур Әшіров,
«Жүрек» кардиохирургиялық клиникасы» ЖШС интервенциялық кардиология бөлімінің меңгерушісі:

– Менің мамандық таңдауыма әкем кардиохирург Абдуталип Махмұтұлы септігін тигізді. Әкемнің анасы, яғни апам жүрек ауруынан ерте көз жұмыпты. Сондықтан әкем осы ауруды толығымен зерттеп, аталмыш саланы таңдаған. Мен де әке жолын қудым. Отбасымның барлық мүшесі денсаулық сақтау саласында қызмет етеді. Мектепті тәмамдап, Бішкек мемлекеттік медицина академиясына оқуға түсіп, сосын терапия бойынша интернатураны, кейін интервенциялық кардиология саласында білімімді жетілдіру үшін Польшаға кеттім. Бұл бағытта елімізде оталар аз жасалатын. Сонымен қатар мен Еуропада аритмология саласындағы білімімді жетілдірдім. Біздің облыста біз бірінші болып аритмияны жоғары технологиялық хирургиялық емдеуді енгіздік. Қазіргі уақытта бізде науқастарды емдеудегі заманауи технологияларға байланысты көптеген жоспарлар бар. Болашақта жүрек ырғағының бұзылуын емдеудің жаңа әдісін – жүрек жеткіліксіздігі мен инсульт қаупін азайтатын криоабляцияны енгізгіміз келеді. Дәрігер ретінде мен сіздің қолыңызда адамның өмірі екенін түсініп, бұл мамандыққа саналы түрде баруыңыз керек деп айта аламын. Біздің мамандықта кездейсоқ адамдар болмауы керек. Мен әрдайым науқасқа жақын туыс ретінде қараймын, бұл науқастардың өздері үшін өте маңызды. Сондай-ақ біз адамдардың көңіл-күйін түсінуіміз керек, көңіл-күйімізді көтере білейік, тынышталып, тез қалпына келуге стимул бере аламыз. Бірінші кезекте әрбір медициналық маман психолог, содан кейін дәрігер болуы керек. Біз күніне бірнеше операция жасаймыз. Уақытқа қарамастан сіздің көмегіңіз қажет болатын әртүрлі жағдайлар болады, мұнда біз үшін отбасының қолдауы да маңызды рөл атқарады. Менің төрт балам бар, олар қазірдің өзінде медицина саласында жұмыс істегісі келеді. Мен оларға бұл үлкен жауапкершілік екенін айтамын. Егер олар осы салаға келгісі келсе, жүректерімен таңдау жасауы керек.

Мереке қарсаңында әріптестерімді құттықтаймын. Барлығына мықты денсаулық және отбасыларына бақ-береке тілеймін.

Нұрлан Арысбаев,
Жамбыл облыстық фтизиопульмонология орталығының инфекциялық стационар меңгерушісі:

– Менің еңбек жолым Алматы қаласындағы «Атамед» медициналық орталығында басталды. 2012 жылдан бастап мен Жамбыл облыстық туберкулезге қарсы диспансерде уролог, 2018 жылдан сол ауруханада сарапшы дәрігер болып жұмыс істедім. Пандемия басталғалы бері біздің аурухана ковидке қарсы стационарға өзгертілді. Маған және менің әріптестерім үшін ең қиын кезең артта қалды деп ойлаймын. Қазір мен ковидтік аурухананың жетекшісімін. Біз орташа және ауыр коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды емдеп жатырмыз. Жаһандық деңгейде дәрігерлер мен барлық медициналық қызметкерлер пандемиямен күрестің алдыңғы қатарында. Көптеген тәсілдер мен олардың күш-жігерінің арқасында науқастар сауығып кетті, көбісі емделді. Мен өзімнің әріптестеріме алғысымды білдіргім келеді. Олардың мойнында адамдардың өмірі үшін үлкен жауапкершілік бар. Карантиннің қаншалықты тез аяқталып, эпидемия басылатындығы сіз бен бізге байланысты. Біз бұл дертті бірлескен күшпен жеңетініміз сөзсіз. Дәрігерлер үшін ең жақсы көмек – әркім сақтық шаралары мен карантин ережелерін сақтауында. Халқымыздың табандылығы, мықты ерік-жігері мен өз күшіне деген мызғымас сенімі арқасында дүрбелеңге негіз жоқ. Мен қала тұрғындарын әлеуметтік арақашықтықты сақтауға және жақсылыққа сенуге шақырамын және біз өз кезегімізде бұрынғы өмір ырғағын қалпына келтіру үшін бәрін жасаймыз. Мереке қарсаңында мен барлығына денсаулық, өркендеу, сәттілік және күш-қуат тілеймін.

Ақтолқын Бекбенбетова,
Жамбыл облыстық штаттан тыс фтизиопедиатр:

– 2004 жылы Алматы қаласындағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне түсіп, 2012 жылы интернатураны аяқтадым. Еңбек жолымды 2013 жылдан Жамбыл облыстық фтизиопульмонология орталығының диспансер бөлімінде учаскелік фтизиопедиатрдан бастадым. 2015-2018 жылдар аралығында диспансер бөлімінің балалар бөлімшесінің меңгерушісі болып қызмет атқардым. 2018-2020 жыл аралығында осы орталықтың мониторинг тобында фтизиопедиатр үйлестірушісі болып жұмыс істедім. 2020 жылдан бастап Жамбыл облыстық штаттан тыс фтизиопедиатрымын. Пандемияның басталуынан біздің ұйым ковидке қарсы күресте уақытша провизорлық стационарға айналды. Осы кезеңде мен стационарда дәрігер болып қызмет атқардым. О бастағы қиындықты сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бірақ біз командамен бірге осы кезеңнен бірге өттік. Ағымдағы жылдың сәуірінен бастап бүгінгі күнге дейін біздің стационарымыз КВИ ЖОФП инфекциялық стационарына уақытша бейінделді, қазіргі уақытта ковид стационарында қызмет етемін. Біз коронавируспен ауыратын орташа, ауыр жағдайдағы науқастарды емдеумен айналысамыз. Әлемнің барлық елдерінде дәрігерлер, медбикелер және басқа да денсаулық сақтау қызметкерлері коронавируспен күресуде алдыңғы қатарда. Олардың күш-жігерінің арқасында көптеген ауру жұқтырғандар сауықты.
Қазіргі таңда коронавирустың таралуына қарсы күресіп жүрген дәрігерлерге және барлық медицина қызметкерлеріне алғысым шексіз. Қарусыз майданда қолдарынан келген көмекті аямаған әріптестерімнің ішінде осы дерттен көз жұмғандар да болды. Халқымыздың табандылығының, мызғымас сенімінің арқасында біз бұл қиындықты міндетті түрде жеңеміз деп сенемін. Жеңіске жету үшін Жамбыл облысының тұрғындарына әлеуметтік қашықтықты сақтауды, қолдарын дезинфекциялауды, медициналық бетперде киюді ұсынамын. Баршаңызға денсаулық, амандық, табыс және халықтың өсіп-өркендеуін тілеймін.

Бақытжан Ережепов,
Жамбыл облыстық жедел жәрдем станциясының жылжымалы бригадасының фельдшері:

– Мен медицина саласында 2008 жылдан бері жұмыс істеймін. Алғашқы ауысымым әлі есімде. Менің алғашқы қоңырауым жол-көлік оқиғасына қатысты болды, зардап шеккендер көп, олардың арасында біз сол жерде жүрек-өкпелік реанимация жасадық. Ол кезде бойымда қорқыныш басым, алғашқы көмекті қалай көрсетсең, адамның одан кейінгі жағдайы соған тікелей байланысты. Науқас дәрігердің қолына жеткенше, біз алғашқы медициналық көмек көрсетеміз. Қазір өмірлік тәжірибе жинау арқылы көп дүние үйрендік. Әрбір дертіне дауа тапқан жанды көру кез келген дәрігерге үлкен жеңіс деп білемін. Біздер адамның тәнін ғана емес, жанын да емдейтін кездер болады. Науқасқа демеу беріп, жылы сөйлеп, көңілін көтеріп, ауруын бір сәтке болсын ұмыту үшін қолымнан келгенін істеймін. Жалпы мамандыққа деген қызығушылығымды анам оятты. Ол кісі – медбике. Менің ортам медицина саласының қызметкерлері болғандықтан, болашақ мамандығым туралы көп ойланбадым. Таңдаудан қателеспегеніме қуанамын. Медицина саласын таңдаған адамда үлкен жүрек болу керек. Науқастың көретін алғашқы дәрігері – фельдшер. Сондықтан бар мейірім-жігеріммен көмек қолын созудан жалықпаймын. Кейін сол жан дертінен сауығып, «103» нөміріне хабарласып, маған алғыс білдіргенде не көшеде кездейсоқ көріп рақметін айтқанда, іштей берген антыма адал екеніме тағы бір көзім жетеді. Осы тұста ойыма бір жағдай түсіп отыр. Жедел жәрдем шақырған орында 17 жасар жасөспірім анафилактикалық шок алып, өмірі секундтармен өлшеніп жатты. Десе де, біз ол баланы дәрігерлердің қолына беріп үлгердік. Сонда жаныма жақындаған ер адам алғысын жаудырып, арқамнан қақты. Кейін белгілі болғандай, ол сол жігіттің әкесі екен. Сондай тұстарда мамандығыңның қаншалықты жауапты екенін тағы бір сезінесің.

Біздер үшін арнайы күнтізбедегі мейрамнан бөлек, өмір мен өлімнің арасында жатқан науқасты аман алып қалған сәттің бәрі – үлкен мереке. Ең бастысы, жақындарымыз ауырмасын. Анасы баладан, баласы анасынан айырылмасын. Елімізде тек жақсылық болып, әлемді шарлаған дерттен аман-есен құтылайық.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.