Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Көкше төріндегі келелі құрылтай

0 272

Абылай ханның ақ туы желбіреген қасиетті Көкше жері мен көркем Бурабай баурайы биыл еліміздің саяси-әлеуметтік өміріндегі айтулы оқиғаға куә болды. Мұнда Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы жоғары деңгейде өтті.

Жиынның ең алғашқы бөлігінде Мемлекет басшысы қазақ тілінің қазіргі ахуалына арнайы тоқталды. Президент мемлекеттік тіл – ел бірлігінің өзегі әрі болашағымыздың кепілі екенін атап өтіп, оны дамыту мен қолдану аясын кеңейту бойынша нақты міндеттер қойды.

– Тағы бір мәселе. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы белсенді жұмыс істеп жатыр. Бұл – қуантарлық жайт. Осы ұйымның бастамаларын біз тұтас қоғам болып әрі қарай қолдауымыз керек. Мәдениет дегеніміз жай ғана ғимараттар мен мекемелер емес, бұл – ұлттық сана-сезімді жаһандық ауқымда нығайта түсетін мықты тұғыр. Біз ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық аясында Қазақстанның материалдық және материалдық емес мұраларын халықаралық тізімдерге енгізуге айрықша мән беріп жатырмыз. Үкімет түрлі ұлттың барша адамзатқа ортақ білім қазынасына қосқан зияткерлік үлесін көрсететін «Әлем жады» тізіміне деректі мұраларымызды енгізу жұмысын жандандыру қажет. Жаңа заманда біздің алдымызда жаңа міндеттер тұр. Көптеген ел өзінің салт-дәстүрі мен қазіргі инновацияларды өзара үйлестіру арқылы дамудың даңғыл жолына түскенін тарихтан көріп-біліп отырмыз. Сол секілді біз де төл мәдениетімізді қазіргі әлемдегі шынайы жағдайға бейімдеуіміз қажет, – деді Президент.

Сонымен қатар Президент кейінгі жылдары ұлттық бірегейлігіміздің маңызды факторы тарих ғылымының дамуына ерекше көңіл бөліп жатқанымызға, келесі жылғы құрылтай Сыр өңірінде өтінуінің себебі – ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толуымен тұспа-тұс келгеніне тоқталып, халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы да бір ғасыр бұрын қайтарылғанын еске салды.

– Біздің мемлекеттігіміз мыңжылдық­тардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз. Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек. Бұл істе сол кездегі Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин айрықша рөл атқарды. Ол «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақала жазып, арнайы идеологиялық науқанды бастап берді. Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс. Осы ретте құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын.

Осы жиында мен көрнекті қаламгер Төлен Әбдіктің жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатын атап өткім келеді. Жазушы «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деп орынды пікірін айтты. Осы ретте қосымша айтарым: Өз ұлтыңды өзгелерден биік қою түптің түбінде жарға жығады. Қазақ халқы өзгелерден кем емес, бұл – ақиқат, бірақ артық та емес деп айтуымыз керек. Қазақ халқын данышпан деп айтсақ, қателеспейміз. Дегенмен дүниежүзінде данышпан халықтар аз емес. Бұл да – ақиқат. Мұндай пікір кейбір адамға ұнамауы мүмкін. Алайда көпшіліктің көңілінен шығамын деп тура сөзден жаңылуға болмайды. Шын мәнінде, әр ел басқа жұрттан даму деңгейіне қарай озбақ. Жалпы, біз төл тарихымызға көкжиегі кең, тамыры терең өркениеттік көзқараспен қарауымыз керек. Бұл – өте маңызды. Сонда ғана халқымыздың өткеніне, бүгіні мен болашағына мүлде жаңа көзқарас пайда болады, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев қазір отандық тарих ғылымының және біздің зияткерлеріміздің алдында төл тарихымыз туралы түсінікті жаһандық өркениет пара­дигмасы тұрғысынан кеңейту міндеті тұр­ғанына тоқталды. Оның айтуынша, көп­те­ген ғалымдар мен қоғам белсенділері әлі күнге дейін Қазақстанның жылнамасына ұлт­тың жадына жара салған тарихи оқиға­лар тұрғысынан қарайды. Бұл жағдай төл та­ри­хымызға көзқарас ауқымын тарылтады.

– Осы сәтті пайдалана отырып, кеңестік кезеңге қатысты біржақты талдаулар мен пайымдаулардан сақтандырғым келеді. Менің пікірімше, біз үшін бұл ортақ тарихтың күңгірт тұстары болды, бірақ жарқын тұстары да бар. Мұны дұрыс түсіну керек. Әйтпесе, біз әлеуметтік-саяси даму жолында салдары ауыр соғатын адасудың құрсауында қалуымыз ықтимал. Аз зерттелген немесе мүлде зерттелмеген тақырыптарды ғана зерделеу жеткіліксіз. Біз Қазақстанды әлем өркениетінің дербес бөлігі ретінде танытуымыз керек. Қазақ халқының әмбебап әрі бірегей өмірлік тәжірибесін толық ашып көрсету маңызды. Бұл қазіргі Қазақстанның миссиясын терең түсінуге септігін тигізеді.

Көшпенділер өркениетінің бесігі болу дегеніміз өз еліңнің өткенін есте сақтау ғана емес, сонымен қатар бұл – түрлі халық­тар мен мәдениеттерді, дәуірлер мен кеңістік­терді ортақ игілік үшін жұмылдыру деген сөз. Тарихымыздың әр белесі бізге бөлінуді емес, бірігуді, қиратуды емес, жасампаз болуды үйретіп келеді. Сондықтан Қазақстан Ұлы дала жүрегі ретінде бүгін де өзінің тарихи миссиясын жалғастыра беруі керек.

Көне заманнан келе жатқан көшпен­ділер дәстүрі елді артқа тартатын емес, болашаққа бастайтын мықты қуат көзі болуға тиіс. Дей тұрғанмен, тарихты аңызға айналдырып, ескі заманның шырмауында қалып қоюға да болмайды. Тарихи-мәдени мұ­р­амызды ХХІ ғасырға сай жаңғыртып, жү­йе­лі түрде дәріптеуіміз қажет. Ғылыми зерт­теу­лер жүргізу, тарихи ескерткіштерді қал­пына келтіру, археологиялық қазба жұ­мыс­тарын жандандыру, музей ісін дамыту, шетел мұрағаттарын зерделеу, салт-дәстүрі­мізді жаңғырту – осы жұмыстың бәрін бір жоспарға келтіру керек, – деді Президент.

«Біз Ұлттық құрылтайдың отырыстарында үнемі әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық мәселелерге қатысты маңызды шешімдер қабылдап қана қоймай, ел дамуының басқа да бағыттары бойынша басты басымдықтарды айқын­дай­мыз», – деген Президент аймақтар­дағы экономиканың өркендеуіне серпін беретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашу және өңірлердің даму деңгейіндегі теңсіз­дікті жою қазір мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттің бірі екеніне назар аударды. Оның айтуынша, биыл экономиканың нақты секторына жұмсалатын қаржы көлемін екі есеге жуық көбейтіп, 8 триллион теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Алдағы жылдары Үкімет нақты секторға бөлінетін қаржы көлемін 10 триллион теңгеге дейін жеткізуге тиіс. Бұл жерде бизнесті қолдаудың елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралары туралы айтылып отыр. Осы орайда ол елімізде жүзеге асып жатқан бірқатар ірі жобаға арнайы тоқталды.

– Сондықтан биліктің, Үкіметтің бизнеске қысым көрсетіп жатқаны жөніндегі әңгімелер мүлде негізсіз. Бизнес әрдайым Үкімет назарында болған, алдағы уақытта да тыс қалмайды. Қазір бүкіл елімізде ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, 2025-2026 жылдардың өзінде Қашаған кенішінде газ өңдеу зауытын, сонымен қатар «Талдықорған-Үшарал» магистральды газ құбыры мен «Бейнеу-Бозой- Шымкент» газ құбырының екінші желісін іске қосу көзделген. Үкімет Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ құрылғысына негізделген электр стансасын салуды жоспарлап отыр. Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 жаңғыртылады.

«Кендірлі» демалыс аймағында су тұщытатын зауыт жұмыс істей бастайды. Кәсіпорын Жаңаөзен қаласы тұрғындарын ауызсумен тұрақты қамтамасыз етеді. Қарағандыда және Екібастұзда болат қорытатын зауыттар, Жамбыл облысында минералды тыңайтқыш өндіретін химия кешені пайдалануға беріледі. Алматы қаласында және Қостанай облысында автокөлік зауыттары ашылады.

«Достық-Мойынты» теміржол учас­кесінің және Алматы бекетін айналып өтетін теміржол желісінің құрылысы аяқталады. «Қызылжар-Мойынты» бағытында жаңа жоба басталады. Ақтауда Каспий теңізінің жағалауындағы контейнер хабы салынып бітеді. «Қорғас – Шығыс қақпа» ЕЭА аумағында халықаралық әуежай жұмыс істей бастайды. Зайсан, Катонқарағай мен Кендірлі демалыс аймақтарында да әуежай ашылады. Каспий теңізінің ұлтанымен талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады, бұл қадам Еуропа мен Азия арасында цифрлық дәліз жасауға мүмкіндік береді.

Еліміздің автокөлік жолдары желісін дамыту жұмысының мән-маңызы өте зор. Осы тұста тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба қолға алынатыны туралы жариялағым келеді. Мен Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырдым. Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл – тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба.

Бұған қоса Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салған жөн. Бұл жоба ішкі көлік қатынастарын едәуір жақсартады. Сондай-ақ орталық аймақтағы ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге және мал шаруашылығын дамытуға тың серпін береді. Елімізде машина жасау, металлургия, мұнай-химия, агроөнеркәсіп және көлік-логистика салаларында мұндай жобалар аз емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы 2022 жылы жаңадан үш облыс құрып, осы аймақтардың дамуына күшті серпін берілгеніне, соның арқасында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер едәуір артып, инвестиция келе бастағанына тоқталды. Жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасы да жақсара түскен.

– Менің тапсырмаммен Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында шекара маңындағы бірнеше аудан қалпына келтірілді. Мұны жұрт өте жақсы қабыл­дады. Жаңа аудандарда тіршілік жанданды, инфрақұрылым жақсара бастады. Ауылды дамыту тұжырымдамасында шекаралық аумақтарға қатысты жұмыстың негізгі бағдары айқындалған. Шеткері жатқан елді мекендердің ахуалы ел іргесінің бекем болуына тікелей әсер етеді. Бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Сон­дықтан осы бағыттағы жұмысты белсенді түрде жалғастыру керек.

«Amanat» партиясы шекара маңындағы аудандарды дамытуға қатысты жаңа заң қабылдауды ұсынып отыр. Үкіметке депутаттармен бірге бұл бастаманы жан-жақты қарастыруды тапсырамын. Әдетте шекара маңындағы аудандар арқылы маңызды көлік-логистика дәліздері өтеді. Биыл автокөліктерге арналған 9 кеден бекетін жаңғырту жұмыстарын аяқтау керек. Соның нәтижесінде мұндай бекеттердің өткізу мүмкіндігі 6 есе артады. Бұл жоба еліміздің транзиттік әлеуетін нығайтуға едәуір үлес қосады.

Аймақтардың дамуындағы алшақтықты жою үшін нақты стандарттарға сүйене отырып инфрақұрылым, әлеуметтік қамсыз­дан­дыру, экологиялық көрсеткіштер және басқа да маңызды өлшемдер бойын­­ша артта қалған өңірлерді анықтау қажет. Орталықтың күш-жігерін осындай ал­шақ­тықты жоюға жұмылдыру керек. Сол үшін қазір Өңірлерді дамыту тұжырым­дама­сы әзірленіп жатыр. Құжатта аймақтар ара­сындағы теңсіздікті жоюға және мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды жақсарту­ға бағытталған тың тәсілдер қарастыры­лады. Өңірлердің іс-қимылы нақты салаға жауапты мемлекеттік органдардың республикалық деңгейде атқарып жатқан жұмыстарына сәйкес жүргізілуі қажет. Іс-шаралар үйлесімді болуға тиіс.

Жаз шыққан соң өрт қаупі күшейеді. Табиғат апаттарының алдын алу, сақтану шаралары үнемі назарда болуы керек. Мен жаппай цифрлан­дыру мен жасанды интеллектіні барлық сала­ға кеңінен енгізу мәселесіне үнемі назар аудара­мын, – деді Президент.

Құнды құжатта Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың барлық саласы және еңбек нарығы жасанды интеллектінің тікелей қатысуымен түбегейлі өзгеріп, соның салдарынан адамзат тіршілігінің мәні мен қалыбы басқаша сипат алып бара жатқанына назар аударды. Осы орайда инновациялар экономикасы деген жаңа құбылыс пайда болды. Онда өзгеше ойлау қабілеті, шығармашылық тұрғыдағы жаңашылдық және әлеуметтік дағдылар алдыңғы қатарға шығады.

– Жасанды интеллектіні қолдану бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін барынша арттыруға, салық және кеден ісін жүргізудің сапасын жақсартуға, мемле­кеттік сатып алу саласын оңтайлан­дыруға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл үрдістерінің бәрін одан әрі жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сол себепті цифрландыру және жасанды интеллект мәселелерімен жеке өзім айналысып жатырмын. Шетелдік мамандармен, кәсіпкерлермен кездесіп жүрмін. Жүздесулердің барлығы ресми жариялана бермейді. Бірақ бұл мәселе – менің бақылауымда. Таяу арада, мүмкін жыл соңына дейін Астанада Smart city жобасы енгізілгенін хабарлаймыз. Бұл істе БАӘ, АҚШ компанияларымен ынтымақтастық орнаттық. Қытайдың құрылымдарымен де тығыз қарым-қатынас жолға қойылған. Дәл осы бағытта еліміз нақты прогреске қол жеткізеді деп ойлаймын, – деді Президент.

Оның айтуынша, құзырлы мемлекеттік органдар сарапшылармен және ІТ-мамандармен қоян-қолтық жұмыс істей отырып, артық шығындарды азайтуға, барлық саланың ашықтығын қамтамасыз етіп, өнімділігін арттыруға арналған тың тәсілдер іздеп тауып, оны қолданысқа енгізіп отыруға тиіс. Экономиканың барлық саласына цифрлық технологиялардың енгізілуі еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын ең басты фактор болуы керек. Бұл жерде цифрлық активтер индустриясы мен блокчейн технологиясын дамыту маңызды рөл атқарады.

– Цифрлық активтердің заңды айналымын қамтамасыз ету, криптоайырбас­тау қызметін жүргізу және цифрлық майнингке инвестиция тарту үшін осы саланы реттеу ісін ырықтандыруда шұғыл шаралар қабылдау қажет. Бұл қадам еліміздің осы аймақтағы цифрлық қаржы технологияларының орталығы ретіндегі рөлін арттырады. Сондай-ақ цифрлық активтердің көлеңкелі айналымын азайту­ға мүмкіндік береді әрі салық түсімін көбейтуге септігін тигізеді. Мұнда Америка ашып отырған жоқпын, Президент Трамп басқаратын АҚШ әкімшілігі осы бағытқа ден қойды. Біз мұны ескеруіміз керек.

Қазіргі заманда экономика инновацияға негізделуі керек екені сөзсіз. Біз ғылымды дамыту, соның ішінде қолданбалы зерттеу­лер жүргізу үшін көп жұмыс істеп жатырмыз. Ғылыми жаңалықтарды коммер­цияландыруға, ғылым мен өндірістің байланысын күшейтуге баса мән беріліп отыр.

Дегенмен Қазақстанда әлі күнге дейін бірде-бір ғылым қалашығы жоқ. Алматы іргесіндегі «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің аумағында ғылым қалашығын құру туралы идея бар екенін білемін. Үкімет осы бастаманы жан-жақты зерделеп, тиісті заң дайындауы керек. Ғалымдардың пікірінше, тиісті тәжірибесі мен дәстүрі бар Курчатов қаласы екінші ғылым қалашығы бола алады. Бірақ мынаны ескерткім келеді: осы жоспардың бәрі шынайы есеп-қисапқа және табанды жұмысқа негізделуге тиіс. Көзбояушылық пен көпірме сөзге әбден тойдық. Енді оның сұрауы қатты болады, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент қоғамда жақсы бастамалар көтеріліп, кейіннен оны ұмытып кететі­н, соңы жазылмас дертке айналатынына арнайы тоқталды.

– Жоспарда бәрі әдемі, әсіресе оны ғалымдар түзіп жатса, бұл – жақсы. Бірақ нақты есеп керек. Оның ішінде бюджеттің мүмкіндігі ескерілгені жөн. Бастысы – осы жоспарлардың тиімді орындалуы. Сондықтан мен ұсыныстың жалпы қабылданғанын ескертіп отырмын. Шын мәнінде, ғылым қалашығы керек. Оларды Алматыда, Курчатовта салу ақылға қонады. Бірақ Үкімет те, ғалымдар мен салалық министрлік те нәтиже шығару қажет екенін түсінгені жөн. Біз ғалымдарды шетелде тағылымдамадан өткізу тәжірибесін енгіздік. Бірақ ғылымға мүлде қатысы жоқ ғалымдар шетел асты. Мен 78 жасында «Болашақ» бағдарламасымен оқуға барған кісіні білемін. 78 жаста қайдағы «Болашақ?». Көп істің соңы осындай түсініксіз жағдайларға ұласып кетеді, – деді ол.

Сондай-ақ құнды құжатта Мемлекет басшысы туризм саласының дамуына да арнайы тоқталды.

– Туризм – бизнес пен экономиканың тұтас саласы. Мамандарды даярлау қажет. Табиғи байлығымен, жан-жануарлар дүниесімен бүкіл әлемге танымал еліміз­дің биологиялық әралуандығын қорғау айрықша маңызды міндетке айналды. Аймақтар­дағы шаруалардан да осыған қатысты өтініш­тер-хаттар келіп жатыр. Рұқсатсыз аң аула­ған­дарға жазаны күшейту үшін менің бастамам­­мен 2019 жылы заңнамалық шаралар қабылданды. Осы және басқа да жан-жақты шаралардың нәтижесінде еліміздегі киік саны күрт артты.

Олардың қатарында мәдениет нысандарын жаңғырту, шығармашылық ұжымдарға қолдау көрсету, цифрлық архив жүйесін енгізу және ақпараттық саясаттағы жаңа стандарттарды қалыптастыру бар. Бірақ енді басқа мәселе туындады. Ауыл ша­руашылығы зардап шегіп жатыр. Эпизо­отиялық ахуалдың да күрделеніп кету қаупі бар. Жалпы, экожүйеге түсетін салмақ артты. Үкіметке білікті мамандарды жұмылдыра отырып, осы мәселені жан-жақты зерделеуді және байыпты шешім қабылдауды тапсырамын, – деген Президент Балқаш көлінің айналасында Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру басталғанын, келесі кезекте ілбістерді сақтап, оның санын көбейту керектігін айтты.

– Адамзаттың бүлдіргі іс-әрекетінің кесірінен Каспий итбалығы, қызғылт қоқиқаз және басқа да ерекше жан-жануарлар мен өсімдіктер әлеміне қатер төніп тұр. Ащы да болса шындық – осы. Біз табиғаттың осы бір сыйына барынша назар аударып, оны сақтай білуіміз қажет. Сондықтан Халықаралық биологиялық әралуандықты қорғау қорын құру керек деп санаймын. Мен Мемлекет басшысы ретінде бұл ауқымды жұмыстың маңызы орасан зор екенін көрсету үшін осы қоғамдық ұйымға өзім жетекшілік етуге дайынмын.

Бұған қоса біз тағы бір қазынамыз – тазыны халықаралық тізімге енгізе алғанымызды айта кеткім келеді, – деді Президент.

Түйіндей айтқанда, Президент Ұлттық құрылтайда ұлттың болашағына қатысты маңызды түйткілдерді көтеріп, нақты жол картасын ұсынды.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.