Елдіктің тұғыры атанған Бурабай төрінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы өтті. Бұл жолғы алқалы жиын ел дамуының стратегиялық басымдықтарын айқындап, қоғамды толғандырған өзекті мәселелерді талқылауға арналды.
Жиынның алғашқы күні құрылтай мүшелері мәдениет пен руханият, азаматтық қоғам, білім мен ғылым, әлеуметтік-экономикалық даму тақырыптарын жан-жақты талқылап сарапшылар мен қоғам белсенділері 120-дан астам ұсыныс білдіріп, жаңа бастамаларды ортаға салды.
Пленарлық отырыста сөз алған Ұлттық құрылтай мүшесі, қоғам белсендісі, құқық қорғаушы Айгүл Орынбек қоғамдғы өзекті мәселелерге тоқталып, қазіргі таңда ел ішінде түрлі қайырымдылық қорлары көбейіп кеткенін, халықтан ақша жинап жүрген түрлі ұйымдардың барлығы бірдей адал жолмен жүріп, шынайы мақсаттарға қызмет етіп жатқанына сенбейтінін жеткізді.
– Бір күдікті жайтқа тоқталғым келеді, мысалы, «Kaspi» қосымшасында 358 қайырымдылық қоры халықтан электронды түрде жылу жинау үшін тіркелген екен. Таңданарлығы сол, бұл қорлардың кейбірі тіпті қандай мақсатта және не үшін құрылғаны белгісіз. Басшылары да көрсетілмеген. Кейбір қордың интернетте атқарған жұмысы жайында есептерін таппадым. Ал дүкендер мен сауда сөрелеріндегі қайырымдылық үшін қойылған жәшіктердің санын білмейміз. Күн санап көбейіп жатыр, бірақ ол ақшаның да сұрауы жоқ. Елімізде тіпті күдік тудыратын күмәнді қорлар арандатушылар мен радикалды топтарды қаржыландыруы мүмкін деген оймен мемлекетіміздің болашағына, қауіпсіздігіне алаңдаймын. Бұл – шұғыл шешуді қажет ететін ең басты мәселе, – деді ол.
Сондай-ақ құқық қорғаушы өз сөзінде адам тағдырына қатысты тағы бір өзекті мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, Сот сараптамалары орталығы Әділет министрлігіне тікелей бағынысты болғандықтан, сарапшыларға құзырлы органдар тарапынан қысым өте жоғары. Соның әсерінен бүгінде зорлық-зомбылық, фоноскопиялық, фонографиялық, филологиялық, аудит қорытындысы және тағы да басқа сараптамалар кезінде сыбайластық әрекеттеріне жиі жол беріліп, заңды белшесінен басу жайттары көбейіп кеткен. Ол сот сараптамаларын Әділет министрлігінен бөліп, Мемлекет басшысына ғана есеп беретін «Ұлттық құқықтық сараптама орталығы» ретінде құруды ұсынды.
– Ұлттық құрылтайдың мінберінде көтерілуі қажет тағы бір мәселе – онлайн-несие мен алаяқтық. Кейінгі жылдары екінші дәрежелі банктер ұсынатын «онлайн-несиелердің» қолжетімділігі артып, бұл алаяқтар үшін оңай табыс көзіне айналды. Әншейінде қарапайым адамдар ақшаға шын мұқтаж болып банкке арнайы барып сұрағанда, «төлеуге табысыңыз жеткіліксіз» немесе «несие тарихыңыз қара тізімде» деп бере қоймайтын қолжетімсіз несиені алаяқтар «монитор-экранның» арғы жағында отырып-ақ оп-оңай алып, олжаға кенеле салатыны күмән тудырады. Мұның себебі банк клиенттері деректерінің алаяқтардың қолына оңай түсуінде деп ойлаймын. Оған қоса интернет-алаяқтық та жаһандық мәселеге айналып отыр. Бірақ мұны тоқтатудың жолдары қиын емес, – деген ол бірқатар ұсынысын жеткізді. Атап айтқанда, әуелі кибер қылмыскер жәбірленушіні байланыстыратын байланыс операторлары өздеріне жүктелген жауаптылықты сезінуге тиіс.
– Мәселен, интернет алаяқтар жалған, яғни тіркеусіз нөмірлерді қолданып, өз құрбандарына қоңырау шалады. Осы әрекеттің бәрін байланыс операторлары көріп тұрып, оны бұғаттаудың орнына екі жақты бір-бірімен байланыстырып отыр. Сондықтан мемлекетіміздегі ұялы операторлардың жауапкершілігін «Байланыс туралы» заңмен міндеттеуді сұраймын, – деді заңгер.
Сонымен қатар Айгүл Орынбек Қылмыстық кодекстің 423-бабында көзделген сотқа дейінгі тергеу мен жабық сот отырыстарының құпиялылығын сақтау мәселесіне Президенттің назарын аударды. Оның айтуынша, аталған баптың қолданылуы адвокаттар мен құқық қорғаушылар үшін үлкен кедергілер тудырып, олардың жұмысын едәуір шектеп отыр. Көп жағдайда мұндай мәліметтерді жариялау – әділетсіздікті әшкерелеу, заңсыздықтарды дер кезінде тоқтату, сыбайластық пен жемқорлықтың тамырына балта шабу мақсатында жасалады.
– Сондықтан бұл әрекет мемлекеттік немесе құзырлы органдардың заңсыз әрекеттерін ашуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған болса, тергеу деректерін жария ету қылмыс ретінде қарастырылмау керек деп есептеймін, – деді ол.
Сонымен бірге Ұлттық құрылтай мүшесі, қоғам қайраткері, экономист Жақсылық Құлекеев мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту мақсатында еліміздің салық саясатын жетілдіруге қатысты ойларымен бөлісті. Оның айтуынша, бюджетке неғұрлым көбірек қаражат түссе, соғұрлым мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу әлеуеті арта түседі. Ал керісінше жағдайда қалтасы қалыңдар байыған үстіне байып, кедейлердің кедейлене беруіне жол ашыла береді. Өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық алшақтық ұлғайып, елдің саяси тұтастығына қауіп төнеді.
– Өкінішке қарай, елімізде жыл өткен сайын бюджетке түсетін салықтың көлемі ішкі жалпы өніммен салыстырғанда төмендеп бара жатыр. Мысалы, 2005 жылы бюджетке түскен салық ІЖӨ-нің 26 пайызына тең болса, кейінгі жылдары бұл көрсеткіш ІЖӨ-нің 12-13 пайызынан аспайтын жағдайға жеттік. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Осы мәселе мені экономист ретінде қатты толғандыратынын жасыра алмаймын. Біз кейінгі жылдары әлеуметтік мәселелерді шешуге ерекше екпін бердік, соның арқасында аз қамтылатын топтарды қолдауға кең жол ашылуда. Әрине, бұл баршамыздың көңілімізден шығатын жайт екені белгілі. Мысалы, биыл республикалық бюджеттің шығысы 25,7 трлн теңгені құрайтын болса, соның 9,6 трлн-ы немесе 40 пайызы, ал жергілікті бюджеттен бөлініп отырған 15,5 трлн теңгенің 54 пайызы әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталады. Осының бәрі мемлекеттің әлеуметтік мәселелерді шешуді алдыңғы орынға қойып отырғанын көрсетеді. Дегенмен кейінгі кезде қалыптасқан жағдайға байланысты мемлекеттің әлеуметтік мәселелерді шешуге қаражаты жеткіліксіз бола бастады. Соның салдарынан мемлекет ішкі және сыртқы қарызды жыл сайын өсіріп жатыр. Қарызға өмір сүрудің қауіпті екенін түсіндіріп жатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Осы жағдайды жан-жақты талқылай келе Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасымен Салық кодексін жетілдіру мақсатында кейінгі екі жылда үлкен жұмыс атқарды. Соның бірі – соңғы кезде қоғамда қызу талқыға түсіп отырған ұсыныс – ол бюджет кірісін ұлғайту үшін қосылған құн салығын 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеру, – деді Ұлттық құрылтай мүшесі.
Өз сөзінде Жақсылық Құлекеев бұл бастаманы өзінің қолдағанын айта келе, экономист ретінде оның пайдалы жағын түсіндіріп да өтті. Оның айтуынша, қосылған құн салығы – сыртқы сауда айналымын реттеудің бірден-бір тиімді құралы.
– Мысал ретінде Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда қатынасын алайық. Ресей – біздің негізгі сауда серіктесіміз. Шетелден келетін импорттың 40 пайызы осы елдің үлесіне тиесілі. Екі мемлекет те ортақ кеден аймағына кіреді, демек тауар алмасу кедендік баж салығынсыз атқарылады. Ресей экономикасының әлеуеті бізге қарағанда барлық жағынан анағұрлым күшті. Соның салдарынан бүгінде біздің ішкі нарықта ресейлік тауарлар басым. Көптеген отандық өндіруші осы жағдайға байланысты ресейлік кәсіпкерлермен бәсекеге түсудің қиын екенін ескере отырып, құзырлы органдардан ішкі нарықты арнайы техникалық тосқауылдар орнату арқылы қорғауды талап етіп жатыр. Бұл жерде қарапайым шешім табу қиын, себебі техникалық кедергілерді орнату бірыңғай Еуразиялық экономикалық одақтың негізгі қағидаларына қайшы. Бұл мәселені реттеудің бірден-бір заңды жолы – қосылған құн салығының мөлшерін Ресейдегі жағдаймен теңестіру. Ресейде ол 20 пайыз, ал бізде 12 пайыз. Осы екі ставканың арасындағы алшақтық Ресей кәсіпкерлеріне бәсекелестікте артықшылық береді. Өйткені елімізге тауар экспорттау кезінде ресейлік өндірушілер ҚҚС-тан босатылады, ал біз өз кезегімізде келген заттарға 12 пайыз мөлшерінде салық саламыз. Демек, ресейлік тауар экспорттаушылар бірден 8 пайыз басымдыққа ие болады. Сондықтан отандық өндірушілер үшін Қазақстан мен Ресейдегі қосылған құн салығы ставкаларының бірдей болуы аса маңызды, – деді экономист.
Сондай-ақ Ұлттық құрылтай мүшесі Бекзат Алтынбеков жаһандану дәуірінде ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді, тіл тазалығы мен ұрпақ сабақтастығын сақтаудың маңызын айта келе қазіргі той өткізу мәдениетіндегі келеңсіздіктерге тоқталды. Оның айтуынша, халық түрлі негізсіз жоралғыларды өз бетінше ойлап тапқан. Той-жиындағы асабалардың анайы әзілдер мен ебедейсіз ойын өткізуі, арасында бейпіл сөзге ерік беруі де – көптің шамына тиіп жүрген мәселе.
– Ақсақалдар кеңесі жергілікті өнер адамдары және асабалармен кездесу өткізіп, көпшілік жиындардың тәрбиелік мазмұнын арттыру, тіл мәдениетін көтеру сияқты мәселелерді талқылауды қолға алды. Алайда арнайы бекітілген этикалық ереже болмағандықтан, бұл жұмыстардың нәтижесі көңіл көншітеді деп айта алмаймыз. Сондықтан бұл мәселеге қоғамдық бақылау тетігін күшейтіп, арнайы этикалық ереже қабылдау керектігін баса айтқым келеді. Аталар мен әжелер мектебінің ұлағатын кәдеге жаратуға тиіспіз, – деді ол.
Сонымен бірге Б.Алтынбеков қазіргі күрделеніп тұрған діни ахуал да байыппен талқыланып, шешілуге тиіс өзекті мәселе екенін айтты.
– Мені әке ретінде қоғамдағы діни ахуал алаңдатады. Жастарымыздың жат ағымның жетегіне кетіп, адасып жатқаны белгілі. Осы келеңсіздіктің жолын кесу үшін еліміздегі діни медреселердегі оқу-тәрбие жұмыстарын жетілдіріп, жүйелеу қажет деп есептеймін. «Дін мемлекеттен бөлінген» деп қол қусырып отыра берсек, ол кесел ушыға береді. Мұның бәрі біздің бейқамдығымыздан шығып отыр. Осы мәселеге мемлекеттік тұрғыдан зор мән беріп, діни оқу орындардағы білім сапасы мен тәрбие жұмыстарын қатаң қадағалау керек. Осы орайда Ұлттық құрылтайдағы әріптесім Қайрат Жолдыбайұлы діни мамандар қызметін лицензиялау мүмкіндігін, діни мазмұндағы әдебиеттерді арнайы дүкендерде сату бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар кейбір медреселердің қаржыландыру мәселесін де назарға алған жөн деп есептеймін. Міне, осы жайттарды оңтайлы шешу жолдарын бірлесе қарап, жұмыла шешім қабылдайтын уақыт жетті, – деді ол.
Ұлттық құрылтайдың төртінші пленарлық отырысында бұдан бөлек Қостанай автомобиль көлігі колледжінің директоры Дмитрий Павленко нарық сұранысына орай техникалық білім беру, соның ішінде мемлекеттік тілде оқыту мәселесіне тоқталса, Ұлттық құрылтай мүшесі, «Team Qazaqstan» жобасының жетекшісі Олжас Сүлеймен жастар мәселесі жайында бірқатар өзекті мәселені қозғады. Соның қатарында шетелде оқып жүрген, жұмысқа барған жастарымыздың жағдайы мемлекет назарында болуы керектігіне тоқталды.
Келесі күнгі келелі жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде еліміздің алдағы жылдарға арналған басты даму бағыттарына тоқталды.
– Біз елдігіміздің негізін қалап, оны ұрпаққа табыстаған бабалар рухына тағзым етеміз. Алайда өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Құрылтай – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды.
Алдыңғы отырыстарда елімізді дамытуға қатысты маңызды бастамалар көтерілді. Оның біразы орындалды. Жалпы, өзгерістер барлық салада болып жатыр. Мен былтыр күздегі Жолдауымда жаңа экономикалық саясатқа көшетінімізді айттым. Ақпанның басында үкімет ауысты, жаңа міндеттер жүктелді. Дегенмен нағыз дамыған ел болу үшін тек экономикалық мақсат қою жеткіліксіз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы соңғы үш жылдағы өзгерістерге де тоқталды.
–Жалпыхалықтық референдум арқылы Конституцияға түзетулер енгізілді, Конституциялық сот құрылды, азаматтардың шешім қабылдауға қатысуына кең жол ашылды, – деді Президент. Сондай-ақ ауыл әкімдерінің 72 пайызы жаңарғанын, енді аудан әкімдерін де халық тікелей сайлайтынын еске салды.
Әлеуметтік, шаруашылық, идеологиялық және басқа да салалардағы бағдарымызды айқындап, нақты шараларды қолға алуды тапсырып бірқатар өзекті мәселеге арнайы тоқталғым келеді.
– Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни, алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. Жазушылар Одағының төрағасы, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Мереке Құлкенов жақында осы мәселе туралы орынды пікір білдірді. Халқымыздың көрнекті тұлғалары бірін-бірі мойындап, өзара құрмет көрсете білсе, ұлтымыз ұйыса түседі деп айтты, – деген Президент келесі сөзін халықтың бірлігіне арнады.
– Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз, тіпті, Шыңғыс ханның тегі кім деп, айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе, Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Олар, яғни, сол заманның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы, бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі – біздің тарихымыз. Бұл – халқымыздың жүріп өткен жолы. Сол себепті, қалай десек те, тарихымызға шынайы көзбен қарап, оны сол қалпында қабылдауымыз керек.
Ұлт жылнамасы елді біріктіретін фактор болуға тиіс. Ашығын айтуымыз керек, біз тарихқа келгенде көбінесе эмоцияға беріліп кетеміз. Өткен заманды орынсыз қазбалау жақсылық әкелмейді, оның пайдасынан гөрі, зияны көп. «Өспейтін елдің баласы өнбейтін дауды қуады» деп бекер айтылмаған. Өткен іс өтті, енді оны ешкім өзгерте алмайды. Уақыт ең әділ төреші екенін ұмытпайық. Бізге бітпейтін дау-дамай емес, мызғымас ынтымақ пен бірлік керек. Қазіргі тарихи кезеңде халқымыздың сөзі де, ісі де – бір болуы қажет. Сондықтан зиялы қауым, ең алдымен, еліміздің бірлігін нығайтуға баса назар аударғаны жөн.
Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі – бос» деген сөзі әлі де өзекті болып тұр. Мен зиялы қауым өкілдерінің бір-біріне әрдайым тілектес болғанын қалаймын. Өзара жанашыр болу, түптеп келгенде, елге жанашыр болу деген сөз. Тағы да қайталап айтқым келеді: ұсақ-түйек әңгімені қою қажет, – деді Президент.
Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев салық жүйесін реформалау қажеттігін ерекше атап өтті.
– Салық жүйесі – бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайды. Сондықтан салық реформасының мәнін әрбір азаматқа түсінікті тілмен жеткізуіміз қажет, – деді ол.
Сонымен қатар Президент білім беру мен денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастыратынын, алайда көмек шын мұқтаж адамдарға ғана көрсетілетінін қадап айтты.
Сондай-ақ алқалы жиында энергетика саласында инновациялық кластер құру және үш атом электр стансасын салу жоспарланғаны жарияланды. Бұған қоса, Бурабай курорттық аймағын дамыту, экологиялық талаптарды күшейту және туристік инфрақұрылымды халықаралық деңгейге жеткізу тапсырылды.
Отырыста діни ахуал, туристік инфрақұрылым, экологиялық мәселелер мен заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеу бағыттары да көтерілді. Инвестициялық жобаларды жыл сайын жүйелі түрде жүзеге асыру арқылы ел экономикасына тың серпін берілетіні атап өтілді.
Қорыта айтқанда, Ұлттық құрылтай – қазақстандық қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыратын, ұлттық бірегейлікті бекемдейтін стратегиялық форум. Төртінші отырыстың қорытындылары мемлекет дамуына тың серпін беріп, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты істерге жол ашты.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ