Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақынға тағзым

0 614

Таяуда Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен ұлы ақын туған 10 тамыз – Абай күні болып белгіленді. Атаулы күндер тізбесіне енген мерекеде еліміздің барлық аймақтарында ақын ескерткішіне гүл қою салтанаты өтті. Осындай шара Тараз қаласында да ұйымдастырылды.

Сәндібек ПІРЕНОВ, суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев және облысымыздың бір топ зиялы қауым өкілі 10 тамыз – Абайдың туған күніне орай ескерткішіне салтанатты түрде гүл шоқтарын қойды. Гүл қою рәсіміне Батырбек Құлекеевпен бірге Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, «Egemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі, ақын Хамит Есаман және облыстық «ARAI» газетінің тілшісі, жас ақын Нұржан Қадірәлі қатысты.

– Абай – қазақ халқының рухани абызы. Оның өлмес мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады. Сондықтан ұлы ақынның шығармаларынан әркім өзіне керегін алса, рухани әлеуеті байып, танымы тереңдей түседі, – деді Хамит Есаман.

Бұл күні ескерткіш маңында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық- музейінің қызметкерлері Абайдың даналық сөздерінен көрме ұйымдастырды. «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Әлімбай Найзабаев ақын шығармашылығына байланысты дәріс оқыды. Сонымен қатар Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы қазақтың бас ақынына арнап кітап көрмесін ұйымдастырды.
– Биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойына байланысты кітапхана қоры ақынның 236 дана кітабымен толықты.

Енді тұрғындар кез келген уақытта кітапханаға келіп, жаңа кітаптармен танысуына болады. Бүгін көрмеге Абайдың орыс және ағылшын тіліне аударылған кітаптарын да әкелдік. Себебі ақынның кітабы бірнеше ұлттың тіліне аударылғанын баршамыз білеміз. Бұл дегеніміз – Абай мұрасын тек қазақ халқы ғана емес, әлем елдері таныды деген сөз, – дейді кітапхана директоры Эльмира Абдинова.

Жамбыл облысы Ішкі саясат басқармасы мен «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігі «Ғылым таппай мақтанба» облыстық дельфийлік ойындар және «Мәңгілік елдің алыптары» тақырыбында эссе жазу байқауын жариялаған болатын. Байқау ғұлама Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналды. Дельфийлік ойындарда қатысушылар бес номинация бойынша өзара үздіктерді анықтаса, эссе жазуда бір ғана жеңімпаз болды. Байқауда әр номинация бойынша нағыз шығармашыл, өз істерінің майталмандары қазылық етті. Атаулы күнге орай, жүлдегерлер мен жеңімпаздарды марапаттау салтанаты «Jastar» қабілет орталығында өтті.

Дельфийлік ойындарда жүлделі орын алған жастарды Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов пен «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігінің президенті Арман Әубәкір марапаттады.

Жарыс қорытындысына тоқталсақ, «Үздік поэзия» аталымы бойынша хакім Абайға арнау жазған Жұматай Көксубай, «Үздік гуманист» номинациясында жарыс шартына сәйкес Абайдың 45-ші қара сөзінің жалғасын, яғни 46-шы қара сөзін өзге қатысушылардан жоғары деңгейде жазған Жамбыл ауданынан келген Ақжігіт Жетпісбай үздік деп танылды.

Сондай-ақ «Үздік бейнелеу өнері» номинациясымен сарысулық Елнария Сейітжапар, «Үздік бейнеролик» номинациясымен Мерей Бает, «Үздік Абай әндерінің орындаушысы» аталымында Шу ауданынан келген Ербосын Қасымбеков бірінші орынға ие болды.
– Жарысқа қатысып, бағын сынаған жастар, сіздер – үздіксіздер. Себебі, ең біріншіден, жастардың көкірегінде от болуы керек. Бүгінгі жеңімпаздарды құттықтаймын. Армандарыңыз орындалып, білім биігінен көріне беріңіздер, – деді Арман Әубәкір.

Ал «Мәңгілік елдің алыптары» атты эссе байқауында Байзақ ауданынан келген Талшын Биболқызының ойтолғауы мазмұны, креативтілігі, өзектілігі мен көркемдігі жағынан басқа қатысушыларға қарағанда бір саты жоғары екені білініп, бірінші орынға ие болды. Болашағынан үлкен үміт күттіретін жас қаламгерлерді Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Данияр Тұрмағанбетов марапаттады. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге Алғыс хат пен ақшалай сыйақы табысталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.