Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Баянды болашаққа бастаған басқосу

0 297

Көкшетау төрінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы ел тарихында ерекше мәнге ие. Себебі қасиетті Көкше өңірі – қазақтың бірлік пен елдік рухының символына айналған қасиетті мекен.

Жиында сөйлеген сөзінде Президент өзінің тапсырмасымен екі жыл бұрын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы басталғанын айта келе, бұл жобаның негізгі мақсаты мектептегі орын тапшылығын жою, сондай-ақ апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу бағытына баса назар аударды. Оның айтуынша, Ақмола облысы ұлттық жоба бойынша салынатын барлық мектептің құрылысын бірінші болып аяқтаған. Аймақта 12 мыңнан аса оқушыға арналған жаңа білім ошақтары ашылған. Ал басқа облыстарда құрылыс барысы мәз емес.
– Биыл елімізде 500 мың оқушыға арналған 200-ден аса мектеп салынады. Мына жайтты қаперде ұстаған жөн: барлық жерде тек «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектеп салу міндетті емес. Сапалы салынған қарапайым мектептерге де сұраныс жоғары. Жуырда Талдықорғанға бардым. Ондағы қазақ мектебі қарапайым болса да тартымды. Осындай мектептерді барлық жерде салу керек. Өйткені «Жайлы мектептер» айтарлықтай қымбат, оны әр облысқа сала берудің қажеті де шамалы. Үш жылда 1 300, соның ішінде ауылдағы 900 білім ордасын жаңғырту қажет. Жаңа оқу жылына дейін мемлекеттік және жекеменшік мектептің барлығы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы құралдармен жабдықталуға тиіс, – деді Президент.
Сонымен қатар ол ел бойынша медицина инфрақұрылымын барынша дамыту жұмыстары жалғасатынына тоқталды. Осы жылдың соңына дейін «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 188 медицина нысаны салынбақ. Риддерде көпбейінді аурухананы, Өскеменде гематология орталығын, Ақтауда жедел жәрдем стансасын, Алматыда Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығын, Астанада Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа ғимараты пайдалануға беріледі. 2026 жылы 32 аудандық орталық аурухананы жаңғыртуды, сондай-ақ Қызылорда және Маңғыстау облыстарындағы ауруханаларды салып бітіруді тапсырды.
Бұған қоса Президент тұрғындарға, әсіресе әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға баспананың қолжетімді болуы тұрмыс сапасының жақсарғанын білдіретін негізгі көрсеткіш екенін айтып, былтыр мемлекет осы санаттағы адамдар үшін 21 мыңға жуық пәтер сатып алғанын жеткізді. Ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған заманауи оңалту орталықтары бой көтергеніне, басқа да қалаларда осындай орталықтар ашу қажеттігіне, әрбір облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар, соның ішінде аутизмге шалдыққан балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құру керек екеніне тоқталды.
Президенттің айтуынша, Ұлттық құрылтайдың отырыстарын әр облыста өткізудің ұтымды тұсы бар. Алқалы жиында аймақтың дамуына қатысты өзекті мәселелер де қаралады. Мемлекет басшысы Ақмола облысындағы кейбір бастамалар мен жобаларға назар аударды.
– Қазірдің өзінде алыс-жақын шетелдерге кеңінен танымал Бурабай жерінің мол мүмкіндіктері бар. Осы курорттық аймақты дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданды. Оны жүзеге асыру үшін шамамен 140 млрд теңге бөлінеді.
Ең алдымен Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы инфрақұрылымды дамыту қажет. Барлық экологиялық талаптар қатаң сақталуға тиіс. Туристерге әлемдік стандарттарға сай қызмет көрсетілуі керек. Жаңадан салынатын Конгресс-орталық Бурабайдың беткеұстар орны болуы қажет. Орталық іске қосылатын болса, демалыс аймағына жұрттың қызығушылығы да арта түседі. Сондай-ақ туристік маусымнан тыс уақытта адамдар көптеп келе бастайды. Үкімет пен әкімдікке осы мәселені тыңғылықты қарастыруды тапсырамын, – деді Президент.
Сонымен бірге алқалы жиында Қасым-Жомарт Тоқаев спорттың түрлі саласын, әсіресе, қысқы спорттан ұлттық құрамаларды даярлау үшін өңірдегі спорт базаларын дамыта беру керек екеніне де арнайы көңіл аударды. Оның айтуынша, елімізде футболды дамытуға баса мән беру керек. Демеушілер қаржысы есебінен облыстық стадиондардың көпшілігін жаңғырту қажет немесе жаңа футбол стадиондарын салуды қолға алған жөн.
– Әрбір облыс, аудан орталығында, кент пен ауылда балаларға арналған футбол алаңы болуға тиіс. Бұл – алдағы екі жылдың міндеті. Оның орындалуын тексереміз. Сонда ғана біз бүкіл әлемге танымал әрі әлеуметтік, бұқаралық спорт саналатын осы ойынды жаңа деңгейге көтере аламыз. Балаларды, жасөспірімдерді футболға қызықтыру арқылы лудомания, нашақорлық мәселесін біршама шешуге болады. Осы салаға жауапты министрлік, Футбол федерациясы, жергілікті атқарушы органдар, кәсіпкерлер клубтық футболды коммерцияландыруға нақты кірісуі керек.
Клубтар облыстық бюджеттерге ғана арқа сүйемей, шетелдердегі секілді өздері де табыс табуды үйренуі керек. Сондықтан мен кәсіпкерлерді клубтық футболға бизнес ретінде қарауға шақырамын. Футбол клубтары жекеменшікке өтпей, іс алға баспайды. Бұл – әлемдік тәжірибе. Клубтар жекеменшік болса, шетел спортшыларын шақыру құқығына ие болады.
Спортты насихаттау, оны әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында дәріптеу – ұлт саулығының кепілі. Кейінгі жылдары мемлекет қолдауының нәтижесінде балалар спорты қарқынды дами бастады. Бірақ бұл – жеткіліксіз. Сондай-ақ бизнес өкілдері өскелең ұрпақты дене шынықтыруға және спортқа баулу ісіне зор үлес қоса алады деп ойлаймын.
Астанада шығармашылыққа арналған үйірмелерді де, жекелеген спорт секцияларын да ашып, көпке үлгі болып отырған жекеменшік Балаларды дамыту орталығы бар. Бұл тәжірибені басқа аймақтарда да қолданған жөн. Мемлекет барлық аймақта спорт инфрақұрылымын дамытуға баса мән береді. Биыл Астанада Ұлттық спорт университетінің, Түркістанда ескек есу спортына арналған каналдың, Қызылордада футбол стадионының, Жетісу облысында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, Оралда ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған спорт кешенінің құрылысы аяқталады.
Биыл Көкшетауда көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы басталады. Бұл Қазақстанда теңдесі жоқ орталық болмақ. Осы жобаны арнаулы мемлекеттік қордан, яғни заңсыз активтерді қайтару есебінен қаржыландыру керек. Үкіметке осы мәселені пысықтауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық аренада бұрын-соңды болмаған қақтығыстар, ушыға түскен сенім дағдарысы, қадір-қасиеті кете бастаған халықаралық құқық, экономикалық шайқастар қазіргі әлемнің басты сипатына айналғанына тоқталды. Оның айтуынша, мұның бәрі жаңа технологиялық қалып орныққан, маңызды ресурстар үшін талас-тартыс күшейе түскен, өндіріс және сауда-логистика байланыстары қайта құрылып жатқан, техногендік және табиғи апаттар туындаған кезеңге тұспа-тұс келіп отыр. Беделді саясаткерлер мен сарапшылар «дүние жүзі жаппай берекесіздік жайлаған немесе болашағы бұлыңғыр жаңа заманның қарсаңында тұр» деген пікір білдіре бастаған.
– «Даму мен демократия», «адам құқықтары», «баспасөз бостандығы», «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» деп ұрандатып жүргендердің бәрінің дерлік жеке байлығы жалақысының мөлшеріне еш сай келмейді. Сондықтан Президент Трамп бастаған Америка әкімшілігінің жаппай қызмет бабын асыра пайдалануға қатысты оқиғаларды анықтауға және «тұңғиық мемлекет» ұғымына тән саяси екіжүзділікті әшкерелеуге, дәстүрлі моральдық құндылықтарды қалпына келтіруге бағытталған жұмыстары қолдауға лайық. АҚШ-та жасалып жатқан шаруаның бәрі бүкіл әлемге тікелей әсер ететіні баршаға мәлім, – деді ол.
Президент жұртты саяси прагматизмге шақырып, қоғамда Заң мен тәртіпті орнықтыру маңызды екенін айтты. Қазір әлемде болып жатқан оқиғалар біздің бағдарымыздың дұрыс екенін көрсетіп отыр. Сондай-ақ ұлттық мүддемізді қорғау үшін алдағы уақытта да ұтымды әрі байыпты әрекет етуге шақырды. Талай заманнан келе жатқан өкпе-реніштерден, өткенге құр мақтанудан және бәрін орынсыз сынап-мінеуден арылу қажет екенін айтты.
– Кез келген мәселеде өзгелерді айыптап, қара бұлтты төндіре беруге болмайды. Қоғам санасындағы осындай құбылыстар ұлтымызды идеологиялық және мәдени тұрғыдан әлсіретеді. Тіпті еліміз қазіргі қатыгез әлемде өзгелерге жем болуы мүмкін. Бір сөзбен айтсақ, біздің ұлттық ой-санамыз мықты болуы керек. Жаһанды белгісіздік жайлаған бұлыңғыр заманда бәсекеге барынша қабілетті болу үшін барлық жағынан кемел ұлт болуымыз қажет. Бұл – өркениетті, икемді, мақсатшыл жұрт болу деген сөз. Сондықтан ұлт ретінде алға басуға не кедергі болса, соның бәрінен арылып, сапалы ұлт болуға тиіспіз, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев елде қолға алынған реформалар елдің дамуына зор серпін бергеніне, 2019 жылдан бері Қазақстан экономикасының нақты өсімі 15,5 пайыз болғанына тоқталды. Нақты айтқанда, ішкі жалпы өнім 288 миллиард долларға жетсе, жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 46 пайызға дейін артып, 14 мың доллардан асты.
– Сыртқы сауда айналымы 45 пайызға жуық өсіп, 140 млрд доллар болды. Негізгі капиталға салынатын инвестиция бір жарым есеге ұлғайды. Былтыр оның көлемі 19 трлн теңгеден асты. Инвестиция білім-ғылым саласына 5 еседен астам, көлік саласына 3 есеге жуық, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласына 3,5 есе көп салынды. 4 400 шақырымға жуық автокөлік жолдары салынды және жөнделді. Жаңа теміржол желілері пайдалануға берілді. Ондаған өндіріс орны іске қосылды. Мемлекет ауыл еңбеккерлерін қолдауды барынша күшейтті. Былтыр күзде 27 млн тонна астық жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік, – деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамытуға әрдайым баса назар аударылатынын, тұрғын үй құрылысының қарқыны едәуір өсіп, былтыр 19 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілгенін айтты. 2019 жылдан бері елімізде 250-ден аса жатақхана салынған. Соның нәтижесінде орын тапшылығы 6 есе қысқарды.
– Еліміздің 90 мыңнан аса азаматы шетелде оқиды. Бұл біздің қоғамның ашықтығын көрсетеді. Азаматтарымыз демалу үшін шетелге жиі шығатын болды. Біздің көк төлқұжатымыз әлемдегі 92 мемлекеттің аумағына визасыз емін-еркін кіруге мүмкіндік береді. Қазақстан – халықаралық аренада зор құрметке ие мемлекет, біздің елімізді «орта держава» деп атайтын болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының аймақтық орталығын ашу туралы қарар қабылдады, – деді Президент.
Сонымен қатар ол ауыл шаруашылығы саласындағы қордаланған мәселелерге, алдағы 10 жыл ішінде бидайды терең өңдеп, дайын өнім өндіретін және оны әлемдік нарыққа шығаратын ең үздік он елдің қатарына қосылуға тиіс екенімізге, азаматтарға дүниеге келгеннен бастап өмір бойы жәрдем беретін тиімді мемлекеттік қолдау жүйесі жұмыс істейтініне тоқталды.
– Ұлттық қор – балаларға» және «Келешек» бағдарламалары, тегін орта білім, колледждер мен жоғары оқу орындарында білім алуға бөлінетін өте көп гранттар – мұның бәрі өскелең ұрпақтың қадамы нық болуына септігін тигізетін сан алуан шараның бір бөлігі ғана. Адамға салынған инвестиция – мемлекеттің ең сенімді әрі дұрыс салымы. Біз білім-ғылым, медицина, спорт, креативті индустрия салаларына қомақты қаржы бөлуді жалғастыра береміз. Азаматтардың өзін жан-жақты дамытуы үшін барлық жағдайды жасаймыз. Себебі қазіргі заманда жекелеген адамдардың табысты болып, бақуатты өмір сүруі нағыз қуатты мемлекеттің көрсеткіші саналады.
Мен жоғарыда атап өткен басымдықтар, яғни ірі инфрақұрылымдық жобалар, цифрландыру мен жасанды интеллект, көлік транзиті мен энергетика, агроөнеркәсіп секторы және адам капиталы Қазақстанның жаңа әлемдегі орнықты дамуына жол ашатын негізгі факторлар болатыны анық, – деді Президент.
Сонымен бірге Пленарлық отырыста Ұлттық құрылтайдың бірқатар мүшесі сөз алып, баяндама жасады. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым ішкі саясат пен идеология тақырыбында сөз қозғап, осы саладағы жеті мәселе бойынша ұсынысын ортаға салды. Оның біріншісі – идеологияның орнықпау себептерін айқындау мен одан арылу.
– Осы кезге дейін елімізде бірнеше рет идеологиялық саясат тұжырымдауға талпыныс жасалғаны белгілі. Алайда оның көпшіліктің қолдауына ие болмауына постсоветтік, посткоммунистік инерция, қоғамның этнодемографиялық құрамы, ел қоғамы мен оның аймақтарының әркелкілігі, идеологиялық нарративтердің әркелкілігі, идеология мен шынайы өмір, сөз бен іс арасындағы алшақтық секілді себептер кедергі болды. Мысалы, ұзақ жылдар бойы байлықты, бай атаулыны жамандықтың синонимі деп түсінген қоғам ішінде нарық туралы кереғар пікірлер қалыптасты. Бұның кейбір қайшылықтары мен сарқыншақтарын әлі күнге дейін көріп келеміз. Тағы бір мысал. Бүгінде кеңес заманын бір керемет таза, ізгі кезең деген жалған нарратив кең тараған. Ал шын мәнінде, біздегі қылмыс та, қылмыстық сана да, жемқорлық та, парақорлық та – кеңестік кезеңнен басталып, жалғасып, үдеп кеткен құбылыстар. Оларға нарықтық экономиканың немесе демократияның қатысы шамалы.
Тағы бір мысал. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінде кеңес кезеңінде қолдан жасалған «ауыл» мен «қала» арасындағы қақтығыс, ауылдық пен қалалық сана арасындағы конфликт әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Бұл ауылды қала дәрежесіне көтеру емес, қаланы ауыл дәрежесіне түсіруге алып келеді, – деді халық қалаулысы.
Мәжіліс депутаты екінші ұсынысы ретінде ішкі саясат тұжырымдамасын қабылдауды алға тартты. Оның айтуынша, күн өткен сайын «Жаңа мемлекеттік идеология қажет» деген сыңайдағы пікірлердің көбеюі мен идеологияға деген сұраныстың артуы белгілі бір тарихи кезеңнің аяқталғанын білдіреді.
– Жалпы алғанда ел тарихының жаңа кезеңінің «Біз кімбіз?», «Қайдан шықтық?», «Қайда бара жатырмыз?», «Кім және қандай болуымыз шарт?» деген сұрақтардан басталуын өз басым жақсылыққа жорығым келіп отыр. Осы сұрақтарға шынайы жауап бере алсақ, болашақтағы болмысымызды айқындап, қиын кезеңдерден, тарихи сынақтардан аман шыға аламыз. Осы себепті көпшіліктің талап-тілегін ескеріп, Президентіміз кейінгі үш жылда айқындаған, үш құрылтайда талқыланған, уақыт елегі мен қоғам талқысынан өткен идеологемалар мен құндылықтарды топтастырған, кемі 2030 жылға дейінгі уақытты қамтитын Ішкі саясат доктринасы, не концепциясы қабылдануы керек, – деді А.Сарым.
Сондай-ақ ол идеологияның саясат пен мәдениетті жалғайтын өмірлік өзек, табиғи арна екенін атап өтіп, Мемлекет басшысының бастамасымен осы бағытта біршама жұмыс атқарылып жатқанын тілге тиек етті.
– Соның бірі – архивтік революция. Президент құрған мемлекеттік комиссияның ұйғарымымен 700 мыңнан аса НКВД, КГБ органдарының құжаттары мен істері құпиясыздандырылды. Кейінгі үш жылда зұлмат кезеңдегі ел тарихына қатыста мыңдаған құжат жарияланып, ғылыми айналымға енді. Том-том тарихи құжаттық жинақтар жарық көрді. Тағы бір үлкен жетістігіміз, еліміздің жаңа тарихында қазақ ғалымдары тұңғыш рет өз тарихын түгендеп, өткенін тәуелсіз саралауға мүмкіндік алды. Қазақстан тарихының көптомдық академиялық тарихын жазуға бүгінгі таңда жүздеген отандық және әлемдік ғалымдар тартылып, белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл қадамдар осы саладағы біраз сұраққа жауап алуға толық мүмкіндік береді, – деді мәжіліс депутаты.
Сонымен бірге Айдос Сарым еліміздің жаңа идеологиясы өмір шындығынан, ұлттың күрделі тарихынан, саяси мұраты мен экономикалық мүддесінен, жаңа қоғамның әлеуметтік құндылықтарынан туындап, табиғи түрде өрбуі шарт екенін төртінші ұсынысы ретінде жеткізді. Оның айтуынша, басты мақсат – Қазақ ұлты мен мемлекетінің Тәуелсіздігі, заң мен тәртіптің баршаға ортақ қағидатқа айналуы, еліміздің бар салада өз-өзін қорғауға, жері мен руханиятын қамтамасыз етуге дайындығы.
– «Бөтен» мен «жақын» дейтін ұғымдарға келсек, алдағы жылдары қазақ ешкімді жау санамайтын идеологияны ұстануы керек. Идеология біреуді жау қылу немесе біреуден кек алу үшін жасалмайды. Негативтік мотивация ерте ме, кеш пе, баршаны тығырыққа тіреп, болашақтағы соғыстарға жол ашады. Өзгеріс, бетбұрыс энергиясы сыртқа емес, ішке бұрылуы шарт. Біздің түсінігіміздегі «жат» – бұрынғы кейпіміз, архаикалық болмысымыз. Ал «бөтен» – кеңестік, коммунистік, отарланған санамыз, – деді А.Сарым.
Сонымен қатар ол конституционализм, институционализм, конвенциализм сынды жаңа идеологиялық үштаған жайында да ой қосып, әрқайсысының ұғымына тоқталды.
– Жаңа кезеңдегі қазақ мемлекетінің идеологиясы – бірінші қазақ руханияты мен тарихынан сусындап, ұлт пен мемлекеттің түбегейлі құндылықтарына негізделуге тиіс. Демек, осы тарихи платформада еліміздің зиялы қауымы мемлекет жанына топтасып, мемлекеттік құндылықтарды шын ниетпен насихаттауға жұмылуы керек. Себебі билік келеді, кетеді, ал мемлекет, мемлекеттік құндылықтар мызғымай сақталып, жалғасып жатуға тиіс. Бұл да бір модернизациялық жоба аясында жасалатын қоғамдық келісімнің бірі болмақ. Осындай жұмыстарға еліміздегі негізгі саяси күштер, яғни парламенттік партиялар бірінші кезекте бастамашы болуы керек, – деп сөзін түйіндеді депутат.
Қорыта айтқанда, Көкшетауда өткен Ұлттық құрылтай – елдің болашағына бағыт-бағдар беретін, халық пен биліктің арасындағы диалогты күшейтетін, ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, жаңа міндеттер жүктеген маңызды жиын болуымен қатар ұлттық сананы жаңғыртып, елді ортақ мақсатқа жұмылдыруға арналған стратегиялық алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.