Алматыда өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні экономиканың нақты секторына енгізу мәселесіне ерекше назар аударды.
Мемлекет басшысы бұл технологияның стратегиялық маңызы оның ауқымымен емес, нақты өндіріс салаларымен қаншалықты тиімді ықпалдасатынымен анықталатынын айтты.
Президенттің сөзінше, қазіргі таңда әлемде технологиялық парадигмалар түбегейлі өзгеріп жатыр. Жасанды интеллектіні нақты уақыт режимінде пайдалану экономикалық өсімнің негізгі факторларының біріне айналуда.
– Бізге деректерді, үдерістер мен адамдарды біріктіретін біртұтас жүйе құру қажет. Осындай негіз қалыптасқанда ғана пилоттық шешімдермен шектелмей, жасанды интеллектіні экономиканың барлық секторына енгізуге жол ашылады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазіргі жаһандық технологиялық бәсекеде бірде-бір мемлекет жасанды интеллект әлеуетін толықтай жеке өзі игере алмайды. Осыған байланысты Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес экономика мен цифрлық платформалар саласында ортақ тәсілдер әзірлеу және тәжірибе алмасу мақсатында құрылған.
Президент Кеңестің келесі отырысында жасанды интеллектіні өнеркәсіп саласына енгізу мәселесін арнайы қарастыруды ұсынды. Оның пікірінше, өндіріс саласы – жаңа технологияларды сынақтан өткізіп, жоғары қосылған құны бар өнім шығаратын басты алаң.
– Бұл орайда тау-кен кешені, энергетика, агроөнеркәсіп секторы және логистика салаларындағы өнімділікті арттыру, шығындарды азайту және басқару тиімділігін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аудару қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы индустриялық деректерді дамыту мен өндірістің цифрлық телнұсқаларын енгізудің маңызын да атап өтті. Сонымен қатар процестерді жаппай автоматтандыру арқылы стратегиялық мақсаттарды нақты нәтижеге айналдыруға болатынын айтты.
– Осы бағыттағы жұмыстар арқылы стратегиялық міндеттер пікірталас деңгейінде қалып қоймай, нақты іске ұласуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.