Қалалық қоғамдық-саяси газет

Салаға серпін берген құнды құжат

0 184

Жуырда ғылым саласының мамандары, жалпы ғылыми қауымдастық көптен күткен заң қабылданды. Бұл – «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң. Жаңа заң отандық ғылымдағы қандай мәселелерді шешеді, онда нендей жаңалық пен өзгеріс бар? Зерттеушілер үшін ұтымды тұсы қайсы?

Бизнес ғылымға бет бұра ма?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр сәуірде өткен Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Үкімет елімізде ғылымның ашық моделін қалыптастыру бағытында кешенді жұмысты жүзеге асыруы керек екенін айтқан еді.
«Ең алдымен, ғылымды дамытудың жаңа тәсілдерін заң жүзінде бекітіп, мемлекеттің ғылыми-технологиялық және экономикалық саясатының өзара байланысын күшейткен жөн. Ғылым мен технологиялық саясат туралы арнайы заң әзірлеудің қажеттілігі туындады. Бизнесті ғылымға қаржы құюға ынталандыру үшін салық жеңілдіктері мен инвестициялық преференцияларды «ауқымды шегерімдер» түрінде енгізу қажет. Салық, Кәсіпкерлік және Бюджет кодекстеріне нақты нормаларды биылдан қалдырмай енгізу керек», – деп Қ.Тоқаев тапсырма берген болатын.
Осылайша жаңа заң әзірленіп, оған Президент қол қойды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Телеграм» арнасында аталған заңның басты артықшылықтарына тоқталды. Оның айтуынша, бұл құжат ғылымды дамытуға, елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін ғылыми жетістіктердің нәтижелерін енгізу жөніндегі технологиялық саясатты іске асыруға, сондай-ақ ғылыми қызметтің стратегиялық, кәсіби және әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған.
«Біріншіден, мемлекеттің ғылыми-технологиялық және экономикалық саясатының өзара байланысы мақсатында идеядан сериялық өндіріске дейінгі ғылыми зерттеулерді іске асыруға ұсынылатын негізділік пен технологиялық дайындықты (TRL) бағалаудың жаңа тетігі енгізілді. TRL ғылыми-өндірістік цикл мен коммерцияландырудың барлық кезеңін қолдауға мүмкіндік береді. Екіншіден, Ғылым қорының технологияларды коммерцияландыру жөніндегі ұлттық агенттік ретіндегі мәртебесі кеңейтілді. Бұл ғылым және технологиялар саласындағы бағдарламалар бойынша бірыңғай көпір болып, инновациялық инфрақұрылымдарды қолдауды жүзеге асырады. Үшіншіден, Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығын құра отырып, ғылыми жетістіктерді, инновациялар мен жаңа технологиялар нарығын мониторингтеу мақсатында ғылыми-техникалық ақпаратты жинау, өңдеу және талдау бойынша жаңа тетік енгізілді. Төртіншіден, жас ғалымдар жеңілдікпен тұрғын үй сатып алуға құқылы. Бесіншіден, заң ғылымды басқару құрылымын жетілдіреді. Жергілікті атқарушы органдарға ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, гранттық қаржыландыру нысанында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі жұмысты үйлестіру бойынша құзыреттер беру ұсынылады», – деді министр С.Нұрбек.
Мемлекет басшысы айтқан салық шегерімдеріне келсек, жоғарыда жазғанымыздай, Президент әу баста осы заңды әзірлеуге тапсырма бергенде, ғылыми-технологиялық және экономикалық саясаттың өзара байланысын күшейту, бұл үшін бизнесті ғылымға қаржы құюға ынталандыру керегін нақтылаған еді. Жаңа заңда осы жағы қалай дерсіз? «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң қабылданған күні Президент сол құжаттағы ғылым мәселелерін заң жүзінде шешу үшін тағы бірқатар құжатқа қол қойды. Соның бірі – «Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы» Заң. Осы заң бойынша зерттеу университеттерінің жанынан ғылыми орталықтар ашу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындау үшін жұмсалған қаражаттың 100%-ы салық шегеріміне жатады. Ал жеке компанияларға тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған шығыстар бойынша салынатын салық сомасы 50%-ға төмендетілді. Осындай жеңілдіктерден соң, бизнес ғылымға бет бұра ма, мұны уақыт көрсетеді.

Жабдықтар жыры

Ғылыми метрика бойынша санаулы маманның бірі, профессор Болат Кеңесов бірқатар жақсы өзгеріске қарамастан, жаңа заңда зерттеулерге қажетті ірі жабдықтар мәселесінің қалай шешілетіні нақты көрсетілмегенін айтады.
«2011 жылғы «Ғылым туралы» Заң ұсынылған кезде әзірлеушілерден жабдықты сатып алуды қаржыландыру жөнінде ашық сұрадым, сонда бөлек бағдарламалар арқылы қамтамасыз етілетіні айтылды. Бірақ содан бері мен зерттеуге қажетті ірі жабдықтармен жабдықтау тұрғысынан нәтижелі өзгерістерді көрмедім. Ғылыми қаржыландырудың тиімділігі – қолданылатын жабдыққа тікелей тәуелді. Ғылымда көптеген қауіп бар, ал озық ғылыми зерттеулер жүргізу және әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті өнімдер мен технологияларды әзірлеу жұмысы тиісті құрал-жабдық жетіспеген жағдайда еңсерілмеуі мүмкін. Мұндай жабдықтардың көбі еліміздегі ғылыми емес зертханаларда бар екені, ал біздің ғалымдарға оны сатып алуға мүмкіндік берілмейтіні таңғалдырады. Заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі ретінде мен қаржыландырудың жаңа түрі етіп ғылыми инфрақұрылымды дамытуға гранттық қаржыландыруды қосу керегін айтып, баяндама жасадым. Сонымен қатар (көптеген дамыған елдерде жасалғандай) ұйымдарға гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру қаражатынан жабдықтар мен басқа да жалпы инфрақұрылымды сатып алу және қызмет көрсету үшін қаражат ұстауға мүмкіндік беруді сұрадым», – деді Б. Кеңесов.
Оның пікірінше, жабдықтардың жетіспеушілігі ғылыми кадрларды даярлау сапасына да теріс әсер етеді және болашағы бар жастардың ғылыми зертханалардың жабдықталу жағдайы әлдеқайда жақсырақ шетелдерге кетуіне итермелейді. Осы мәселеге «Су ресурстарын, жануар-лар мен өсімдіктер әлемін ұтымды пайдалану, экология» бағыты бойынша Ұлттық ғылыми кеңес төрағасының орынбасары, PhD Насиба Байматова да: «Бізге шетелдердегідей ірі құрылғылар арман ғана, тіпті жобаларға салынған ұсақ жабдықтар да қаржыландырудың кешігуіне байланысты, доллар, еуро бағамының күнделікті өсуінен қолжетімсіз. Гранттық қаржыландыру жобалары қаралып, шарттарға қол қойылғанша күз болады. Жабдықтар мен материалдардың бағасы өтінімдер берілген 2023 жылдың қарашасындағыдай, тіпті жобалар басталатын 2024 жылдың қаңтарындағыдай емес, өсіп кетті. Егер девальвация мен инфляция факторлары ескерілмесе, ғылымды қаржыландыру бірнеше есе өсті деп қалай ойлауға болады? Ғылымды қаржыландыру ғылыми зерттеулерді жүргізуге жабдықтар, реактивтер мен керек-жарақтарды қажет етпейтіндер үшін ғана өсті деген дұрысырақ», – деп өз тәжірибесінен ой қосты.
«Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңмен қатар қабылданған құжаттың тағы бірі – «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң. Осы заңға сүйенген Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов, керісінше, жаңа заңда ғылыми зерттеулер жасау үшін қажетті тауарларды, мысалы, реактивтер мен жұмсалатын материалдарды сатып алу үдерісі айтарлықтай жеңілдетілгенін жеткізді. Оның ойынша, қазір сатып алу үдерісі қатты бюрократияланған, енді олай болмайды.
«Зерттеулерге қажетті материалдарды алу үшін өтініш кафедра меңгерушісінен бастап декан, проректор және мемлекеттік сатып алушыға дейін көптеген инстанциядан өтуі керек, одан кейін тендер жарияланып, бұл айларға, тіпті жылдарға созылады. Ал ғылым үшін әрбір күн маңызды болғандықтан, мұндай қиындықтар зерттеуді толықтай мағынасыз етеді. Енді жаңа түзетулер ғалымдарды бюрократиялық кедергілерден босатады. Сатып алулар бұдан былай Мемлекеттік сатып алу заңымен емес, уәкілетті министрліктің бекіткен арнайы ережесімен реттеледі. Бірақ бұл мәселені шешкенде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің де алдын алу мәселесін қарауымыз керек. Сондықтан ашықтық пен цифрландыру арқылы бұл талап орындалады. Аталған өзгерістер тек қажетті материалдарды алуды жеделдетіп қана қоймай, цифрлық платформалар арқылы тәуекелдерді басқару мен бақылауды қамтамасыз етеді», – деді депутат. Қысқасы, қос тараптың қайсысынікі дұрыс екенін заң қолданысқа толық енгізілгеннен кейін көре алатын сияқтымыз.

Академия және ғалымдарды қолдау

Мақаламызға арқау болған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа Заң қайтадан құрылған Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының жұмысына жаңа серпін беретіндей. Академияға қарасты Жас ғалымдар кеңесінің омбудсмені, PhD Мүсілім Хасенов жаңа мәртебеге ие болған ұйымның заң аясындағы ірі міндеттеріне тоқталды.
«Заңда Ұлттық ғылым академиясының ерекше мәртебесі белгіленді, академия – қазір елдегі бірден-бір жоғары ғылыми ұйым. Академия өз қызметін ғылымның маңызды бағыттары бойынша жүргізілетін іргелі және (немесе) қолданбалы ғылыми зерттеулердің сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. Елдегі ең жоғары ғылыми ұйым заң бойынша алдымен әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына сәйкес ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің, сондай-ақ стратегиялық, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындау жөнінде ұсынымдар әзірлейді. Одан кейін Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңеске уәкілетті орган ұсынған ғылым мен технологияларды дамытудың стратегиялық басым бағыттарына талдау жүргізеді. Сонымен қатар бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру үшін жоғары ғылыми-техникалық комиссияға ұсынылған ғылыми-техникалық тапсырмаларға сараптама жүргізеді. Осыған қоса ғылым саласында атаулы сыйлықтар мен стипендиялар алуға конкурстар өткізеді, ғылыми журналдар шығарады, халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға, ғылымды насихаттауға қатысады», – деді М.Хасенов.
«Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа Заң ғалымдарды әлеуметтік қолдауға да айтарлықтай ықпал ете алатын секілді. Себебі заңның 28-бабында философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесі үшін 17, қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін 25, ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі үшін 17, ғылым докторы ғылыми дәрежесі үшін 34, ғылым докторы ғылыми дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін 42, профессор ғылыми атағы үшін 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қосымша үстемеақы төленетіні жазылған. Ал 29-бабында мемлекеттік, мемлекеттік ұйымдарға теңестірілген ғылыми ұйымдардың ғылым докторларына ұзақтығы күнтізбелік 56 күн, ғылым кандидаттарына, философия докторларына (PhD), бейіні бойынша докторларға күнтізбелік 42 күн, өзге ғылыми қызметкерлерге күнтізбелік 35 күн ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы берілетіні көрсетілген. Сонымен қатар 26-баптың 5-тармағында заң жобасын талқылау кезінде көп көтерілген шығармашылық демалыс мәселесі туралы: «Уәкілетті орган айқындайтын халықаралық рецензияланатын баспаларда (журналдарда) ғылыми еңбектерді дайындау мен жариялауды қоса алғанда, ғылыми және ғылыми-педагогикалық сипаттағы жұмыстарды аяқтау мақсатында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, ғылыми ұйымдарда жұмыс істейтін жетекші ғалымдардың осы ұйымда кемінде 5 жылды құрайтын үздіксіз ғылыми-педагогикалық жұмыс өтілі болған кезде ұйымның өз қаражаты есебінен орташа жалақысы сақтала отырып, бір жылға дейінгі мерзімге шығармашылық демалыс алуға құқығы бар. Шығармашылық демалыс 10 жылда бір реттен көп берілмейді. Шығармашылық демалыс аяқталғаннан кейін жетекші ғалым осы ұйымда үш жыл жұмыспен өтеуге міндетті», – делінген.

Айдана Шотбайқызы,
журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.