Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлыларды ұлықтаған оқу ордасы

0 218

Бүгінде әрбір ата-ана балаларының біліміне барынша көңіл бөліп, жан-жақты болуына жағдай жасауға тырысатыны белгілі. Сондықтан перзенттерінің жайлы оқу ордасында сапалы тәлім, саналы тәрбие алғанын қалайды.

Әрине, мемлекет тарапынан бұған көрсетіліп отырған қолдау аз емес. Сондай-ақ ел ертеңін ойлаған жеке кәсіпкерлердің де қосқан үлесі қомақты. Соның айғағы – күні кеше көне шаһар төрінде Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында жеке кәсіпкер, «Әбілмансұр» жеке кәсіпкерлігінің директоры Әбілсейіт Тілепбергенов балалардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін Бөлтірік шешен Әлменұлы атындағы оқу орталығын ашты.
Аталған білім орталығына жауапты маман Қанат Тілепбергеннің айтуы бойынша, мұнда келген оқушылар түрлі бағытта шығармашылық қабілеттерін дамыта алады екен.
– Орталықта сабақ екі ауысымда жүреді. Соған орай, жалпы саны 200 бала топтасқан 20 топқа білікті 20 мұғалім сабақ береді. Осы орайда кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін сезініп, ұсынған бизнес жобасын қолдаған «ForteBank» АҚ Тараз қалалық филиалына және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалына айрықша алғыс айтамын. Аталмыш білім ошағының басқа мектептерден айырмашылығы – әр кабинет халқымызға танымал тұлғалардың есімімен аталуы. Оның ішінде елімізге белгілі жамбылдық жампоздар да бар.

– Атап айтсақ, халық ақыны Кенен Әзірбаев, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы, жүйрік жазушылар – Шерхан Мұртаза, Несіпбек Дәутайұлы, Әкім Тарази, публицист Арғынбай Бекбосын, арқалы ақындар – Бауыржан Үсен, Артығали Ыбырай секілді 23 қаламгердің есімі берілген. Сонымен бірге кабинеттердің есігіндегі әр тұлғаның есімі жазылған тұсқа QR-код орнатылған. Яғни кез келген адам қолындағы смартфонын QR-кодпен байланыстыру арқылы сол тұлғаның өмір жолымен тереңірек таныса алады. Бұл өз кезегінде өскелең ұрпаққа ұлыларымызды ұлықтауға мол мүмкіндік береді, – дейді Қанат Әбілсейітұлы.
Бұдан кейін салтанатты шарада сөз алған Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов ақжарма тілегін арнады.
– Бизнес деген – тәуекелі мол шаруа. Сол кәсіпкерліктің бүгінгі күні жас ұрпақтың болашағына бет бұрғаны қуантады. Осы ретте баршаңызды жаңа білім ордасының есігін айқара ашуымен шын жүректен құттықтаймын! Осы орталықтан қосымша білім алған бүлдіршіндеріміз ертең елдің жүгін көтеретін үлкен азамат болады деп сенемін, – деп ағынан жарылды Ж.Миллионов.
Сонымен қатар шараға арнайы қатысқан белгілі жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы мен банк, кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері, ата-аналар да жылы лебіздерін білдіріп, жаңа орталықтың жұмысына табыс тіледі.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.