Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ынтымағы жарасқан елдің ырысы мол

0 71

Жамбыл жері – сан түрлі этнос өкілдерінің ынтымағы мен татулығы жарасқан, қоғамдық келісімнің алтын бесігіне айналған өңірлердің бірі. Республика көлемінде этнос саны жағынан екінші орын алатын аймақта қоғамдық тұрақтылықты сақтау мен бірлікті нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл игілікті істің алдыңғы шебінде «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тұр. Аталған мекеменің жанында ғылыми-сараптамалық топ, Ақсақалдар және Аналар кеңесі, этномедиация орталығы, журналистер клубы, «Жомарт жан» орталығы, «Жас ғалым», «Қолөнер шеберлері», «Белсенді ұзақ өмір сүру» клубтары мен этнос жастарынан құралған «Достық» театры нәтижелі еңбек етуде.

АҚСАҚАЛДАР – АҚЫЛДЫҢ АЙНАСЫ

Бүгінде Ақсақалдар кеңесі қоғамдағы татулықты сақтау, жастарға ұлттық тәрбие беру, салт-дәстүрді дәріптеу бағытында белсенді жұмыс атқарып келеді. Кеңес мүшелері ауыл-аймақтағы дау-дамайды шешуге араласып, ел бірлігін нығайтуға өз үлестерін қосуда. Сондай-ақ өскелең ұрпаққа адалдық, адамгершілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді асыл қасиеттерді насихаттайды.
Осы ұстаным негізінде құрылған облыстық Ақсақалдар кеңесі қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуда маңызды институтқа айналды. Қазіргі таңда өңірде 43 кеңес жұмыс істейді. Оның құрамында 245 мүше бар. Кеңестер этнос өкілдері тығыз орналасқан 8 ауданның 32 елді мекенінде құрылған.
Ақсақалдар кеңесі мемлекеттік органдар мен халық арасындағы алтын көпір іспетті. Жастар тәрбиесі, рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, елдік пен патриотизмді насихаттау бағытындағы бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Кеңес төрағасы Асқарбек Сейілхановтың жетекшілігімен қолға алынған «Адал азамат», «Даналық көпірі», «КӘСІПday» жобаларының қоғам үшін маңызы зор. Әсіресе еңбек адамының мәртебесін көтеріп, жастарды кәсіпке баулуға бағытталған бастамалар өскелең ұрпаққа үлгі болуда.

АНА – ӘЛЕМ ШУАҒЫ

Аналар – қоғамның қозғаушы күші. Олар тек отбасы ұйытқысы болып, бала тәрбиесімен ғана шектелмей, елдің әлеуметтік, мәдени және рухани өміріне де белсене араласып келеді. Ана – ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегі ғана емес, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтаушы маңызды тұлға. Бүгінде аналар қоғамдық ұйымдардың жұмысына қатысып, қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, жастар тәрбиесіне бағытталған бастамаларға ұйытқы болуда.
Бүгінде «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жанындағы Аналар кеңесі де өңірдегі тәрбиелік мәні зор жобалардың ұйытқысына айналып отыр. 2013 жылы құрылған кеңес облыс көлеміндегі 38 аналар ұйымын біріктіреді. Оның құрамында 648 мүше бар.
Аналар кеңесі «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтарын дәріптейтін көптеген бастамаларды жүзеге асыруда. «Анаммен бірге кітап оқимын», «Ана көрген», «Анамның әні» секілді жобалар ұрпақ сабақтастығын нығайтса, «Балам, заңнан аттама», «Барыңды бағала» жобалары жастар арасында құқықтық мәдениет пен қоғамдық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған.
Әсіресе қазіргі қоғамдағы лудомания, буллинг, есірткіге тәуелділік, вандализм сынды келеңсіз құбылыстардың алдын алу мақсатындағы «Салауатты сана» жобасының маңызы айрықша.

ЖАСТАР – ЖАРҚЫН БОЛАШАҒЫМЫЗ

Жастар – елдің ертеңі ғана емес, бүгінгі қоғамның да қозғаушы күші, мемлекет дамуының берік тірегі. Олардың белсенділігі мен жаңашыл көзқарасы ел болашағының жарқын болуына жол ашады.
Бұл бағытта бұрын «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы ретінде танылған ұйым 2021 жылы жаңа форматта қайта құрылып, жұмысын жандандыра түсті. Құрамында жүзден астам белсенді жас бар бірлестік алты бағыт бойынша еңбек етуде.
Сонымен бірге «Ел мұрасы» тарихи-мәдени құндылықтарды сақтауға бағытталса, «Бірлік тілі» мемлекеттік тілді меңгеруді насихаттайды. Ал «Таза орта» экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосып келеді. Сонымен қатар «Social Assembly», «Қасиетті парыз», «Jastar media» жобалары жастарды әлеуметтік қолдау, әскери-патриоттық тәрбие беру және медиа сауаттылықты арттыруға арналған.
Бірлестіктің басты мақсаты – этнос жастарын қоғамдық-мәдени өмірге кеңінен тартып, олардың бойындағы білім мен күш-қуатты ел игілігіне жұмылдыру. Осы бағытта өңірдегі жоғары және арнаулы оқу орындарында «Студенттік ассамблеялар» құрылып, жастар арасындағы белсенділік арта түсті.

ТАТУЛЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН ТІЛШІЛЕР

Қазіргі ақпарат дәуірінде журналистика – қоғамның айнасы ғана емес, сонымен бірге қоғамдық пікір қалыптастыратын, ел ішіндегі бірлік пен тұрақтылықты нығайтатын аса маңызды рухани-әлеуметтік институт. Осындай маңызды міндеттер аясында этносаралық татулықты, қоғамдық келісімді насихаттау журналистиканың басты бағыттарының біріне айналып отыр. Әсіресе көпэтносты Қазақстан қоғамында ақпараттық кеңістіктің бейбітшілік пен тұрақтылықты дәріптеуі – ел дамуының стратегиялық факторларының бірі.
Осы тұрғыдан алғанда, мекеме жанындағы Журналистер клубы да этносаралық татулықты насихаттауда белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Құрамына 30-ға жуық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіретін клуб қоғамдық келісім саясатын ақпараттық тұрғыдан сүйемелдеудің тиімді алаңына айналған.
Клубтың бастамасымен облыстық телеарнада «Жомарт жүрек», «Бірлігіміз жарасқан!», «Достық дастарханы», «Таңғы тайм» секілді бағдарламалар тұрақты түрде эфирге шығып, ел бірлігі мен этномәдени құндылықтарды кеңінен насихаттап келеді. Әсіресе «Достық дастарханы» секілді жобаларда әртүрлі этнос өкілдерінің ортақ дастархан басында бас қосып, мәдени алмасу арқылы бір-бірін тереңірек тануы – татулықтың шынайы бейнесін айқындайды.

ҚОЛӨНЕР – ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ

Әр халықтың қолөнері – оның тарихын, тұрмысын, дүниетанымын айқындайтын рухани айна іспетті. Кілем тоқу, зергерлік бұйымдар жасау, ағаш ою немесе кесте тігу сияқты дәстүрлі өнер түрлері ұлттың болмысын танытып қана қоймай, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени кодты сақтап келеді. Осындай құндылықтар арқылы әр этностың өзіндік ерекшелігі айқындалып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын рухани сабақтастық қалыптасады.
Осы мақсатта 2014 жылы құрылған «Қоғамдық келісім» КММ Шеберлер клубы бүгінде өңірдегі түрлі этностардың 80-нен астам қолөнер шеберін біріктіріп отыр. Олар ұлттық өнерді жаңғыртып қана қоймай, мәдениеттер арасындағы рухани байланысты бекемдеуге атсалысуда.
Шеберлер клубының көрмелері мен шеберлік сағаттары жастардың ұлттық өнерге қызығушылығын арттырып, атадан балаға жалғасқан дәстүр сабақтастығын сақтауға мүмкіндік беруде.

МЕДИАЦИЯ – ТАТУЛЫҚТЫҢ ТЕТІГІ

Қоғамдағы тұрақтылықты сақтауда медиа- ция институтының рөлі ерекше. Осы мақсатта «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы медиаторлар кабинеті халыққа құқықтық және медиативтік көмек көрсетіп келеді. Бүгінде 35 медиатор 40 алаңда жұмыс жүргізіп, тұрғындар арасындағы даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешуге атсалысуда.
Сонымен қатар өңірде мемлекеттік тілді этносаралық қатынас тілі ретінде дамытуға бағытталған «Мәміле», «Ұлы даланың ұлтаралық тілі», «Мың бала» жобалары жүйелі түрде іске асырылуда.
Бүгінде Жамбыл облысында 41 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Оның 33-і өткен жылы қоғамдық аккредиттеуден өтіп, рес- публикалық реестрге енгізілді. Өңірдегі этномәдени ұйымдардың 30-дан астам шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп келеді. Вокалдық, би, аспаптық ансамбльдер мен театр ұжымдары ел ішіндегі достық пен мәдени үндестіктің айқын көрінісіне айналған.
Соның ішінде «Достық» жастар театрының орны ерекше. Құрамында 12 этнос өкілдері бар өнер ұжымы сахна арқылы татулық пен бірлік идеясын дәріптеп келеді. Ал «Zaman dance», «Infinity», «Вдохновение» би ансамбльдері мәдени шаралардың сәнін келтіріп жүр.
Түйіндеп айтқанда бірлігі бекем елдің болашағы да баянды. Мекеме тарапынан жүзеге асырып отырған ауқымды жобалар – қоғамдық келісім мен ел тұтастығын нығайтудың жарқын үлгісі. Сан түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату өмір сүріп жатқан өңірдегі бұл жұмыстар бейбітшілік пен тұрақтылықтың қадірін терең сезіндіреді деп сенеміз.

Салтанат ЖИЕНҚҰЛ,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз универиситеті
«Конвергентті журналистика»
мамандығының 2-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.