Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өмірі – өнеге, ісі – үлгі

0 42

Әрбір адам өз өмір жолында басқаларға, болмаса тіпті өз балаларына болса да, олар үлгі-өнеге алатын іс жасауы тиіс. Тек жүрген жолы, өсу-өркендеу барысы ғана емес, адам ретіндегі кемелдену кезеңдері, істеген әрекет-істері, бойындағы рухани құндылықтары да кейінгілер айтып жүретіндей болғаны жөн. Үлкен әулеттің иесі, мықты отбасының тірегі, қорғаушысы, ақыл-парасатымен облысқа танымал бола білген, адалдықты ту етіп, жомарттық пен ұлағаттылық, адамгершілік пен мейі- рімділік, даналық пен ұлылықтың үлгісін көрсете білген Мақұлбек Жапарбекұлын өзім үнемі басқаларға айтып, мақтан тұтып жүремін.

Ол 9 баланы өсіріп, тәрбиелеп, олардың өмірден өз орнын табуына ықпал етіп, әрқайсысының жағдайын жасап, қамқор әке, өнегелі отбасы болудың маңыздылығын көрсетіп келе жатқан азамат. Олардың жүрегінде имандылықтың лебі есуін, бір-біріне бауырмалдық танытуын, өмірге кірпіш болып қаланып, елімізге адал қызмет етер азамат болуын айтып, рухани құндылықтарды әрқайсысының бойына барынша үлкен еңбекпен сіңіріп келеді. Жауапкершілік, борыштылық, адамгершілік, шыншылдық деген қасиеттер – ол кісі үшін ұлы ұғымдар. Айта берсек, мұның өзі – үлкен тәрбие.
Сондықтан да ол адам өмірінің мазмұны, әрбір тұлғаның ең асылы, өмір сүрудің басты қағидаты саналатын отбасылық құндылықтарды өз ұрпағының бойына сіңіру үшін барын салып келеді. Кез келген ұлтжанды азамат үшін мұндай қасиетті ұстану, басқаларға өнеге қалдыру, жақсы адам болып қалу, кемелденуге ұмтылу, ұлттық келбетті сақтап қалу басты міндет екені белгілі. Бүгінгідей жаһандану заманында мұндай қасиеттерді көп адамнан кездестіре бермейсің.
Кез келген адамды тұлға деп айта алмаймыз. Себебі тұлға болып ешкім тумайды, қалыптасады. Ал Мақұлбек ағамызды осы тұлға дәрежесіне жеткен адам деп айта аламын. Ол тынымсыз еңбек етіп, сот саласында биік дәрежеге жетіп, құрметті ардагер атанды. Қара қылды қақ жарған әділ де мықты, абыройлы да шыншыл судья, төраға ретінде танылды. Дос-жарандары, туған-туыстары арасында әлі де билік айтушы, отбасылық дау-жанжал болған жағдайда әділ төрелік жасаушы азамат.
Бүгінде Талас аудандық мәслихатының депутаты ретінде өз туған жері, халқының мұң-мұқтажын көтеріп, жергілікті биліктен олардың мәселелерінің шешілуіне ұйытқы болып келеді. Туған ауылына мешіт және басқа да халыққа қажетті нысандар салып беруінің өзін үлкен іс деп айту керек. Жүрегі кең, жаны жұмсақ, мейірімді бұл азаматты адамдар «Атымтай Жомарт» деуі де бекер емес.
Бейнетті еңбегінің зейнетін көру үшін үйде отырмай, халықтың жағдайын жасап, жас ұрпаққа өнегелі жолды көрсетіп келе жатқан азаматты бүгінде бәрі таниды. Алдына келген адамның меселін қайтармай, қол ұшын созу – оның басты міндеті.
Отбасының ұйытқысы, үлкен әулеттің тірегі болып отырған Мақұлбек Жапарбекұлының кейінгі ұрпаққа әлі де берері мол. Жастар осындай адамнан тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алуға тырысуы қажет. Себебі бүгінгідей заманда мұндай азаматтар аз. Менің әпкем Айдынмен бірге отбасылық құндылықтарды қастерлеудегі бұл кісілердің келбетін өсіп келе жатқан жастарға үлгі-образ ретінде ұсыну қажет. Олардың іс-әрекеттері, салт-дәстүрді ұстануы, «намыс, ұят, тәрбие» деген ұғымдарды жоғары қоюы басқаларға сабақ болуға тиіс.

Құрметті Мақұлбек аға!
Сізді асқаралы 60 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Өзіңізді өмірден тоқығаны мол, кемел ойлы тұлға ретінде жақсы білеміз. Терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет және үлкен азаматтық қасиеттер Сізді қатардағы құқықтанушыдан белгілі де беделді заңгер, судья, төраға, депутат деңгейіне көтерді. Мемлекеттік жоғары басқару органдарында жауапты қызметтер атқара жүріп, тұрмыстық мұқтажы қат-қабат тіршілікте отбасыңызды да ұдайы назарыңызда ұстадыңыз. Көпбалалы әке, үлкен әулеттің тірегі атандыңыз.
Сіздің жүрегіңіз кең, жаныңыз жомарт, қамқор да талапшыл басшы, аяулы аға ретіндегі абзал қасиеттеріңіз тәнті етпей қоймайды, атыңызға затыңыз сай ұлағатты да өнегелі жансыз. Осындай еңбек пен тұрмыс тәрбиесі, жеке басыңыздың кіршіксіздігі – өзіңіз, отбасыңыз үшін ғана емес, өзіңізбен қанаттас жүрген жақындарыңыз, тілектес дос-жаран үшін де зор мақтаныш, абырой. Жас ұрпақ үшін нағыз өмір мектебі екені даусыз.
Сізге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыңызға баянды бақыт тілеймін. Асыл жарыңыздың, ұл-қыздарыңыздың, немере-шөберелеріңіздің қызығын молынан көріңіз, алып мәуелі бәйтеректей жапырақ жайып, өркендей беруіңізге тілектеспін!

Толқын Өмірбаева,
Дулати университетінің қауымдастырылған профессоры,
журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.