Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Тоқаев: Қазақстанды заманауи цифрлық мемлекетке айналдыруымыз қажет

0 13

Алматыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық еткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысы әлем қазіргі таңда технологиялық трансформацияның жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, бүгінгі өзгерістер XIX-XX ғасырлардағы индустриялық революциядан ауқымы мен қарқыны жағынан әлдеқайда ерекшеленеді. Себебі цифрлық технологиялардың даму жылдамдығы физикалық әлем мен виртуалды кеңістік арасындағы шекараны жойып, жаңа экономикалық әрі әлеуметтік орта қалыптастырып жатыр.

— Жасанды интеллект жаһандық экономиканың басты арқауына айналып келеді. Ал үлкен деректер қоры стратегиялық маңызды ресурс саналады. Сондықтан Қазақстан жасанды интеллектіні аса маңызды бағыт ретінде қарастырады. Біз елімізді заманауи цифрлық мемлекетке айналдыруды мақсат етіп отырмыз. Қажетті институционалдық алғышарттар мен базалық инфрақұрылым қалыптасты. Ендігі міндет – жасанды интеллект технологияларын экономиканың барлық саласына кеңінен енгізу. Бұл ретте технологиялық қауіпсіздік мәселелері мен ұлттық мүдде әрдайым назарда болуы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Кеңес отырысында жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және жаңа технологияларды өндіріс пен білім беру саласына енгізу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, кадр даярлау, деректер қауіпсіздігі және халықаралық тәжірибелерді тиімді пайдалану бағыттарына да ерекше көңіл бөлінді.

Мамандардың пікірінше, жасанды интеллектіні дамыту Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, цифрлық трансформация үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.