Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанн «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапаттады

0 17

Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанн Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградаларының бірі – «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапаттады.

Мемлекет басшысы Түркия Президентін өз халқын өркендеу жолына бастап келе жатқан әлемдік деңгейдегі беделді саясаткер әрі көрнекті көшбасшы ретінде ерекше құрметтейтінін айтты.

– Өзіңіздің көреген бастамаларыңыздың арқасында Түркия тұрақты даму жолына түсіп, зор жетістіктерге жетті. Бүгінде Түркия ықпалды әрі қуатты мемлекетке айналды. Біз бауырлас түрік халқының әр жетістігіне әрдайым қуанышпен қараймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Режеп Тайип Ердоған халықаралық саясатта әділдік пен жауапкершілік қағидаттарын табанды түрде қорғап келеді. Сонымен қатар оның «Әлем бестен үлкен» тұжырымдамасы халықаралық жүйедегі теңсіздікке қарсы айтылған маңызды үндеу ретінде бағаланды.

Мемлекет басшысы Түркия Президентінің түркі және ислам әлемінің ынтымақтастығын нығайтудағы рөліне де ерекше тоқталды.

– Сізді түркі дүниесі мойындаған беделді көшбасшы деуге толық негіз бар. Түркі мемлекеттерінің рухани және саяси тұтастығын бекемдеу жолында аянбай еңбек етіп келесіз. Сіздің тікелей қолдауыңыздың арқасында Түркі мемлекеттері ұйымы қысқа уақыт ішінде ықпалды құрылымға айналды, – деді Президент.

Сондай-ақ ТҮРКСОЙ, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры және Түркі инвестициялық қоры секілді құрылымдардың жұмысы жанданғаны атап өтілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркия арасындағы тарихи және рухани байланыстың терең екеніне назар аударды.

– Біздің тегіміз де, дініміз де ортақ. Қазақ пен түрік халқының бауырластығы бүгінде стратегиялық серіктестікке ұласты. Сіз екі ел арасындағы достықты нығайтуға және ортақ құндылықтарды дәріптеуге өлшеусіз үлес қосып келесіз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сондай-ақ Түркістан қаласының түркі дүниесі үшін ерекше маңызға ие екенін айтты.

– Ұлы дала – түбі бір түркі халықтарының атажұрты, ал Түркістан – оның рухани астанасы. Сондықтан ертең өтетін Түркі мемлекеттері ұйымы бейресми саммитін киелі Түркістанда өткізуді жөн көрдік. Бұл кездесу бауырлас елдердің ынтымақтастығын одан әрі күшейтеді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.