Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Аңыз адам

0 571

Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың: «Ел үшін туған ерлердің алды-арты дария кең болар», – деген асыл сөзі Дінмұхамед Қонаевқа арналғандай.

«Биікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым. Қайтып ашар есігімді қатты жаппадым. Түптің түбінде оралар ортам – ел іші, ағайын ортасы. Басар жерім де, барар жерім де – қара жер. Қастерлей білсем, қадірімнің кетпесін білдім. Панаң да ел, данаң да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім. Мен тәңірі сыйға тартқан біраз жасқа келдім. Ат жалын тартып мінген азамат шақтан алдыма қойған бар арман, бар мақсат – өзіңмен ентелес болу еді, халқым. Ол ниет орындалды. Қалтқысыз қызмет етуге, аманатыңа адал болуға, адам баласына қиянат жасамауға, ала жіптен аттамауға тырыстым. Соңғы демім таусылғанша алақаны аялы, жаны саялы елім, саған, алтын бесігім – жерім, саған қызмет етуден танбаймын», – деген Дінмұхамед Ахметұлы – «бар байлығым, бар бақытым – халқым» деп ғұмыр кешкен қайраткер.
Халқы үшін қажымай, елі үшін ерінбей еңбек етудің үлгісі болған Д.Қонаев – еліміздегі аса маңызды оқиғалардың куәсі. Елу жылдан астам ел басшылығында жүріп, талай ерлікке толы елеулі істе қолының табы қалған. Қазақта «Көктем гүлдің бағын ашады, көсем елдің бағын ашады» деген дана сөз бар. Дінмұхамед Ахметұлы – қазақтың бағына туған тұлға, әділеттілік, адамгершілік, адамсүйгіштік қасиеттерден айнымаған қайраткер.
Ғасырда емес, ғасырларда бір туатын, ел құрметіне бөленген адамдар болады. Дінмұхамед Қонаев – сондай адам. Халқына сыйлы, заманының дара туған перзенті.
Дінмұхамед Қонаев мемлекет және халық алдында сіңірген зор еңбегі үшін үш мәрте (1972, 1976, 1982 ж.) Социалистік Еңбек Ері деген жоғарғы атаққа ие болды, 8 рет «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» және «Октябрь революциясы» ордендерімен, көптеген медальмен, шетелдердің бірқатар ресми сыйлықтарымен марапатталды. Дінмұхамед Ахметұлы өз еңбегінің арқасында, ұлтының мәртебесін көтергені үшін, еліне әділдігі, адалдығы, тазалығы, жанашыр қайраткерлігі үшін халық жүрегінен өз орнын алған.
«Қиындықсыз іс болмайды. Мен – соңғы 50 жыл ішінде республикада болған орасан зор өзгерістердің куәсі ғана емес, оған тікелей белсене араласқан адамның бірімін. Бұның өзі Қазақстанның қалыптасуынан бастап, өсіп-өркендеуіне дейінгі өмірін, оның өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығының, мәдениеті мен ғылымының даму жолын түгел саралап, бағалауға мүмкіндік береді. Бірақ бұл – ұлан-асыр тарих. Халықтың маңдай терімен жасалған игілік», – деген Дінмұхамед Ахметұлының даналық дариясы – жастарға өнеге. Халықтың бағына туған, Қазақстанның қай түкпіріне барсаң да, тілдессең де, Дінмұхамед Ахметұлы – ұлылығы биіктей беретін аңыз адам. Уақыт өткен сайын оның еліне қалдырған еңбегі даралана, айрықша бағалана бермек.

Гауһар ҚЫРҚЫМБАЕВА,
Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі
«Д.А.Қонаев орталығының» экскурсоводы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.