Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жалынның жалын қайырған жас маман

0 193

Еңбек адамы – өз маңдай терімен, қажыр-қайратымен қоғамға пайдасын тигізіп жүрген, адал еңбегі арқылы елдің өркендеуіне үлес қосатын жан. Бұл ұғымға дәрігер, мұғалім, құрылысшы, шахтер, диқан сияқты түрлі мамандық иелерімен қатар өрт сөндірушілер де кіреді.

Өрт сөндірушілердің басты міндеті – тілсіз жауды ауыздықтап қана қоймай, адамдардың өмірін құтқару, мүлікті аман алып қалу. Бұл мамандық ерлік пен қажыр-қайратты, төзімділік пен жанкештілікті талап етеді. Әрбір шақырту – олардың өміріндегі үлкен сынақ. Себебі өрт сөндіруші әр жолы от пен түтіннің ортасына кіргенде өз өмірін қатерге тігеді.
Өрт сөндірушілер – қарапайым еңбек адамы ғана емес, елдің тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін күресетін нағыз батырлар. Олардың еңбегін дәріптеу – қоғамның парызы. Өйткені еңбек адамына құрмет көрсету арқылы біз жас ұрпаққа адалдық пен ерліктің, жауапкершілік пен отансүйгіштіктің үлгісін көрсетеміз.
Осындай қажырлы еңбектің иесі – Тараз қаласындағы «Халық қаһарманы» М.Айманов атындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Рамазан Смайылов.
Адамның тағдыры кейде ел тарихымен, халықтың маңызды белестерімен үндесіп жатады. Рамазан Смайыловтың өмір жолы – соның айқын дәлелі. Ол 1995 жылдың 3 маусымында дүниеге келген. Бұл – Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі құрылған жыл.
Құрметке бөлену үшін жылдар бойы еңбек ету қажет деп ойлаймыз. Алайда Рамазан аз ғана уақыт ішінде өзінің батылдығымен, жанқиярлығымен әріптестеріне үлгі болып, нағыз маман екенін дәлелдеп үлгерді.
Айталық, 2021 жылғы тамыз айы – ел есінен кетпес қасіретті кезең. Байзақ ауданындағы әскери бөлімде болған жойқын жарылыс елімізді дүр сілкіндірді. Сол кезде елдің амандығы үшін басын бәйгеге тіккен талай батырдың қатарында Рамазан Смайылов та болды. Ол оқиға орнында өртті сөндіру, зардаптарды жою шараларына тікелей қатысып, қырағылығымен, батылдығымен көзге түсті. Оның ерлігі ескерусіз қалмады. Жас құтқарушыға «Ерлігі үшін» медалі табысталды. Бұл марапат – оның ел алдындағы адал еңбегінің, қайсар мінезінің айқын айғағы.
Өрт сөндіруші мамандығы – жай ғана қызмет емес. Бұл – тәулік бойғы дайындық, төтенше жағдайда әр секундпен санасу, өз өміріңді қатерге тіге отырып, өзгелердің өмірін құтқару. Рамазан осы қасиеттердің бәрін бойына сіңірген. Қызмет барысында ол талай ірі өрттің алдын алып, түрлі төтенше жағдайды еңсерді. Әрбір ісінде төзімділік пен кәсібилікті, сабыр мен жауапкершілікті танытып келеді.
Әрине, құтқарушы Рамазан Смайыловтың өмір жолы – жас буынға үлгі. Ол арқылы біз батылдықтың, адалдықтың, еңбекқорлықтың мәнін түсінеміз. «Еңбек адамы» деген ұғым дәл осындай жандарға арналып айтылғаны сөзсіз.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.