Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ислам – береке-бірлік негізі

0 376

Қазақ халқының мәдениетіне көз жүгіртсек, оның ішкі мәні Ислам дінінің құндылықтарымен қалыптасқан. Ол құндылықтар бізге ата-бабамыздан дәстүр сабақтастығы арқылы жеткен. Өз кезегінде осы үрдісті келешек ұрпаққа аманат ретінде жеткізу – біздің мұсылмандық парызымыз.

Ислам діні ешқашан басқа сенімдерге немесе қоғамның құндылықтары мен дәстүрлеріне қарсы шыққан емес. Қазақ халқы дінді мәдениетпен, халықтың философиясымен табиғи байланысы бар әмбебап ілім ретінде қабылдады. Сондықтан біздің әдет-ғұрпымыз әрдайым ізгілікке шақырады.
Мысалы, ақсақалдарымыз жастарға әрдайым ақ жол тілеп, батасын береді. Жастарымыз үлкеннің алдын кесіп өтпейді, құрметін көрсетеді, ешкімнің ала жібін аттамайды. Мұның бәрі дәстүрлі ислам құндылықтарымен тығыз үндеседі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу қажет екенін үнемі айтып келеді. Бұл туралы Президент: «…Жұрттың діни сауатын арттыру керек. Азаматтарымыз шынайы исламның құндылықтарын білуге тиіс. Сол құндылықтарды халық арасында түсіндіріп, дәріптеу қажет. Әсіресе, өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген жөн. Көзі ашық, көкірегі ояу, білімді, санасы сергек ұрпақ қана ұлтқа адал қызмет етеді», – деген еді.
Еліміздегі Ислам дінін насихаттауда көптеген методологиялық қайшылықтар болғандықтан, көпшілік арасында дінді түсіну қиынға соғуда. Ата-баба жолынан ауытқып, өз тарихы мен мәдениетін теріс етіп көрсету, әсіресе жастар арасында кең етек алып жатыр.
Жастардың деструктивті діни ағымдардың ықпалында болуының негізгі үш себебін айтуға болады. Біріншісі – жалпы қоғамда діни сауаттылықтың әлсіз болуы. Екіншісі – жат пиғылдылардың жағдайы төмен отбасыларды материалдық тұрғыдан қамтамасыз етеміз деген уәде арқылы өз қатарларына тартып жатқаны. Үшіншісі – шетелдік діни уағызшылардың, әсіресе интернет желісінде өз қызметтерін жоғары деңгейде жүргізуі.
Бұл діни ағымдардың астарында еліміздің тыныштығын бұзу, дінаралық алауыздық тудыру сияқты саясиланған мүдде жатқаны жасырын емес. Қазіргі кезде дін үйренудегі бір қиыншылық – діннің бұрмаланып жеткізілуінде. Ғылымда дәлелсіз ешбір қағида қабылданбайтынын ғалымдар жақсы білгенімен, бұл принципті дін саласында ұстана алмай келеді. Ал шындығында діннің ең күрделі, көлемді, қажетті ілім екені даусыз.
Әзірет Пайғамбар өзінің өсиетінде: «Алла Тағала адамдардан олардың білімін тартып алмайды, білім ғалымдардың дүние салуымен жоқ болып кетуі мүмкін. Надандықтың ой-пікірі қалады. Білімі жоқ бола тұра пәтуа береді, солайша өздері де адасады, біреулерді де адастырады».
Дәстүрлі ислам – халқымыздың ұлттық бірегейлігін танытатын басты құндылықтың бірі. Біз оны берік ұстану арқылы экстремизмге және кертартпалыққа қарсы тұра аламыз.
Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқанындай «Ел бастайтын жастар жай жатпауы керек. Ғылымға аш болуы керек». Егер қазіргі жастар ғылымға, білімге жақын болса, сонда біздің қоғамда даму болады. Қазақтың ұлт болып өркениетті ел қатарлы өмір сүруі үшін ең алдымен халықтың сана-сезімін оятатын жағдай тудыру керек, қазақтың ұлттық тілін, әдебиетін өрістету керек. Өнер-білім керек, онан да керегірегі – тәрбие. Қанша оқысақ та, тәрбиеміз кем болса, онда қасиетіміз аз болмақ.

Бахтияр АЛПЫСБАЕВ,
дінтанушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.