Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тоққа түспей, тоқтам болмай ма?

0 202

«Арай-2» алқабының тұрғындары «электр сымдары дұрыс орнатылмағандықтан, жандарын шүберекке түйіп отырмыз» деп редакцияға хат жазыпты. Мән-жайды білу үшін алқапқа барып, халықтың арыз-шағымын тыңдап қайтқан болатынбыз.

Арайлым Шабденова

Аталмыш алқаптағы Шота Руставели көшесінің бойына келгенімізде, алдымыздан алқап тұрғыны, зейнеткер Бейбіт Байсариев шықты. Мұнда көшіп келгендеріне үш жылдан асқан тұрғын отбасы мүшелері үшін, оның ішінде ойын балаларына алаңдайтынын жеткізді.
– Біздің көшенің бойында орналастырылған электр бағандары, біріншіден, стандартқа сай емес, екіншіден, тоқ жүретін кабельдер жер-жерде ілініп тұр. Көрші тұрған көшелерден тартылып алынған электр сымдары үшін тұрғындар арасында жиі дау-дамай туындайды. Электр энергиясын пайдалануда өрескел заң бұзушылыққа да жол берілуде. Жоғары басшылық мұны білмейді емес, біледі. Өйткені біз ай сайын «Жамбыл жарық сауда-2030» ЖШС-іне төлем жасаймыз. Бірнеше ай бұрын көшенің басындағы бағанды көлік қағып, көше жарықсыз қалды. Оның үстіне үзілген сымдар әр жерде шашылып жатты. Беті аулақ, бірақ бір күн болмаса, бір күні мамандардың салғырттығынан сол сымдарға балалар түсіп кетсе, оған кім жауап береді? Біз техника мен технологияның дамыған уақытында өмір сүріп жатырмыз дейміз. Бірақ сол заманауи әдістер біздің алқапқа жетпей қалған ба дейсің, – дейді зейнеткер.
Шыны керек, ешбір қауіпсіздік ережелері сақталмағанын аталмыш көшеге барған жан бірден байқайды. Толық көз жеткізу үшін Шота Руставели көшесіндегі бірқатар үйлерді аралап та көрдік. Бір үйдің кабелі бір үйдің сыртқы дарбазасына дейін салбырап тұр. Енді бірінікі тіпті жерде жатыр. Ал ол кабельдердің барлығы жоғары вольтты электр сымдары екенін ескерсек, оқыс жағдайды елестетудің өзі қорқынышты. Тұрғындар табиғат тосын мінез көрсетсе жарықсыз қаламыз дейді. «Руставели, Атабаев, Баянов көшелерінде түнгі жарық болмағандықтан, №№8, 9 мөлтек ауданы мен №3 лицейден қатынайтын оқушылар тас қараңғыда жүруге мәжбүр. Ал қыс айларында бұл көшелер мүлдем қорқынышты. 2017 жылы мамандар келіп, тұрғындарға осы көшелерге электр бағандарын орнату бойынша арнайы сметалық құжат дайындаймыз деген еді. Одан бері 2 жыл өтті. Не маман жоқ, не баған жоқ», – дейді Ш.Руставели көшесі, №104 үйдің тұрғыны.
Аталмыш алқап тұрғындары бұл мәселе бойынша энергетика басқармасы басшысының қоғамдық қабылдауында бірнеше рет болғандықтарын да айтады. Бірақ ешбір жауап жоқ, «жабулы қазан жабулы күйінде қалды» дейді. Бұл орайда, көшедегі тұрғындардан ай сайын тұтынылған электр энергиясына ақша алып отырған «Жамбыл жарық сауда-2030» ЖШС мен энергетика басқармасы қайда қарап отыр? Ертең апатты жағдай орын алса, оны қай мекеме өз мойнына алады? Жоқ әлде электр желілерін талапқа сай орнату үшін ел назары ауатын оқыс оқиға болу керек пе? Санада сайраған сауалдардың жауабын сала мамандары береді деп үміттенеміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.