Қоғамның болашақтағы бағдарын нақтылайтын маңызды саяси құжаттың бірі – Президент Жолдауы. Бас құжат – мемлекеттің даму бағытын белгілейтін стратегиялық бағдар ғана емес, халықтың ертеңге деген сенімін нығайтатын, ел бірлігін арттыратын маңызды қадам.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы – жаңа дәуірдің талабына сай, елдің келешегін айқындайтын тарихи үндеу болды.
Президент өз сөзінде бүгінгі жаһандық өзгерістер мен технологиялық даму үдерістерінің ортасында Қазақстанның да өзіндік бағыты болуы керектігін атап өтті. Саяси құжат елдің цифрлық болашағын айқындап, қоғамды жаңа сапалық деңгейге көтеруді көздейді. Мемлекет басшысы «Цифрлық дәуірде көш соңында емес, көш басында болу – біздің басты мақсатымыз» деп атап өтті. Жолдауда еліміздің әлеуметтік, экономикалық және саяси өмірін қамтитын маңызды мәселелер кеңінен қозғалды. Президент қоғамның дамуында адам капиталының рөліне ерекше тоқталып, білім мен ғылымды қолдау – ел болашағына салынған ең қымбат инвестиция екенін айтты. Сонымен қатар жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру, «Цифрлық кодекс» қабылдау, реттеуші интеллект орталығын ашу сияқты бастамалар Қазақстанның цифрлық мемлекет ретінде қалыптасуына тың серпін бермек.
Сонымен бірге Жолдаудағы басты өзектіліктің бірі – әлеуметтік әділетті қоғам құру. Мемлекет басшысы әлеуметтік саясатты жетілдіру, атаулы әлеуметтік көмекті әділ үлестіру, зейнетақы жүйесін жетілдіру, халықтың әл-ауқатын арттыру қажеттігін ерекше атап өтті. «Әлеуметтік әділеттілік орнаған ел ғана дамудың биік сатысына көтеріледі» деген Президент сөзі қоғамдағы әрбір азаматқа бағытталған ой. Сонымен қатар экологиялық тұрақтылық мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Табиғатты қорғау, су ресурстарын тиімді пайдалану, «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасын жалғастыру – еліміздің болашақ ұрпағына таза орта мен жасыл әлем қалдыру жолындағы маңызды істер. Су ресурстары стратегиялық ресурс ретінде қарастырылып, оны тиімді басқару мен үнемдеу технологияларын енгізу міндеті қойылды. Бұл – елдің экологиялық қауіпсіздігі мен азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден-бір кепілі.
Сондай-ақ құнды құжатта экономикалық даму бағытында да нақты шешімдер ұсынылды. Президент аймақтардың әлеуетін арттыру, өңірлік даму мен өндірісті әртараптандыру, ауыл шаруашылығын қолдау және шағын бизнесті дамыту бағыттарын айқындады. Бұл бастамалар еліміздің барлық өңірін тең дәрежеде дамытуға, ауыл мен қала арасындағы айырмашылықты азайтуға мүмкіндік береді.
Жолдау – билік пен халық арасындағы байланыс көпірі. Ол елдің стратегиялық міндеттерін айқындап қана қоймай, қоғамды бір мақсатқа ұйыстыратын құжат. Халықтың сенімін арттырып, болашаққа деген үмітін оятатын, әр азаматтың ел тағдырына жауапкершілікпен қарауына жол ашатын саяси бағдарлама. Сондықтан да Президент Жолдауын жүзеге асыру – тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі.
Бүгінгі таңда әлем үздіксіз өзгеріс үстінде. Технологиялар жаңарып, экономикалық үлгілер түрленіп жатқан кезеңде Қазақстанның да даму бағыты уақыт талабына сай болуы шарт. Президенттің соңғы Жолдауы – осы бағыттағы нақты қадам. Онда ел дамуының жаңа кезеңі басталды деп сеніммен айтуға болады.
Қорытындылай келгенде, Жолдау – ел дамуының негізі. Ол – мемлекет пен қоғамның үйлесімді дамуын қамтамасыз ететін, болашаққа нық қадам жасауға жол ашатын стратегиялық құжат. Президент Тоқаевтың биылғы Жолдауы – елдің технологиялық өркендеуіне, әлеуметтік әділеттілікке және ұлттық бірлікке бастайтын айқын бағдар. Бұл құжаттағы бастамалар іске асқанда, Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы беделі нығайып, халқымыздың өмір сапасы жаңа деңгейге көтерілері сөзсіз.
Венера ТАСТАМБАЕВА,
Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының оқу залы секторының меңгерушісі