Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС-нің жұмысымен танысты.
Аталған қызметтің негізгі бағыты – жол жүруді есепке алу мен төлеудің автоматтандырылған жүйесін (АСУОП) және диспетчерлік қызмет көрсетуді ұйымдастыру, GPS-мониторинг, Тараз қаласының маршруттарында жедел байланысты жүзеге асыру.
Серіктестік өз қаражаты есебінен қаланың барлық бағытында спутниктік GPS-мониторинг және қоғамдық көлікті диспетчерлеу жүйесін енгізген. Ол спутниктік мониторингтің осы диспетчерлік жүйесіне қосылған барлық автотасымалдаушының автобустарының жұмысын толық бақылауды қамтамасыз етеді.
Шаһар басшысы өз сөзінде Орталық диспетчерлік қызмет автобус бағытын бақылап қана отырмауы керектігін қадап айтты.
– Қазір тұрғындар сұранысына орай қаладағы автобустарды жаңалау жұмыстары қарқынды жүруде. Алайда, қоғамдық көліктердің қызметіне деген шағым әлі де азаяр емес. Расында, автобустардың жұмысында көңіл толмайтын тұстары жетерлік. Бұл әсіресе, автобус жүргізушілері мен тасымалдаушы компаниялардың тікелей өзіне қатысты. Сондықтан Орталық диспетчерлік қызмет тек есеп берумен ғана айналыспай, әрбір арыз-шағым мен сыннан сабақ алып, тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізуі керек, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.