Тамыздың 2-ші жексенбісі – Құрылысшылар күні. Зәулім ғимараттар, тұрғын үйлер, сәулет өнерінің теңдессіз туындылары, ауруханалар, мектептер, балабақшалар мен мыңдаған шақырым жолдарда құрылысшылардың еңбек іздері жатыр. Қазір құрылыс саласы жылдан-жылға дамып, сәулетші, жобалаушы, инженер, тас қалаушы, сылақшы, тағы басқа да өз жұмысының майталмандары экономикамыздың өркендеп, әлеуметтік жағдайымыздың жақсаруына оң ықпалын тигізуде.

Сәндібек Піренов

Соңғы жылдары Жамбыл облысында тұрғын үй бағдарламалары жолға қойылып, құрылыс жұмыстары қарқын алды. Әсіресе, облыс орталығы Тараз қаласының келбеті ашылып, жыл сайын жаңа ғимараттармен толықтырылуда. Екі мың жылдық тарихы бар көне қаланы туристік орынға айналдыру жобасы басты орында тұрған соң, жергілікті және отандық құрылыс компанияларына үлкен салмақ түсетіні рас.

Тұрғын үй салу мәселесі тікелей халық санының өсуімен байланысты. Осы орайда жаңадан бой көтеріп жатқан 15-ші мөлтек аудандағы үйлер тұрғындарға үлкен сый болғандай. Биыл да қала бойынша 54 тұрғын үй салу жоспарланып, оған 20,2 млрд теңге қарастырылыпты. Нақтырақ айтсақ, оның ішінде аумағы 113 329 шаршы метрді құрайтын 1920 пәтерлі 27 кредиттік тұрғын үй (2019 жылдан өтпелі 18 үй), 925 пәтерлі 23 арендалық тұрғын үй және «Арай-2» шағын ауданында әлеуметтік осал топтарға арналған 90 пәтерлі 4 тұрғын үй бар.

Қалалық әкімдіктің құрылыс бөлімі берген мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылдың сәуір айында 80 пәтерлі арендалық тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Енді жыл соңына дейін 48 нысан толығымен аяқталып, 2545 шаңырақ қоныс тойын тойламақ. Ал қалған 6 үйдің құрылысы келер жылы аяқталады деп жоспарлануда. Айта кетейік, тұрғын үйлердің басым бөлігі «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және «Бақытты отбасы» бағдарламалары арқылы салынып жатқан соң, ең бірінші кезекте халықтың санаты, яғни әлеуметтік жағдайы назарда.

Құрылысшылар күніне орай біз де 15-ші мөлтек ауданға барып, ондағы құрыш білекті құрылысшылардың жұмысымен танысып қайттық. Біз дегеніміз, қасымызда қалалық әкімдіктің құрылыс бөлімінде 12 жылдан бері жемісті еңбек етіп жүрген Төлеген Омарқұлов та болды. Өңірде құрылыс саласы бойынша құрылған 29-ға жуық серіктестік болса, соның ішінде толымды тірліктер атқарып жүрген «СМК-4» компаниясының орны бөлек. Құрылыс басында көппәтерлі үш үй салуды қолға алған учаске бастығы Шынтемір Ержігітов те болды. Оның айтуынша, карантинге байланысты жұмыстар тоқтамағанымен, кейбір жұмысшылардың сырқаттанып қалуына байланысты күтпеген қиындықтар туындап тұрады екен. Орайы келгенде біз де учаске бастығын әңгімеге тарттық.
– Әрине, құрылыс саласында білікті мамандарға қашанда сұраныс жоғары. Мәселен, мен осыған дейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларында үйлер тұрғыздым. Сосын қаладағы «Тараз-Арена» спорт кешенін салуға өз үлесімді қостым. Қазір қала аумағындағы үш үйдің құрылыс жұмыстарын қолға алдым. 2019 жылдың желтоқсан айында басталған жұмыстар бойынша 60 пәтерлі екі үй биыл беріледі. Ал 80 пәтерлі үй келер жылға өтпелі. Ол үйдің де негізгі бөлігін биыл аяқтауға ниеттіміз.

Алдағы уақытта жоғарыда айтып өткен жұмысшылардың жетіспеушілігі де шешімін табады. Қажетті техникалардың барлығы бар. Тек қала бойынша құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқан соң, бетонның жетіспеушілігі туындауда. Міне, бүгін де кеше берген тапсырыс түрлі себептермен уақытында келмеді, – дейді Шынтемір Шегебайұлы.

Шынтемір Ержігітов 1983 жылы әскерден кейін Жамбылда «инженер-құрылысшы» мамандығын бітіріп, кейін Түркістан қаласында металл өңдейтін зауытта 15 жыл жұмыс істеген. Артынша елордада 5 жыл құрылыс саласында еңбек етіп, мол тәжірибе жиған соң, Тараз қаласына келген. Сала маманының айтуынша, құрылыста практикадан бөлек, теорияны да жетік меңгеру керек екен. Мысалы, оның жиған білімі өмір бойына азық болыпты. Соны өзінің балаларына да жиі айтып отырады.

Үлкен ұлы Шыңғысбай да Шынтемірдің ізін жалғап, әке жолын қуыпты. Өзінің 63 жасында да құрылыс саласында жиған мол тәжірибесінің арқасында жемісті еңбек етіп жүрген Шынтемір Ержігітовтің тірлігін екінің бірі иіріп әкете алмайтыны рас. Ұжыммен жұмыс істеп, әр жұмысшының тілін табу да оңай нәрсе емес түсінгенге. Өз сөзінде «ең бастысы, сапаға мән береміз» деген маманнан үй құрылысындағы ең басты қағидалар жайында сұрап білдік.

– Қалада бетонның және басқа да тауарлардың сапасын анықтайтын тәуелсіз зертхана бар. Сол арқылы сертификатталған тауарларды қосымша тағы тексеруден өткіземіз. Біз үйдің іргетасын бастамас бұрын 1 метр 30 сантиметр төмен қазып, алдымен қиыршақ тас төсейміз. Мұның барлығы жоба бойынша жасалады. Үйдің қабырғасы жаңа заманға сай тиімді газоблокпен қаланады. Оны Алматыдан алдырамыз. Осылайша, отандық тауарларды барынша тиімді пайдаланудамыз. Құрылысшылар да жергілікті азаматтар.

Құрылысқа енді араласып жүрген жастар да уақыт сәтімен жұмысқа машықталуда. Оларға әрдайым қолғабыс етіп, түсіндіруден жалықпаймыз. Жалпы жұмыстарға 70 адам тартылған, – дейді сала маманы.

Шынтемірдің еңбек жолында қолға алған ірі жобаларының бірі «Тараз-Арена» кешенін салу болған. Ол кезде уақыттың тапшылығына байланысты архитектор да нысанның сызбасын уақытынан бұрын аяқтапты. Салдарынан сол жобаға бірқатар өзгерістер енгізген. Соған қарамастан, Шынтемір архитектордың әу бастағы жоспарына сай самұрық құстың отырған бейнесін айнытпай шығарыпты.

Кейін архитектор Молжігіт дейтін азамат Шынтемірдің қолын алып, алғысын да айтыпты. Жалпы кейбір құрылыс жобаларында архитектордың сызбасынан бірлі-екілі қате-кемшілік шығады екен. Бірақ шебер құрылысшы әр кез жоба авторымен келісіп, өзгеріс жасап отырады. Себебі жалпы нысанның сапасы мен сыртқы келбетіне атүсті қарауға болмайды.

Мұндағы шеберлердің құрылыс саласында жүргеніне кемі 10 жылдан асыпты. Бұл туралы құрылыс басында 80 пәтерлі тұрғын үйдің төртінші қабатына шығып, жұмысшылармен сұхбаттасқанда білдік. Сала мамандарының жұмыстары бір қарағанда оңай игеріп кетуге болатындай көрінеді. Бірақ жоғары қабатқа көтерілген сайын жұмыс қиындай түседі. Мұндай кезде сақтандыру белдігін тағынған күннің өзінде төмен қарауға жүрегің дауаламайды. Құрылысшыларға қателесуге болмайтынын осыдан-ақ білуге болады.

Кез келген нысанда жұмыстардың жүйелі атқарылуын қадағалайтын шебер болады. Барлық жұмысшылар соның нұсқауымен өзіне жүктелген міндетті орындайды. Осы үйдің төртінші қабатынан он жылдан бері құрылыста жүрген Әділет Мақұлбековті де жолықтырдық. Ол «автомобиль жолдары және аэродром құрылысын салу» мамандығы бойынша білім алған. Қазір маманға 80 пәтерлі тұрғын үйді жобадан айнымай салу міндеті жүктелген. Әділет осыған дейін бірқатар ірі қалада шеберлігін шыңдаған. Сала маманы қызу жұмыс кезінде, тіпті түнде де жұмыс істеуге тура келгенін айтады.

«СМК-4» серіктестігінің жолға қойған жоспарлы жұмыстарымен танысқан соң, дәл осы шағын аудандағы «Таразстрой-2004» серіктестігіне барып, учаске басшылары Ғалымжан Тойбаев және Әділбек Дауылбаевпен жолықтық. Әуелі жұмыс барысымен танысып, кейін құрылыс саласы жайында аз-кем ақпарат алдық. Екі ісмер 4 жылдан бері аталмыш компанияда жұмысын жалғастырып жатыр екен. Жоғары білімді мамандардың осы салада жүргендеріне 15 жылдан асыпты. Екеуі де «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 80 пәтерлі үйдің жұмысын қолға алған.

Оның бірі ағымдағы жылдың қазан-қараша айында тапсырылады. Осы салада алғашқы қадамдарын қарапайым жұмысшыдан бастаған учаске бастықтары тұрғын үй құрылысында туындайтын барлық олқылықтың орнын дер кезінде толтырып отырады. Бұл тынымсыз тірлік пен ұзақ жылдық тәжірибенің арқасы деп білеміз.

Бір байқағанымыз, мұнда жыл басынан бері бетон тапшылығы туындамаған. Техникалар мен қажетті құралдар да жеткілікті екен. Учаске басшылары мұның барлығы серіктестік директоры Мейірбек Жүнісов пен құрылыс заттарын уақытында жеткізіп отыратын қойма басшысы Әлібек Жұмановтың жұмысына үлкен жауапкершіліпен қарауынан дейді.

Нарықтық заманның әсері бірқатар саланы айналып өтпегені рас. Әсіресе, небір зәулім ғимараттардың аз ғана уақыттың ішінде бой түзегеніне таңдай қағасың. Ел жастары да сол көштен қалмай, құрылыс саласында мейлінше жаңа технологияларды пайдалануда. Біз танысып қайтқан 15-ші мөлтек аудандағы құрылыс жұмыстары да қарқынды жүруде.

Бастысы, құрылысшылар қауіпсіздік шаралары мен санитарлық талаптарды сақтай отырып, ең әуелі сапаға үлкен мән беріп отыр. Сонымен қатар қала аумағындағы барлық құрылыс нысандары қоғамдық бақылау тобының назарында. Демек, алдағы уақытта қаланың көркеюі жолында және ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар жоспарланған уақытта аяқталады деуге болады.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған